Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Apple жүлдесіне ие болды

Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Асқар Әлмұхаметов әлемнің үздік жас өнертапқыштарының қатарын толықтырды. Apple компаниясы ұйымдастырған инновациялық жобалар байқауында атыраулық оқушы домбыраның симуляторын дайындады, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

– Әйгілі Стив Джобс негізін қалаған Apple компаниясы бағдарламалаумен айналысатын жастарды ынталандыру үшін жыл сайын инновациялық жобалар байқауын өткізеді. Конкурстың шарты бойынша әуелі үздік жұмыстар іріктеледі. Одан соң компания өкілдері жобаның авторларымен байланысқа шығады. Мен бұл конкурсқа домбыра тартуды үйрететін симуляторды ұсындым. Симулятор Swift бағдарламалау тілімен жасалды, – дейді Асқар Әлмұхаметов.

Оның айтуынша үздік жеңімпаздар Apple компаниясы қаржыландырған білім грантына ие болады. Грант дарынды жастардың Сан-Францико қаласындағы (АҚШ) Apple кеңсесінде тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Алайда әлемде орын алған пандемияға байланысты бұл жоспар кейінге қалдырылғаны белглі болды. Десек те, ұйымдастырушылар Асқардың еңбегін бағалап, ынталандыру үшін компания атынан күзгі күртеше, кәде сыйлық және конкурсқа қатысқаны үшін дипломды табыстаған.

Асқар Әлмұхаметов бірнеше республикалық және халықаралық деңгейдегі стартап конкурстардың жеңімпазы. Бұған дейін ол балалар үшін «Qulynym» мобильді қосымшасын жасап шықты. Бұл қосымшада мектепке дейінгі балалар үшін қазақ тілді контент жинақталған. Осылайша Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы IT саласын жетік меңгеру арқылы ұлттық технология саласын жаңғыртуды көздейді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий