Үшінші мегаполисте он үш мектептің қабырғасы қалануда
Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметінің ресми ақпаратына сүйенсек жаңа оқу жылын 745 білім беру мекемелерімен 320 мыңға жуық білім алушылармен бастағалы отыр. Қазіргі кезде 13 мектептің қабырғасы қалануда екен. Алтың мың орындық бес жаңа мектеп және 3 қосымша құрылыс биыл пайдалануға берілетіндігін білдік.
– Нәтижесінде шаһардағы апатты білім ордаларының саны екіден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан он төртке азаяды. Биыл білім беру ұйымдары санатындағы он бес мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 17 мектепке спорт алаңдары мен 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылды. Сынып парталары 18 000-ға жаңарып, соңғы үлгідегі бейне бақылау камералары мен отыз мектепке турникеттер орнату жоспарда тұр. Білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын жиырма бес мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалдануда, – дейді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева.
Жанат Арысбекқызының мәлімдеуінше үшінші мегаполистегі білім ұйымдарының бірінші сыныбына жоспарланған 24 169 оқушының он бес мыңға жуығының құжаттары электронды форматта қабылданыпты. Жаңа оқу жылында 11-сынып шәкірттерін қажетті оқулықтармен толық жүз пайыз және қалған сынып оқушыларын қосымша кітаптармен қамтамасыз ету үшін баспалармен нақты келісім шарт жасалып, оқулықтарды тасымалдау жұмыстары басталған. Аяқтау мерзімі ретінде тамыз айының жиырма бесі белгіленіпті.
А.Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты және кластер санатындағы 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру негізінде ашылатындығы айрықша атап айтылды. Қалалық білім басқармасына қарасты білім ұйымдарындағы жалпы компьютер саны 20 405 екендігі белгілі болды. Өткен шілде айында 10 975 дана компьютер сатып алынса, қосымша қажеттілікке байланысты жергілікті бюджет есебінен қыркүйектің біріне дейін тағы бес мыңға жуық данасын жеткізу жоспарланған.
Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес жергілікті әкімшіліктің қолдауымен жаһандық желінің жылдамдығын ұлғайту жұмыстары жүйелі жүргізілуде екен. Қашықтан оқыған жағдайда интернетке мұқтаж оқушыларға мемлекет бюджеті есебінен «Қазақтелеком» ақционерлік қоғамының қалалық филиалы арқылы арнайы тарифтегі әмбебап-нөмірлерді бердің мүмкіндіктері де қарастырылуда. Және топтық конференция трансляциясын арнайы сервер орнату арқылы ұйымдастыру көзделген.
Жуырда шаһар басшылығы карантиндік шаралардың ұзартылуына байланысты жергілікті бюджетті оңтайландыру нәтижесінде 11,2 миллиард теңге үнемделгенін жариялаған болатын. Осы қазына қаржысының біраз бөлігі, яғни 989,8 миллион теңге білім саласындағы мектептер мен мектеп-интернаттарды материалдық-техникалық жаңғыртуға жұмсау жөнінде қабылданған шешімді қалалық мәслихаттағы халық қалаулылары бірауыздан мақұлдағаны елдің есінде.
Загрузка...