Әдістемелік жұмыс: Тың көзқарас – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Елімізде білім саласына, педагогтердің мәртебесіне ерекше назар аударылып, үлкен қамқорлық көрсетіліп, соның арқасында біршама маңызды мәселелер шешілді. Сонымен қатар мұғалімнің мәртебесі, оның білім беру қызметі, сәйкесінше кәсіби-педагогикалық құзырлылығына талап та өзгеруде. Білім беру сапасына талаптың күшеюіне байланысты білім беру мазмұны ғана емес, адами қатынастар, бүгінгі уақыттың жаһандану процесін ұғынған, рухани бай, бәсекеге қабілетті оқушы даярлайтын жаңашылдықты жақсы түсінетін, өзгеріске бейім, әр баланың ерекшеліктерін ескеретін, көшбасшы, зерттеуші, шешім қабылдай білетін мұғалімдердің ролі зор.

Осының бәрін тәжірибеге енгізу үшін әр педагогтің қажеттілігін ескеріп, әдістемелік көмекті ұйымдастыратын әдістемелік кабинеттің  жұмысын да жетілдіру қажеттілігі туындайды. Әдістемелік кабинеттің ендігі қадамы мұғалімдерді дайын өніммен жұмыс жасауға емес, ойлануға үйрету болуы тиіс. Ол үшін, ең алдымен, әдістемелік жұмысты жүзеге асырып жүрген әдіскерлердің өзі ойланып үйренуі және педагогтердің ойлануына ықпал етіп, өздерінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы, өзінің кәсіби дамуына, өзіндік сана-сезімге, рефлексияға қабілеттілігін дамытуға бағыттауды қолға алуы қажет.  Сонымен қатар қазіргі таңда әлемде болып жатқан пандемияға байланысты педагогтермен тікелей  қарым-қатынас тежелуде және жұмысымызды түбегейлі өзгерту уақыт талабы. Ал біз осы проблемалармен бетпе-бет келгенде педагогтердің үздіксіз дамуын қамтамасыз ету үшін қандай әдістемелік қолдау стратегияларын (тәсілдері мен амалдарын) таңдап, жүзеге асырудамыз?

Біздің барлық жоспар, ұмтылыстарымыздың шешілуінің негізін құрайтын ең маңызды мәселе – ол мұғалімнің кәсіби шеберлігі. Басты міндет – педагогтердің не жасап жатқанын, оны не үшін жасап жатқанын, өзгерістерге көзқарасын, бойында қандай құндылықтар бар екенін, сондай-ақ олардың эмоционалдық, кәсібилік, рухани және физикалық қажеттіліктерін ажырата білу. Алдымызға қойған мақсат пен міндеттерді орындау үшін, алдымен, педагогикалық зерттеу жүргізу арқылы қиындықтарды анықтап, идеяларымызды ортаға сала отырып, дұрыс шешім қабылдап, нәтижеге жеткізетін жобалар дайындап отырамыз. Кез келген жоба қиындықтан және қанағаттанбаушылықтан басталады. Алайда, қиыншылық – өнімді жақсартуға немесе жаңасын жасауға  себеп болады. Алғашында идея айтуға, таңдауға қиналатынбыз.

Дегенмен ашықтық принципін ұстана отырып, ең қарапайым идеяларға дейін ортаға салып, талқылап, ой мен эмоцияны біріктіру нәтижесінде  өте қызықты идеялар туындап, оны жүзеге асыру үшін жұмысқа деген құлшынысымыз артты. Қазіргі таңда ауданымыздың педагогтерінің көңілінен шығып жүрген, нәтижелі, өміршең «Әдістемелік десант», «Әдістемелік консалтинг», жас мамандарға арналған «Өсу векторы» дамыту және оқыту мектебі», «Ментор-бинар», «Free talking»,  «Healthy life», «Шексіз мүмкіндік», «WatchX» жобаларды дұрыс таңдалған идеялардың жемісі ретінде айрықша атап айта аламыз. Осы жобалардың нәтижесінде соңғы үш жылда педагогтеріміз  облыстық, республикалық деңгейдегі әр түрлі сайыстарда бірнеше бас жүлдеге  және жүлделі орындарға ие болды.

Осыдан төрт жыл бұрын қолға алынып, уақыт ұзаған соң жақсы нәтиже берген ең алғашқы жобаларымыздың бірі «Әдістемелік десант» қызметінің жаңа нұсқасына тоқталғанымыз жөн. Бұл жоба әр мектептің базасында, олардың ерекшіліктерін ескеру арқылы тұтас ұжымды толық қамтығандықтан барлық педагогтерге ерекше әсер етті. Екі кезеңде ұйымдастырылған десант жұмысының бірінші бөлігінде пән мұғалімдеріне жаңа форматтағы ашық сабақтар арқылы педагогика саласындағы жаңаша өзгерістерді түсініп, тәжірибеге енгізуіне көмектестік. Келесі сатысында сол ұжымның алдыңғы кезеңнен алған тәжірибелерін пән сабақтарында қолдануын бақылап, әріптестерімізге көмектесу кезінде көп нәрсені үйрену арқылы біліктілігімізді ілгері жетілдіре түстік. Белгілі философ Луций Сенека «Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз үйренеміз» дегенді тегін айтпаған екен. Қорыта айтқанда, бұл үдеріс екі жақ үшін де пайдалы болды. 

«Әдістемелік десант» жұмысын ұйымдастыру арқылы пән мұғалімдеріне толық өзгеріс әкелдік деу, әрине, артық айтқандық болар. Десек те,  мұғалімдерге ой тастап, олардың тәжірибесіне тың өзгеріс әкелуге ықпал еткеніміз біз үшін үлкен жеңіс. Осы тәжірибе кезінде әр жұмыстың соңында өзімізге есеп беріп,  жасалған жұмыстың жетістіктерімен қатар жіберілген қателіктерін бағамдауға мүмкіндік болды. Және жұмыстарымызға сыни көзқараспен қарап, түзету жолдарын іздестірдік. Сонымен қатар біз бағытта мұғалімдердің кері байланыстарына да ерекше мән береміз. Әріптестердің алдағы уақытта әдіскерлер де сабақ беруін сұраған ұсыныстары бізге ой салып, жоспарымызға өзгеріс енгізуге түрткі болды. Бұған дейінгі десант жұмысы барысында ауданымыздың тәжірибелі мұғалімдері сабақ берсе, енді біз өзіміз, яғни әдіскерлер, мектептерге барып, ашық сабақтар беріп жүрміз. Шынымен де бұл үлкен жетістік. Себебі үдерісті тәжірибе жүзінде  өн бойымыздан өткізу арқылы мұғалімдердің сабақ беру кезіндегі қиындықтарын сезініп, оларды бірлесе отырып  шешуге бет бұрдық.

Бұл өз кезегінде әдіскер мен мұғалім арасындағы сенімділіктің орнауына, әдіскердің мұғалім алдындағы беделінің артуына септігін тигізді. Бүгінде біздің әдістемелік кабинет құрамы жас әдіскерлермен толығып отырғанымен, жалпы құрамында тұрақтылық сақталуда. Осы жерде әдіскерлердің өз мамандығына деген қызығушылығы, шеберлігі, кәсібилігі қалай қалыптасады деген сұрақ туындайды. Сұраққа жауап беру үшін, алдымен,  әдіскер мамандығына тоқталып кетсек: бұл еңбек нысаны бірегей, кез келген жұмыс жағдаяты қайталанбайтын, белгілі іс-әрекет алгоритмі жоқ, бірақ күнделікті «қазір және тап осы жерде» шешім қабылдауды қажет ететін кәсіби әрекеттегі саланың бірі болып табылады. Несін жасырайық, шынымен де қиын жұмыс. Осы талаптарға сай  болу үшін біз іс-әрекетімізде ерекше позицияны ұстанамыз.

Бұл тәжірибемізді терең ойластыратын және одан өзімізге сабақ алатын, үнемі өзімізді-өзіміз дамытатын,  жетілдіретін, тәжірибелі-зерттеуші ретіндегі позициямыз. Қазіргі таңда өзін-өзі жетілдіру және жеке өсу өзекті болып табылады. Жетілдіру мен өзгеріс – бұл әлемде болып жатырған ортақ табиғи үдеріс. Өзін-өзі дамыту – бұл үлкен еңбек, бұл нағыз өмір. Сондықтан әдіскерлердің кәсібилігін қалыптастыру үшін, алдымен, әдіскерлеріммен бірге өзін-өзі дамыту, жетілдіру жұмысын әдетке айналдырдық. Өзін-өзі дамыту адамнан табандылықты қажет етеді. Жалпы адамның екі түрі болады. Біреулер үшін бүкіл өмірі проблема болса, ал енді біреулер үшін – бүкіл өмірі мүмкіндіктер. Демек дамуды көздесек, кез келген проблеманы мүмкіндікке айналдыруымыз қажет. Біз де барлық мүмкіндіктерді, тіпті, еліміздегі қазіргі қиын жағдайды да берілген мүмкіндік ретінде пайдаланып, қабілеттерімізді жақсартуға, жаңа дағдыларды меңгеруге бағытталған көптеген тиімді құралдарды іздестіру арқылы өз іс-әрекетімізге өзгерістер енгізе бастадық.

Оларды игеру үшін алдымен түсінуге тырысып, содан соң іс жүзінде байқап көреміз. Бұдан кейін атқарған қызметімізді қайтадан зерделеп, жақсылап түсінуге әрекет жасалады. Тереңірек зерттеу арқылы тиісті әрекеттерді бірнеше қайтара орындауымыз қажет және жаттығулар жүргізудің нәтижесінде әр құралды автоматтандыруға болады. Мысалы, бір адам музыкамен айналысуға кіріссе ең алдымен гаммалардан бастап, артынша кейбір жеңіл шығармаларды үйренеді. Ізінше неғұрлым күрделі түрлерін орындап, музыка жазу арқылы импровизация жасауына болады. Демек, шеберлік тек құралдарды өзімізге тиімді пайдаланғанда ғана келеді. Шеберлік бұл сенің белгілі бір жүйенің шеңберінде әрекет етуің емес, керісінше, тағылымды тәжірибең арқылы қәсіби құралдар мен стратегияларды пайдалану керектігіне орай әрекет етуің. Мұны жай  ғана түсініп  қоймай, білімімізді құзыреттілік деңгейге жеткізіп, түсінгенімізді есте сақтау барысында тиімді қолдану аясында кәсібилікті қалыптастырудамыз. Яғни, біз жай ғана «қайталау – оқытудың анасы»  қарапайым қағидатымен жүріп келеміз.

Келесі қадамда адамды, білімді, тәжірибені дамытудың бірден – бір жолы – рефлексия дағдысын меңгеру кезек күттірмейтін мәселе. Уақыттың осы талабына сәйкес шын мәнінде әдіскерге не үшін рефлексивті ойлауды игеру керектігін түсініп көрейікші? Егер жеке тәжірибемізді ұдайы талдап, терең ойластырсақ қана  кертартпалық пен жалығудан аулақ боламыз. Бұл тәсіл орынды саналатын жағдайларды қайта сезінуге, өзгерістер туралы ойлануға итермелейтін құрал. Абай Құнанбайұлы рефлексивті болу керектігін «…егер де естілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір рет өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдағы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен…», – деп бағалайды. Ойшыл ақын әр адам әрбір ісі мен әрекетіне баға беру арқылы өкінбестей өмір сүруге қажет қорытындылар жасау қажеттілігін меңзейді. Бұл әрине сапаға жетуді мақсатына жетелейтін жол. Қажетті қызметті тиімді ұйымдастыру үшін бірнеше қарапайым ережелерді орындаған дұрыс. Біріншіден мақсатқа жету жолымызды аз  қадамдардан бастаймыз. Себебі оларды орындау бізге соғұрлым оңайырақ. Бір кішігірім қадам әдетке айналса, тағы бірін, сосын екіншісін, содан кейін келесісін біртіндеп  қосамыз. Екінші ретте күнде кешке жұмыстың соңында, өткен күнімізге «Бес саусақ» әдісімен талдау жасаймыз. Егер қандай да бір жағдайда қателессек, бәрін басқаша жасауды ойланамыз. Өзіміздің талдауымыздың нәтижелерін жетістік күнделігіне жазып жүреміз.

Үшіншіден әрқашан ұстануға тиіс соңғы ереже – өмірімізді өзгерте алмайтын нәрсе емес. Керісінше, өзіміздің әрекетіміз бен мақсаттарымызға тікелей байланысты нәрсе ретінде қараймыз. Бұрын «мүмкін емес» деген сөзді жиі айтсақ, қазір ол сөздің орнына мүмкіндікті жасау үшін біз не істеуге болатындығын сұраймыз. Әр түрлі ақпарат көздерінен жинақтап, әріптестер тәжірибесінен көңілімізге түйген білімдерімізге сүйенген абзал. Бұл бізге өзімізді тәрбиелеуге, реактивті әрекеттен проактивті әрекет етуге көшуімізге және мұғалімдеріміздің де осы дағдыларды игеруіне әсер етеді. Үздіксіз дамудың арқасында тек кәсіби дамып қана қоймай, рухани азық алдық. Педагогтердің басын ортақ мақсатта қосатын түрлі іс-шараларымыз арқылы әрбір пән мұғалімінің кәсіби тұрғыдан ілгері дамуына тек өздері жауапты екендігін түсіндіруіміздің маңызы зор. Себебі біз заманауи өзгерістерге бейімделу арқылы жаңа идеяларды ортаға салып, жұмыла жұмыс жасаған кезде нақты нәтижелерге қол жеткізуімізге болады.

Манзия Ғабдолқызы САКИЕВА,
білім бөліміндегі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі,
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий