Жас ғалым ретінде аккумуляторларды зерттей бастағаныма алты жыл болды

Ғылымы мен технологиясы қатар дамыған Жапонияда білім қуып жүрген қазақ жастары аз емес. Солардың бірі – Аяулым Белгібаева. Ол Токио технологиялық институтының (Tokyo Institute of Technology) Материалтану және химиялық технология факультетінде «Химиялық ғылым және инженерия» мамандығы бойынша PhD докторантурада оқиды. Аяулым болашағын нанотехнологиямен байланыстырады екен. Сол себепті де Жапонияны таңдапты, – деп жазады республикалық “ЖАС ӨРКЕН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сайты.

– Оның үстіне жапондардың мәдениеті, жұмысқа деген көзқарасы мен еңбекқорлығы қатты қызықтыратын, – дейді ол. – Әрі жапон мемлекеттік грантын ұтып алуға мүмкіндік туған соң, әрине, бас тарта алмадым. Жапонияның артықшылығы – жайлы тұрмыс, тиімді ғылыми жұмыс үшін қажетті барлық жағдайдың жасалуы. Ал кемшілігі ретінде көп жағдайда жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе теңдіктің сақталмауын атап өтер едім. Бұл жақта күніне 10-12 сағат жұмыс істеу қалыпты жағдай, – дейді Аяулым.

Бірнеше жылдан бері аккумуляторларды зерттеп жүр екенсіз. Неге дәл аккумуляторды зерттедіңіз? Оның адамзатқа энергияны берудегі маңызы қандай? – Аккумуляторларды зерттей бастағаныма алты жылдай болып қалды. Барлығы бакалавриаттың соңғы курсында дипломдық жұмыс үшін Назарбаев университетінде тәжірибеден өту барысында басталған еді. Ол кезде нақты осы саланы зерттегім келеді деген ой болған жоқ. Бірақ уақыт өте аккумуляторлардың маңызын түсініп, қызығушылығым арта түсті. Бүгінде аккумуляторларды қолданбайтын адам аз. Барлығымыздың смартфон, ноутбук, камера сияқты шағын электроникамыз осы аккумуляторлармен жабдықталған. Олар бізге ток көзіне байланып отырмай, қайда барсақ та құрылғыларымызды өзімізбен бірге алып жүруге мүмкіндік берді. Бұндай қолданыстан бөлек, аккумуляторлардың кең ауқымды энергия сақтау жүйесі ретінде де маңызы зор. Мұнай өнімдері сияқты жанатын энергия көздерін қолданудың салдарынан ауа ластанып, жаһандық жылынуға әкеліп соқты.

Бұл мәселелерді шешу үшін күн, жел сияқты балама энергия көздерін дамыту қажет. Ал олар тұрақсыз болғандықтан, тұтынушыға жалғау үшін энергия сақтау жүйелері қажет. Енді бір шешім – жанаржағармаймен емес, аккумулятормен жүретін электромобильдер. Бірақ бұл мақсатта қолдану үшін қазір нарықтағы аккумуляторлардың сипаттамалары сәйкес келмейді: энергия сыйымдылығы төмен, тым ауыр, көлемі тым үлкен, бағасы да қымбат. Біздің мақсат – энергия сыйымдылығы жоғары, жеңіл, шағын және арзан аккумуляторларды дамыту.

 

Аккумулятор құрастыру ісінде қандай жаңалық ашқыңыз келеді? Мұны біздің еліміздегі кәсіпорындарға енгізуге бола ма? Қазақстанның аккумулятор өндірудегі потенциалын қалай бағалайсыз? – Елімізде бұл саланың дамуына зерттеу жұмысым септігін тигізіп жатса, әрине, қуанар едім. Елімізде аккумуляторлар өндірісін дамытуға қажетті барлық пайдалы қазба жеткілікті болғанымен, аккумулятордың жекелеген бөлшектерін дайындайтын түрлі өндіріс орындарынан құралған үлкен жүйелі кешен қажет. Ондай кешен болмаса, бөлшектерді шетелден әкеліп құрастыру тиімсіз.

Қазақстанда ғылыммен айналысуда қандай проблемалар бар деп ойлайсыз? – Қазақстанда ғылыммен айналысудағы мәселенің барлығы сол өзіміздің өнімнің жоқтығына келіп тірелетін сияқты. Қажетті құралжабдықтарды, реактивтерді шетелден алуға тура келеді. Ал еліміз құрлық ортасында орналасқандықтан, жеткізу уақыты өте ұзақ, 3-6 айға дейін созылып кетуі мүмкін. Бұл ғылымда нәтиже шығаруға кедергі келтіреді. Келесі мәселе – халықтың ғылымға деген көзқарасы. Көпшілігіміз қолданбалы ғылымды ғана мойындап, іргелі ғылымның пайдасы жоқ деп менсінбей, оның қолданбалы ғылымның негізі екенін түсінбей жатамыз. Ғалымдардың беделі жоғары емес, ғылымға сұраныс аз болғандықтан, мемлекет тарапынан да ғылымға қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Десе де, жағдай жылдан жылға жақсарып келе жатқандай көрінеді.

– Әңгімеңізге рақмет. Табыс тілейміз!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий