Заман талабы: Педагогтердің кәсіби құзіреттілігін дамыту
Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында педагогтің шығармашылығын дамыту үздіксіз үдеріс ретінде қарастырылады. Педaгогикалық білімнің әр кезеңінде жаңа тәсілдерді сапалы игеру, сол сапаларды өз тәжірибесінде тиімді қолдану педагогтің өзіндік кәсіби біліктілігінің шыңдауына бағытталады. Жaлпы педагогтің шығармашылығы жоқтан туындамайды, ол өте кең және өзіндік ерекше сипаты бар даму кезеңдеріне сәйкес жылжу көрсеткіші бар үдеріс.
Жаңа формация мұғалімінің бойында мәселені көре білу, ойлаудың ерекшелігі мен икемділігі, сыни ойлауға және өзіндік бағалау деңгейі басым болуы керек. Сондай-ақ, оған әлеуметтік-психологиялық құзыреттілік, кәсіби құлшыныс, мәдениеттіліктің жоғары деңгейі, тұлғааралық қатынастың, өзін-өзі ұйымдастыру мен өзін-өзі реттеудің заңдылықтарын білу де маңызды рөл атқарады десек қателеспейміз. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын жетілдіру өз кезегінде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруды қажет етеді. Қазіргі таңда мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру – әдістемелік кабинеттің басты міндеттерінің бірі. Біздің әдістемелік кабинет педагогтердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда білім беру процесіне қатысушылардың барлығының кәсіби және жеке қажеттіліктерін ескеру арқылы келесі міндеттерді іске асырады: жаңартылған білім беру мазмұны аясында педагог қызметкерлерге ақпараттық, әдістемелік көмек беру; білім берудегі инновациялық, педагогикалық тәжірибені анықтау, меңгеру мен бағалау нәтижелерін таратуда мұғалімдердің шығармашылық бастамалары мен кәсіби өсуін ынталандыруда қолдау көрсету; мұғалімдерге ғылыми-педагогикалық жетістіктер мен озат тәжірибелерді меңгеруге, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тәжірибеге енгізуге әдістемелік көмек көрсету; мұғалім бойына құзыреттілікті қалыптастыру, дамыту іс-әрекетін ұйымдастыру, осы бағыттағы әдістемелік жұмыстарды үйлестіру; мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру арқылы білім сапасын көтеру; тәжірибе мен сынақ және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, жетекшілік ету; инклюзивті білім беру жағдайында даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларды психологиялық педагогикалық қызметтерінің дұрыс ұйымдастырылуын қолдау.
Әдістемелік кабинет кәсіби қызметін білім беру ұйымдарында базалық пәндерді оқытуды ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге, білім алушылардың оқу жетістіктерін талдау, педагогикалық тәжірибені жинақтау және таратуға бағыттайды. Негізгі базалық пәндер, олимпиада және байқау тапсырмалары бойынша білім алушыларға арналған тесттер банкі жинақталды. Сонымен қатар, «Кіші олимпиада мектебі», «Олимпиадалық резервтер» клубы нәтижелі жұмыс атқаруда. Білім беру сапасын қамтамасыз ету міндеттерін шешу және менеджментті дамыту аясында «Талап» жобасы іске асырылды. Жоба шенберінде 5-9 сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығы зерделенді, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерден жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сауалнамалар алынды. Осы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде онлайн семинарлар мен оқыту семинарлары ұйымдастырылып, әдістемелік нұсқаулықтар мен тапсырмалар жинақтары әзірленді.
Әдістемелік кабинет оқу үдерісін, сабақтын сапалы жүргізілу барысын, білім алушылардың білім деңгейін, оқулықтардың мазмұнын талдау жұмыстары бойынша аналитикалық материалдарды жинақтап, сараптама жүргізді. Сараптама қорытындысымен әрбір педагог пен сынып жетекшінің ерекшеліктері және кәсіби жетіспеушілігі есепке алынды. Жекеше көмек көрсету мақсатында «Жазғы мектеп», «Қысқы мектеп» жобасы бойынша ашық сабақтар, коучинг-сессиялар, шебер-сыныптар тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар, әр аптада әдістемелік күн ұйымдастырғанда мұғалімдердің кәсіби сұраныстарының диагностикасын жүйелі түрде жүргізе отырып, оның нәтижесін талдау арқылы мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетіледі. Кәсіби жетіспеушілігін болдырмау мақсатында көмекті қажет ететін мұғалімдермен жүргізілген жеке және топтық,тьюторлық сүйемелдеу жұмыстары оң нәтиже беруде. Мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыру негізінде инновациялық оқыту технологияларының жұмыс барысында қолданылуына, енгізілуіне және дамытуында білім мекемелерінің жұмыстары бағытталған. Осы мәселені шешуде ауданда тұрақты жүйе енгізілген: аудандағы әдістемелік жұмысты үйлестіретін әдістемелік кеңес жұмыс атқарады; ауданда он бір әдістемелік пән бірлестігі бар.
Білім мекемелеріне психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету жүзеге асырылуда; пәндер бойынша шығармашылық топтар құрылған; әдістемелік кеңестің сарапатамалары бойынша білім мекемелерінің жұмыстары жүйеленіп, алдағы оқу жылына тиімді жұмыстар жоспарланады. Әдістемелік кеңестің сарапатамалары негізінде білім беру ұйымдарының инновациялық қызметке қосылуы, соның ішінде білім беру ұйымдарының инновациялық жобалар бойынша жұмыстары жүргізіледі. Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде «Танымдық қабілеті жоғары, ақпараттық технологияны терең меңгерген, білім-білік дағдысы қалыптасқан жан-жақты тұлғаны тәрбиелеу», Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясында «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін дамыту жолдары»; А.Макаренко атындағы орта мектебінде «Заманауи әдіс-тәсілдер мен тиімді педагогикалық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыру», Б.Момышұлы атындағы мектеп–гимназиясында «Жаңа ақпараттандыру технологиясын оқыту үрдісінде қолдану, педагогтардың потенциалдық мүмкіндіктерін арттыру, дарынды балалармен жұмысты ынталандандыру», В.Чкалов атындағы орта мектебінде «Білім мазмұныны жаңарту жағдайында білім алушыларды тәрбиелеудің идеологиясы мен стратегиясын іске асыру», Ә.Тарази атындағы орта мектепте «Ресурстық орталық – ауыл мектептерінің даму көзі» тақырыптары бойынша сынақ тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылуда.
Осы тәжірибелік жұмыстардың нәтижесі бойынша «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып, білім мекемелері өзара тәжірибе алмасады. Білім беру ұйымдарындағы оқу-әдістемелік жұмыстарды үйлестіру, жоспарлау және талдау тәжірибелі мұғалімдер арқылы жүзеге асады. «Педагогтар ассоциациясы», «Директорлар кеңесі» осы орайда құрылған. Сонымен қатар, білім мекемелеріндегі менеджментті жетілдіру мақсатында «Жас директорлар», «Резервтер мектебінің» жұмыстары үйлестірілді. Жылына бір рет көктемгі демалыс уақытысында «Директорлар апталығын» өткізу жоспарланған. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін тарату мақсатында базалық алаң ретінде қазіргі таңда алты тірек мектебі А.С.Макаренко атындағы орта мектебі, Шайқорық орта мектебі, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицей, №1 орта мектебі жұмыс жасауда. Серіктес мектептер жетекші мектептермен бірлескен жоспар құрып, семинарлар, ашық есік күндер, коучингтер, шеберлік сабақтар, әдістемелік тақырып бойынша зерттеу жұмыстар, кәсіби қоғамдастығы мұғалімдеріне арналған педагогикалық тәжірибені тарату бойынша іс-шаралар өткізілді.
Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалымен бірлескен түрдегі бес облыстық семинар ұйымдастырылды. Жетекші мектеп пен серіктес білім ордаларындағы мұғалімдердің іс-әрекеттегі зерттеу жұмыстары аудан мен облыс аумағына кеңінен таныстырылғанын атап атқанымыз абзал. Педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін, ақпараттық сауаттылығы мен шығармашылық әлеуетін дамыту, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін тәрбие үдерісіне енгізуде теориялық, тәжірибе алмасу семинарлар, шеберханалар, кеңестер, педагогикалық викториналар, тренингтер жүргізіліп, мектепке дейінгі барлық ұйымдарда жобалау әдісі қолданылады. “Нұр-Әлім” жекеменшік балабақша-гимназия мектебінде “Тәні саудың-жаны сау” жобалау әдісі,”Қарлығаш” бөбекжай-бақшасында театр арқылы балалардың тілін, қызығушылығын арттыру және оларды үрдісті ұйымдастыру әрекетіне енгізу бағытында жұмыстар атқарылды. “Балдырған” және “Жауқазын” балабақшаларында бүлдіршіндердің дене және психикалық дамуын, жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін есепке ала отырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында “Асық терапиясы” жобасы, “Крейзи” технологиясы бойынша әдістемелік жұмыстар жүргізілуде.
Педагогикалық құзыреттілігі қалыптасқан мұғалімнің мәртебесі жоғары деңгейге көтерілетіндігі даусыз. Осы орайда, әдістемелік кабинет әр мұғалімге көмекші бола білуі керек. Ең бастысы, педагогке әдістемелік көмекті уақытында нақты көрсету. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жағдайында бұл қолдаудың мәні зор. Педагогтердің үздіксіз кәсіби құзыреттілігін арттыруда әдістемелік жұмысты түрлендіруді қажет етеді. Ауданда озат педагогикалық тәжірибенің (ОПТ) банкі жинақталған. ОПТ банкінің мазмұнына педагогикалық тәжірибенің тиімділігін құрайтын іс-әрекеттер алгоритмі, әдістер мен тәсілдер, оқыту құралдары кіреді. Біздің озат педагогикалық тәжірибе банкі моделінің ең құндылығы – бұл жерде тәжірибесі мол мұғалімдермен қатар жас мұғалімдердін де әдіснамалық тұжырымдарының пайда болуы және лайықты орын алуы.
Электрондық түрде ОПТ банк гипермәтіндік құжат түрінде шығарылады. Мұғалімнің суретін нұқу арқылы оның тәжірибесін сипаттайтын парақтан тәжірибемен танысуға болады. Бүгінгі күні тез дамып келе жатқан білім беру жүйесінің бір бағыты болып саналатын қашықтықтан оқыту жаңа ақпараттық технологияға негізделіп, байланыс қызметінің жаңа үлгісін пайдалануда. Онлайн режиминдегі интерактивті сабақтарға педагогтердің белсенді қатысуы, интернет технологияларды кәсіби шеберліктерін жетілдіруде қолдануы – виртуалды әдістемелік кабинет құрудың бірден-бір жолы. Осы сұраныстарды ескере отырып, виртуалды әдістемелік кабинеттің жобасын жасадық. Виртуалды әдістемелік кабинет арқылы педагогтар нормативтік-құқықтық құжаттармен танысуға, білім беру саласындағы негізгі әдістемелік нұсқаулықтарды, ұсынымдарды жүктеп алуға, аттестаттау рәсімін ұйымдастыру бойынша материалдармен танысуға, өзекті педагогикалық идеялармен бөлісуге мүмкіндік алады.
Виртуалды әдістемелік кабинеттің мақсаты – көп аспектілі ақпараттық білім беру ортасын құру, педагогтердің кәсіптік деңгейін көтеру, шығармашылық әлеуетін арттыруына бағытталған, желілік қауымдастық құру арқылы іс-тәжірибиемен ой бөлісу және мектеп мұғалімдеріне ақпаратты уақтылы беру, қажетті ақпараттарды қашықтан қамтамасыз ету «Кәсіби құзыретті мұғалім» атағына жеткізудің нақты жолы жалпы білім беру мазмұнын жаңарту арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру. Осыдан соң оқытушылардың да мерейі үстем болып, әр педагог «мінсіз оқушы» бейнесін жасау арқылы бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеп шығарары сөзсіз.
Қымбат Болатқызы ҚЫПШАҚБАЕВА,
білім бөлімінің әдістемелік кабинет
меңгерушісі, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы