Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі: Жергілікті бюджет есебінен 2 635 планшет алуға 176 миллион теңге бөлінуде

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап жаңа оқу жылына дайындық шаралары тақырыбында баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Аймақ басшысы өңірдегі білім мәселелеріне қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталып, оқу жылын қашықтан өткізу форматының ерекшеліктеріне тоқталды, – деп жазады Қызылорда облысының әкімінің сайты. 

– Биыл облыстағы 293 мектепте 168 мыңнан аса оқушы білім алатындығы күтілуде. Ал, 1-сыныпқа 18 789 бала қабылданбақ. Өңірдегі оқушылардың 83%-ы, яғни 163 491 оқушы бірінші тоқсанды қашықтан оқуды бастайды. Ал, аудан орталығынан шалғай орналасқан және шағын жинақталған 50 мектепте 4986 оқушыны барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра штаттық режимде оқиды. Бұл өңірдегі оқушылардың үш пайызын құрайды, – деді Гүлшара Наушақызы.

Өңір жетекшісі Гүлшара Әбдіқалықова қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары мен ұстаздары үшін электронды құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқанын тілге тиек етті. – Оқушылардың компьютер, планшет, ноутбук, смартфондармен қамтылуы талданды. Жетіспейтін құралдар, бірінші кезекте мектеп балансындағы техникаларды беру арқылы, екінші жергілікті жерде демеушілердің қолдауымен шешілуде. Бүгінгі күні Үкіметтен 22 мыңнан аса компьютерлік техникаларды сатып алуға 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінуде. Ал, жергілікті бюджет есебінен 2 635 планшет алуға 176 миллион теңге бөлінуде, – деді облыс әкімі.

Жаңа оқу жылында оқушылар мен қатар ұстаздарға да электронды құрылғылар табысталады. Аса қажеттілігіне қарай мектеп балансындағы компьютерлерден бөлек, 306 педагогқа ноутбук табысталады. Биылғы оқу жылында мектеп құрылыстары да қарқынды жүруде. Облыс әкімі бұл мәселеге де арнайы тоқталды. – Қазіргі таңда өңірде сегіз мектептің құрылысы жүргізілуде. Осы жылы Қызылорда қаласынан және Жалағаш ауданынан 2 мектеп құрылысы пайдалануға берілетіндігі жоспарланған. Сондай-ақ, төрт білім ордасының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Қызылорда қаласынан 600 орындық, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектептер жыл соңында аяқталатындығы айтылды.

Баспасөз конференциясында өңір басшысы журналистердің өзекті сауалына жауап берді. Мектеп оқулықтары, әжетханаларды ішке кіргізу, мектептерге бейнекамера орнату мәсәлелері жан-жақты талқыланды. – Бала қауіпсіздігін сақтауға барлығымыз міндеттіміз. Осы мақсатта мектептерді жаңа талаптарға сай бейнекамералармен қамту үшін облыстық бюджеттен 250 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазір жетпіс мектепке бейнекамералар орнатылуда. Әлбетте, бұл бірден шешілетін мәселе емес, әрі көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Сонымен бірге бүгінде бала қауіпсіздігі үшін салааралық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл ата-аналар, оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуге жол ашады, – деді облыс әкімі. Жиын соңында облыс әкімі қазіргі пандемия жағдайында балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналарды үй жағдайында сақтық шараларына мән беруге шақырды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий