Ұлағатымен үлгі ұстаздар
Адамзаттың алыбы атанған ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осыдан бір жыл бұрын Нұр–Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысымен былтырғы қыркүйек айының 1-і күні ашылған Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында қандай жаңалықтар бар деген оймен бүгінгі тыныс-тіршілігін білген болатынбыз.
Оқырмандардың есіне салсақ, жаңа білім шаңырағының ашылу құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімнің аясында «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлия Назарбаева 3D–модельдерді зерттеуге арналған виртуалды – ғылыми секциясын сыйға тартып, «Жасыл технологиялар» зертханасы жұмысын бастаған еді. Бұл виртуалды кеңістіктің мүмкіндігін қолдану барысында инновациялық технологиялар арқылы кез-келген дене мүшесін үлкейтіп, қажет формада көрсету арқылы қызықты виртуалды саяхат жасауға болады.
Еліміздегі карантиндік сақтық шараларына сәйкес қолданысқа енгізілген қашықтан оқыту кезінде түрлі зертханалық ізденіс жүргізген оқушылардың түрлі пән сабақтарына қызығушылықтары барынша арта түскендігі байқалғанын білдік. Сонымен қатар экологияның тиімді жағын көріп үйрену мақсатында гидропоника зертханасында тәжірибе кезінде түсірілген өсімдіктердің ертіндіде өсіп-өнгендігін көрсететін бейне материалдарды тиімді пайдаланып, сабақтарды жүйелі түрде ұйымдастыруға жақсы жағдайлар жасалған.
COVID-19 коронавирустық жұқпалы инфекцияның республика аумағында таралуына жол бермеу мақсатындағы қашықтан оқыту кезінде білікті ұстаздар виртуалды – ғылыми зертхана мен гидропоника зертханасының техникалық әлеуетін толық іске асыру шеңберінде жаңашылдықпен ілгері дамытқаны құпталық қадам. Әрбір мүмкіндікті пайдаланып, оқушыларға заманауи білім беру – бүгінгі педагогтердің басты міндеті. Сондықтан қандай жағдай болмасын майталман мұғалімдер талапты шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие дарытуға дайын екендерін жан-жақты дәлелдеп, ұлағаттылығымен үлгі болуда.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...