“Әліппенің” әлемі мен әлегі

«Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарының қайтарылуы көпшілікке «жыл келгендей жаңалық» іспетті әсер еткені жасырын емес. Ал біз «Әліппенің» мәселесі жайлы сөз етсек. Оның себебі көп болып тұр. Түрлі реформалардан көз ашпаған білім жүйесіне тағы да бір «жаңашылдар» өз көзқарасын таңып жібере ме деген қауіп бар. Біздің сөз «қауіптенгеннен айтамынның» әңгімесі. Ең әуелі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің пікірін бергіміз келеді, – деп жазады республикалық “АНА ТІЛІ” газетінің сайты.

Бас мұғалім әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазған еді: «Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды… Айта кетейін, «Әліппе» ­Ахмет Байтұрсынұлының әдіс­темесі негізінде дайындалады. Қазіргі ­кезде оқулықтарды әзірлеу ­бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп ­жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасау­мен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, ­бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым ­Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда»…

Сонымен, Асхат Аймағамбетов «Әліппе» мен «Ана тілін» ­мектепке қайта қайтарды. Бірақ көңіл түкпірінде сұрақ көп. Себебі әлі күнге оқулықтың жай-жапсары толық ­айтылмай келеді. Қос оқулық келесі оқу ­жылында қолданысқа енеді деген күннің өзінде сынақтан өту үшін де уақыт ­керек емес пе? Ол уақыт жаңа бітімді оқулықты қалыптап шығуға жете ме? Ең бастысы, «Әліппе» мен «Ана тілін» кім, қалай жазып ­жатыр? Оқулық латыннегізді әліпби негізінде ­басылып шыға ма? Озық оқулықты министр­лік жанындағы арнайы құрылған са­раптамалық комиссия қарап, тиісті шешім қабылдайды десек, ол ­комиссияда кімдер бар? Оқулық жазуға тапсырысты Білім және ғылым министрлігі өзі беріп, еліміздегі оқулық жазатын ең білікті мамандарды өздері жасақтап отыр ма? Оқулықтардағы қатені кім анықтап, талдайды? Ал оқулық шығаратын баспаның негізгі функциясы қандай болуға тиіс екені туралы арнайы ­ережелер бар ма? Сауал өте көп… Бұл сауалдарға толық жауап табылмай, «Әліппе» елге толыққанды оралды дей алмаспыз.

Иә, осы сұрақтар төңірегінде ­құ­зырлы мекемелерден дерек алғы­мыз келген. Ең әуелі керек ­маман­дар­ды сұрап, хабарлас­қанымызда ­ми­нистрліктің баспасөз хатшысы «Әліппеге» қатысты толыққанды ақпарат алдағы уақытта ­дайындалып, берілетінін айтты. Иә, біздің ­басылым да сол кезде жан-жақты ­жауап беретін мамандармен қайта байланысады. Ол ақпарат жинақталып біткенше біз де құр отырмайық деп шештік. Арнайы шешім қабылданғанда, «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарына қатысты, жалпы мектеп оқулықтары ­туралы пікірлерді біз де жинақтап берсек, сарапшылардың пікірталас тудыруына, осы мәселелерді талдап, талқылауына мүмкіндік болатын шығар деген ниетпен бірқатар ­маманнан сөз сұрадық. Ол пікірлерді өз­гертпестен газетімізде көпшілік тал­қысына ұсынып отырмыз.

Сөз дыбыстан тізіледі. Азия ЕЛЕУПАНҚЫЗЫ, педагогика ғылымының докторы, «Әліппенің» бағдарламасын жасауға қатысқан авторлардың бірі: Жаңа «Әліппе» пәні оқу бағдарламасын түзу ­барысында А.Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектері жан-жақты талданып, оқу бағдарламасының құрылымы мен мазмұны ­дыбыспен жаттығу, әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу, оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту, жаңашылдығы, өзгеріс және толықтырудың қажет етілуі, білімді тәжірибелік ізденістер арқылы әдістемеші ғалымның өздігінен оқыту ұстанымдары негізінде айқындалды. Қоғамда «Неге бірден әріпті танытпаймыз, даярлық кезеңінің (әліппеге дейінгі кезеңнің) керегі бар ма?» деген сұрақтың қойылып жүргенін бәріміз білеміз. А.Байтұрсынұлының «Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп, сөз шығара білмейді. Себебі олар сөздің дыбыс­тан тізілетінін білмейді. Оқуға балалар дыбыс үйренеміз деп келмейді, оқу-жазу үйренеміз деп келеді. Бірақ дыбысты білмей, дыбыстың қалай тізілетінін білмей, оқу, жазу қиын. Сондықтан осы күнде оқуы тәртіпті жұрттар балаларға хәріп көрсетпей тұрып, әуелі дыбыспен жаттықтырады. Дыбыспен жаттықтыруға көп уақыт кетпейді, онан келетін пайда көп: дыбыстарды тізіп үйренсе, хәріптерді тізу қиын болмайды.

Сөздің ішінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін айыруды білсе, хәріптерін қою қиын болмайды» (Дыбыспен жаттығу. Кітапта: «Баяншы». Қазақ мұғалімдері үшін. Қазан, 1920. Алты томдық шығармалар жинағы) деген пікірі әліппеге дейінгі кезеңнің қажеттігін көрсетіп берді және дыбыспен жаттығу әдістемесі әліппеге дейінгі даярлық кезеңінің мақсат-міндеттерін айқындап, мазмұнын беруде басшылыққа алынды.

Барлық мектепке ортақ болсын. Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист: «Әліппе» оралады деп жұрт алақай­лағанда көкейде бір күмән қылаң беріп еді. Министр Аймағамбетовтың ықылас-ниеті кіршіксіз екеніне, қазаққа қызмет еткісі келетініне шүбәм жоқ, тек… соңғы жылдары қалыптасқан жүйе бар, соны бұза ала ма?!  Бергі уақытта оқулық зары қазақтың сай-сүйегіне өтті, кітапты бала түгілі, ересек адам ұқпайтын жағдайға жетті. Себеп: әр баспа өзінше оқулық шығарады. Әдістеме бойынша баспалар кітап әзірлейді, оны Білім және ғылым министрлігіне қарасты Оқулық орталығына ұсынады, олар ұнатқанын бекітіп, басуға рұқсат етеді. Содан барып бес баспа ішіндегі материалы әралуан бес кітап шығарады, одан кейін оны облыстарға бөледі. Жергілікті бюджеттен қыруар ақша бөлініп, сатып алынады. Мысалы, нөмірі 10-мектептің оқушысы нөмірі 11-мектепке ауысса үйірінен адасқандай күй кешеді, өйткені ол жердегі пән оқулығы басқа. Оның үстіне бұрынғы жаттығу, ереже, тапсырма жүйесі жоғалды.

«Қазақ тілін» ашсаң ішінде анатомия да, биология да, астрономия және тағы да басқаға шыланып жүреді. Бәрін «Қазақ тілі» оқытатын болса оларды тағы да жеке пән етіп керегі не? Осылайша, қанша кітап басылды, қаншасы халық сынынан кейін алынып тасталды, оған қанша қаражат кетті? Бұған ешкім жауап берген емес. Сұраусыз есіл ақша, сауаты кемістенген ұрпақ. А.Аймағамбетов білім беру жүйесін нақ жолға қоямын десе осы қалаймақанды тоқтатуы керек. «Әліппе» барлық мектепке ортақ, біреу ғана болсын! Бір жағдаймен мектебі ауысқан бала бағдарламадан адасып, пұшайман күйге түспесін. Олай етпесе «Әліппені» қайтарамын!» деген құр айқай болмақ. Оның үстіне қазіргі кезде біраз балабақшада бұрынғы әдістеме негізінде құрылған оқулық қолданылып жүр. Сондықтан сауатты кітаптан айырылып қалдық деген аздап қисынға келмейді. Бұл жерде бастысы болашақ тағдырын құдіретті баспалар бизнесінен ажыратып алып, баланың көкірек көзін ашуды сауатты түрде қолға алуда болып тұр. Дәл қазір білім төңірегінде жүргендердің өз ісіне сауатты екеніне шүбә бар. Аймағамбетовтың алдында халық білімін арашалап, Ахаңдардың нағыз ізбасары атану мүмкіндігі тұр. Ол үддеден шыға ма, оны 2021 жылы көреміз.

Баспалар өз ісімен  айналысуы керек. Ұлан ЕРКІНБАЙ, филология ғылымының кандидаты, доцент: Жалпы бұл мәселеге әдіскер маман емес, жанашыр ата-ана, А.Байтұрсынұлының сөз өнері теориясы жайлы тұжырымдарын зерттеген ғалым, ел азаматы ретінде пікір білдіргім келеді. Біріншіден, бренд ретінде қалыптасып үлгерген «Әліппе» атын «Сауат ашу» деп өзгерту қателік. Нәрсенің аты, оның ­затын толық қамтымаса да, сол атаумен бойға сіңген құндылық, құрмет, дағды деген жайттар ескерілуі ­керек еді. Екіншіден, мені қынжылтатыны министрдің «А.Байтұрсынұлы «Әліппесін» қайтарамыз» деген бір ауыз сөзіне бүкіл руханиятымыз қайта оралғандай алашапқын болғанымыз. Зерттеуші журналистер, блогер-мамандар олай әрекет жасамауы тиіс еді. Елді босқа дүрліктіре бергеннен кім ұтады? Кейде өзекті тақырыптың өзі әртүрлі категорияға бөлінеді. Негізі бар өзектілік, негізсіз өзектілік. Осы тақырыпқа қатысты А.Байтұрсынұлының «Әліппе»/үйрету тәсілі/ құру ­логикасы қандай болды? Оның баланың психологиялық, физиологиялық, танымдық әлеміне әсері қандай болды?

Ғұлама ғалымның әріп үйрету әдісіндегі басты ерекшеліктеріне кім анализ ­жасады? Ахаң оқулық жазған кездегі бала мен қазіргі баланың айырмашылығы бар ма? Бар болса осыны індете зерттеген ғалым әдіскерлер бар ма? Олар неге үнсіз? ­Бастауыш оқулықтарының авторлары кімдер? «Әліппе» оқулығын жазуға қандай мамандар тартылғаны дұрыс? Осы мәселелерді өзекті тақырып етіп, БАҚ-та үзбей талқылауға болады. Әрине, Ахаңның оқыту жайына қатысты концептуалды ұстанымдары бәріне белгілі. Оны ғалымдар емес, бүгінде қолына қалам ұстағанның бәрі жаттап алған. Өкініштісі, Ахаңның сол ірі ұстанымдарын қазіргі заманға сай талдамалы практикалық дүниелермен синтезделмей құр ұранды қалқан ретінде пайдалану әдетке айналды. Бізде көбі ұрандатқысы келеді, кешенді анализ жасағысы келмейді. Осы ретте, министр айтқан «Әліппе» оқулығын жазуға ғалым, әдіскер, ұстаздармен бірге, бала дүниетанымына арнап өлең, әңгіме жазып жүрген жастарды да тарту керек. Кейбір елдерде жұмыс тобына оқушыларды да қосып жатады.

Қай кезеңде болсын, даналардың сөздері бір шамшырақ іспетті. Ұлттың рухани көсеміне айналған А.Байтұрсынұлы сөздері жайлы да соны айтуға болады. Ол кісі «оқу ісі түзелмей жұрт ісі түзелмейді» дейді, «елді түзету ісі, бала оқыту ісін түзетуден басталады» дейді. Қазіргі қазақ қоғамы аса күрделі кезеңді бастан өткеруде. Басқа факторларды айтпағанның өзінде кейде жақсы, кейде жаман пиғылмен біздің руханиаятымызға жүйелі соққылар жасалуда. Соның басты айғағы білім беру саласында көрініп отыр. Тағы бір ескеретін мәселе, «Сауат ашуға» негізделген бағдарлама болсын, басқа да бағдарламалар болсын бір нәти­жеге бағытталады, методологиялық пайымды бас­шылыққа алады. Ол бірер жылда нәтиже­сін бере салмайды. Айранды ұйымай жатып бұлғамау жағын да ескеру керек. Әрине, жаңартылған бағдарламаға қатысты дүрлігуге де негіз жоқ емес. Оның астары тереңде жатыр. Қатысы жоқтай көрінгенмен бұл мәселеге елдегі асығыс реформалардың, науқаншылық­тың, төл танымның теперіш көруінің, барлық ­салаларда белең алған жемқорлықтың тікелей қатысы бар. ­

Мысалы, сөз етіп отырған «Әліппеміз» – ана баспаның құрастырған әліппесі, мына баспаның әліппесі болып оқытылып келді. Содан ұстаздар арасында «Маған ана бас­паның әліппесі ұнайды», «Мына баспаны қолдай­мын» деген қайшылық пайда болады. Сонда «Әліппе» елдің емес, бизнестік құрылымдардың әліппесі болды ма? Ірі баспаларда академиялық құрам бар ма? Баспалар өз ісімен айналысуы керек қой. Олар оқулық жазу ісінде маманданған мекемелер емес. Оқулық белгілі бір деңгейде баланың танымын моделдейді. Әсіресе, бастауышта. Сондықтан балаларымыздың танымын науқаншылықпен кім көрінген моделдей бермеуі тиіс.

Хош, сонымен, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Телжан Шонанұлы, Бейімбет ­Майлин, Ғабит Мүсірепов, Өміржан Сыдықов, Ісмет Кеңесбаев сынды қазақ сөзінің жанашырлары кезінде әр жылдары басып шығарған «Әліппе» оқулығының жай-жапсары туралы жазылар материалдың бұл алғашқы бөлігі ғана. Осы орайда еліміздегі ұлттық мектептердің оқулықтары туралы да мәселені болашақта қозғағымыз келеді. Ондай оқулықтар қалай жазылып жатыр? Бұл бағытта да ойланатын мәселе жетерлік. Білім және ғылым министрлігі кең толғанып, зерделеп болған соң, жоғарыдағы біз қойған сауалдарға жауап берсе, оны да газетіміз арқылы қалың оқырманға ұсынатын боламыз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий