Қызылорда облысы: Қашықтан оқытуға дайындық қарқынды
Жаңа оқу жылы қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымовамен кездесіп, көкейдегі сауалдарымызды қойған едік, – деп жазады Қызылорда облыстық “СЫР БОЙЫ” газетінің сайты. Ақзира Бақтыбайқызы, биылғы оқу жылының басында балалардың қашықтан оқыту жағдайында білім алатыны белгілі болып отыр. Оқыту мәселесі төңірегінде айтып өтсеңіз… Жалпы биыл қанша оқушы мектепке барады?
– Министрліктің шешіміне сәйкес, жаңа оқу жылында шағын жинақты мектептерді қоспағанда, барлық балалар қашықтан оқу форматында білім алады. Ал, ата-аналарының өтініші негізінде 1-4 сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» ашылады. Бұл сыныптардағы сабақтар қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Әрбір топта 15 оқушыдан артық оқытылмайды. Өңірде 293 мемлекеттік және алты жеке мектеп жұмыс жасайды. Биыл осы мектептерде 168 477 оқушы білім алады деп күтілуде. Ал аудан орталығынан шалғай орналасқан және шағын жинақталған 50 мектепте 4 986 бала барлық санитарлық талаптарға сай дәстүрлі оқытылатын болады. Бұл жұмыстардың бәрі өңірдегі эпидахуалдың көрсеткішіне қарай ұйымдастырылады.
Бүгінгі күні аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, облыстағы білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорларымен бірнеше рет ZOOM платформасы арқылы жиналыстар өткізіліп, шұғыл әрі қажетті мәселелерді шешуге барынша мән беріліп отыр. Әрбір мектеп басшысына бірінші кезекте балалардың қашықтан оқуға дайындығын нақтылап, компьютермен қамтамасыз ету мәселелері тапсырылды.
Қашықтан оқытылатын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қандай көмектер қарастырылып отыр? – Әрбір бала оқытудан тыс қалмайды. Әлбетте, оның ішінде көпбалалы және арнайы санаттағы отбасылардың балаларына жете мән беріледі. Осы орайда қашықтан оқытуды ұйымдастыруда оқушылардың электронды құрылғылармен, интернетпен қамтылуы
бағытында анализ жүргізілді. Оқушылардың қажеттілігіне қарай компьютер, планшеттер берілетін болады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар, көпбалалы отбасының балаларына табыстаймыз. Бұл ретте басқарма тарапы мектеп балансындағы компьютерлерді уақытша береді. Сонымен бірге, демеушілер есебінен планшеттер алып беру жұмыстарыжүргізілуде. Маусым айында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 балаға планшет берілді. Ал, тамыз айында үйден білім алатын 357 балаға, интернаттық мекемелерде білім алатын ерекше қолдауды қажет ететін 100 балаға ноутбук және планшет беру жоспарда бар.
Өзіңізге белгілі, қашықтан оқыту барысында педагогтарға да техникалық құралдар қажет. Өңірде 20 259 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде компьютері жоқ мұғалімдер саны анықталуда. Бұл орайда облыстық білім саласы кәсіподағының демеушілігімен 300 мұғалімге электронды құрылғылар беру жоспарымызда бар. Сонымен қатар, қашықтан оқыту ісін нәтижелі іске асыру үшін аймақтағы 18 мың педагог 17-22 тамыз аралығында арнайы онлайн курстан өтеді.
Ақзира Бақтыбайқызы, қашықтан оқу форматы болса да оқушыларға оқулық жеткілікті болуы керек. Бұл мәселе бойынша қиындықтар жоқ па? – Әрине, оқушылар қандай форматта білім алса да оқулық арқылы білімді меңгереді. Сол себепті оқушыларға қажетті кітаптар толық жеткізіліп беріледі. Қазіргі таңда мектеп оқулықтарын алу үшін 1,2 млрд теңге қарастырылған. 11 сынып оқулықтарына 395,7 млн теңге, 5-6 сынып информатика оқулықтарына 50,7 млн теңге, айрықша білімді талап ететін бағдарламамен оқытылатын оқушыларға 16 млн теңге қаралып отыр. Оқулықтарды сатып алу үшін 771 мың данаға 14 баспамен 115 келісім-шартқа қол қойылды. Қазір оқулықтардың 20 пайызы жеткізілді. Бүгінгі уақыттың талабы мен тәртібіне сай білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында мектеп кітапханаларында оқулықтарды таратудың арнайы графигі жасалады. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, әр сыныпқа оқулықтардың берілу күні мен уақыты, арнайы орны белгіленді.
Биыл 1-ші сыныпқа қанша оқушы барады? Олар биылдан бастап «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды ғой… – Карантин талаптарын сақтау үшін ата-аналар балаларын 1 сыныпқа қабылдауда 2 түрлі жолмен құжат өткізе алды. Қағаз түріндегі құжаттарды мектепке тапсырады. Ал, онлайн жүзінде «egov.kz» порталы арқылы реттеледі. Біздің есебіміз бойынша биыл 1-ші сыныпқа 19 мыңға жуық бала барады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 18 мыңнан аса баланың құжаты қабылданып қойды. Айта кетейін, биыл балалардың денсаулығы жөніндегі медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейді. Әрине, өзіңіз білесіз, министр Асхат Қанатұлы Аймағамбетов келесі оқу жылынан бастап 1 сыныптың балалары үшін «Әліппе» және «Ана тілі» пәндері оқытылатын болады деп атап өтті. Сондықтан ендігі оқу жылында балалар осы оқулықтармен оқиды.
Биылғы жылы жаңадан пайдалануға берілген, күрделі жөндеуден өткен мектептер жөнінде айтып өтсеңіз… – «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында мектептерде қарқынды құрылыс жұмыстары қолға алынған. Дәлірек айтқанда, облыста 28 ғимаратқа күрделі жөндеу, 23 білім нысанына ағымдағы жөндеу жүргізілсе, 4 мектеп ғимараты қайта жаңғыртудан өтуде. Әрбір ауданда бұл жұмыстар мердігер компаниялармен бірге іске асырылып жатыр. Жаңа оқу жылына дейін мектеп құрылыстары толыққанды аяқталуы керек. Жұмыстың сапалы орындалуы басқарма тарапынан тұрақты бақылауда. Жұмыс кестеме сәйкес аудандарды аралауды бастадым. Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мектеп құрылыстарын көріп, директорларға тиісті тапсырма берілді. Енді Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында мектеп құрылыстарының барысын бақылайтын боламын. Негізінде биыл жоғарыда аталған бағдарламаның аясында бірқатар мектептердің шатыры жөнделіп, есік-терезелері жаңартылып, мектеп ғимараттары біршама қалыпқа келтірілді. Әрине, бұл – білім саласы үшін ауқымды жұмыстың бірі деуге болады.
– Жаңа оқу жылы сәтті болсын!