Абай есіміне лайық болу басты міндетіміз
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп айтқандай, ұлттық құндылықтарды ұлықтау – ұрпаққа парыз екені ақиқат.
Биылғы жыл еліміз үшін рухани құндылықтарымызды дәріптейтін, ұлыларымызды ұлықтайтын жыл болмақ. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп жырлаған қазақтың бас ақыны, қоғам қайраткері, ағартушы, жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының туғанына күні кеше 175 жыл толды. Осы мерейтой қарсаңында ашылған білім ордасына Абай атамыздың есімі берілгені біз үшін ерекше қуаныш, мерейлі мәртебе сыйлады.
2019-2020 оқу жылының “Білім күні” мерекесіне орай мемлекетіміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлия Назарбаева, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мектебіміздің ашылу салтанатының құрметті қонағы болып, мектеп оқушыларына жылы лебіздерін білдіріп, ұстаздар қауымына шығармашылық табыс тілеген еді. Әлия Нұрсұлтанқызының бастамасымен мектебімізге 3Д-модельдерді зерттеуге арналған виртуалды-ғылыми секциясы бар «Жасыл технологиялар» зертханасын, «СарыарқаАвто Өнеркәсіп» қазақстандық зауыты жаңа үлгідегі мектеп автобусын сыйға берді. Бұл мектеп оқушылары мен ұстаздарына тамаша тарту болды.
«Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды”, – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап айтқандай, мектебімізде жас ұрпақтың бойына ойшыл ғұламаның даналығын дарыту мақсатында түрлі шаралар ұтымды ұйымдастырылуда. Тарихи тау тұлғаның ғибратқа толы, ауқымды мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында «Абайтану ғылыми-танымдық орталығы» ашылды. Бұл орталық бас ақынның шығармалары арқылы жастардың бойына адамгершілік, ұлттық дәстүрді білетін, ізгі қасиеттерді бойға сіңірген, «Толық адам» тұлғасындағы дүниетанымы жаңғырған ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай» бөлімдері бойынша жұмыс жүргізеді.
Білім ордасында мультимедиялық «Абайтану» кабинеті жасақталып, адамзат алыбына айналған ақылман бабамыздың өнер мен білім туралы өлеңдерін, қастерлі қарасөздерін, әсем әуезді, эстетикалық көркемдігі жоғары әндерін және тәлімі мен тағылымы мол аудармаларын жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында атқарылған және алдағы жоспарда тұрған ізгілікті істер жетерлік. Оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдылары мен таным көкжиегін дамыту мақсатында Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті профессорлары мен ғылым докторлары ағартушы, философ мұрасының зерттелуі жайлы үздіксіз дәріс оқып, тың идеяларымен бөлісуде. Абайдың құнды еңбектерін жинақтап, Семей қаласындағы Абай атындағы тұңғыш әдеби-мемориалды мұражайын ашуға өлшеусіз үлес қосқан Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Қайымқызымен кездесу барысында мертебелі мейманымыз «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт томдық кітапты сыйға ұсынды.
«Ата-ана – оқушы – ұстаз» үштік одақ бойынша мектеп ұжымы ата-аналармен бұрыннан бар байланыстырды берік бекемдеуде. Әр сенбі сайын ата-аналарға арналған ашық есік күндері ұйымдастырылып, психологиялық тренингтер мен интеллектуалды және спорттық ұлттық ойындарға белсене қатысуда. Ұлағатты ұстаздар шәкірттердің ана тіліне құрмет сезімін арттыру, таза сөйлеуге дағдыландыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету мақсатындағы тағылымды басқосуларды ұтымды үйлестіруге үйренген. Мектеп оқушылары қала көлемінде ұйымдыстырылған Абай, Жамбыл, Ақселеу, Фариза, Ғали, Әбіш көркемсөз оқуларынан жүлделі орындарға ие болуда. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты білімгерлер Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған жергілікті іс-шаралар мен байқауларға қашықтан қатысып, үздіктер сапында топжарды.
Сынып жетекшілері және пән мұғалімдерінің бастамасымен онлайи түріндегі түрлі шараларды ұйымдастырудамыз. Ұлыларымызды ұлықтап, даналарымызды дәріптеу – халқымыздың мерейін үстем ететін игі дәстүр. Біз тарихи тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден өркениеттің, білім мен ғылымның, әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге әйгілей аламыз. Абайдың үлгі-өнегесін өскелең жас ұрпаққа мектеп қабырғасынан бастап үйрету аға буын өкілдерінің парасатты парызы. Абай есіміне лайық болу біздің басты міндетіміз.
Айгүл Оңдағанқызы КАШАЕВА,
Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп
гимназиясының директоры, Нұр-Сұлтан қаласы