Жандар Асан: “Абай – “өткеннің арты, жаңаның басы”
10 тамыз – Абай күні. Атаулы дата 2020 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітіліп, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енді. Абайға бет бұру, «өткеннің арты, жаңаның басы едім» деген ұлы ақынның тағылымына терең бойлау – бүгінгі күнде үлкен маңызға ие, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз орталығының жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Жандар Асан.
“Абай – ұлттық болмыстың айқын үлгісі. Абай – дала даналарының барша жақсы қасиеттері мен асыл мұраларын бойына сіңіре отырып, ұлт әдебиеті мен мәдениетін һәм қоғамдық ойды баға жетпес қазыналармен байытқан дана да дара тұлға. Абай – адамзатқа ортақ кемеңгер. Ұлы ойшылдың шығармаларының 30-дан астам тілге аударылып, өміршең өлеңдері мен пәлсапалық ойлары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енуі бұл сөзімізге айқын дәлел”, – деп атап өтті Ж. Асан.
Оның пайымдауынша, XIX ғасырдың екінші жартысында киіз туырлықты қазақ халқы әлеуметтік, рухани дағдарысты бастан өткерді. Біріншіден, ол үш ғасырға созылған отаршылдық қамытының бұғауынан қараша халықтың сан замандар бойы қалыптасқан жолынан жаңылуы еді. Екіншіден, бұл кезең ауыз әдебиетінен жазба әдебиетіне көшу кезеңіне тұспа-тұс келді. Ұлы даладағы осындай оқиғалар мен өзгерістер ұлтқа тұтқа, ұрпаққа тұлға болатын ағартушылардың шығуына яки олардың көпшілік қауымға өнеге беретін ағартушылық-демократиялық сипатта қалам тербеуге түрткі болды.
«Бұл «мың өліп, мың тірілген» ұлттың оянуына ықпал етті. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандар артта қалды. Тәуелсіздігімізді алдық, дербес мемлекет болдық. Егемендіктің елең-алаң кезінен бері ауқымды істер еңсерілді, елдің еңсесі көтерілді. Ұлтты ұйыстырып, әлемнің дамыған елдерінің көшіне ілесу үшін не істемек керек? Ол үшін Абай ұлағатын тереңірек зерттеп-зерделемек керек. Ол үшін Абай мұрасы – Ұлы дала өркениетінің алтын тұғырына айналуы қажет. Әкенің баласы емес, адамның баласы болуды мақсат тұтқан ақынның құнды қазынасы өскелең ұрпақпен бірге жасайтын мәңгілік мұраға айналуы тиіс», – дейді Жандар Асан.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай хақындағы ой-толғамы басты бағдаршам болуы тиіс. Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакімнің мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің бағыттары мен тетіктері айқын көрсетілген. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоспарланған шаралардың барлығы «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» екендігін ерекше атап өтті. Расында да, дара, дана Абайдың тойы ойдың тойы болуы қажет. Ұлы Абайдың тойы тағылымның тойы болуы тиіс.
«Президент мақаласы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы іспеттес. Аталған бағдарламалық мақалада қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы кеңінен қамтылған болатын. Тоқаев мақаласында ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғандығын ерекше атап өтті. Себебі сананы жаңғырту арқылы жаңа мыңжылдықта еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылады. Бұл тұрғыда Абай мұрасының тигізер пайдасы елеулі болмақ. Мемлекет басшысы атап өткендей ұлы ақынның ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық, таусылмас қазына. Сананы жаңғыртуда Абайдың өміршең шығармаларының тигізер ықпалы зор», – деп пікір білдіреді Қыздар университетінің ресми өкілі.
Загрузка...Жандар Асанның пікірінше, бүгін мен болашақтың алтын діңгегіне айналған ойшылдың тұлғасын толық танып үлгердік деу асығыстық. Сыры мен жұмбағын ішіне бүккен шығармалары әлі де баршылық. Бұл оның тым тереңдігін аңғартса керек. Адамзаттың ақылманы ең алдымен ұлтын шексіз сүюдің қандай болатынын көрсетті. Сынады, сынау арқылы ұлтының өсіп-өркендегенін көздеді. – Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз» дейді хакім. Абайдың ерекшелігі – надандықтың орнына білімпаздықты, тайталастың орнына татулықты, даңғойлықтың орнына даналықты сіңістіріп, халқымыздың рухани қасиеттерін паш еткендігі. Себебі нағыз қайраткер ғана туған елін іргелі істерге бастап, орға жығатын емес, өрге бастайтын жол іздейді, – деді Ж. Асан.