Баршаны алаңдатқан басты мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз айының бесі күні қабылдауында болған еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетов Президентке барша қоғамды алаңдатып отырған басты мәселе – отандық  білім беру жүйесінің жаңа оқу жылына дайындығы мен Министрлікке  міндеттелген өзекті мәселелердің жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді. Ел тағдыры мен жас ұрпаққа тәрбие және білім беру ісінің тізгінін ұстаған жауапты тұлғалардың осындай бас қосуы барша педагогика саласы өкілдерінің назарын өзіне аудартты. Жоғары мемлекеттік деңгейде өткен ашық кездесу барысында еліміздің білім беру саласы үшін өте маңызды бірқатар мәселелер көтеріліп, оларды шешудің нақты жолдары, педагогикалық шарттары туралы сөз етілді. Осындай мәселенің бірі – бүгінгі әлемдік деңгейде орын алып отырған пандемияға орай, жаңа 2020-2021 оқу жылының барлық білім беру жүйелері үшін онлайн форматқа көшірілуі болып табылады.

Мемлекет басшысының алдағы жаңа оқу жылының талапқа сай, сапалы ұйымдастырылуын ең маңызды қоғамдық, әрі әлеуметтік-педагогикалық мәселе ретінде қашанда өзінің басты назарында ұстауы барша ұстаздар қауымы үшін үлкен қолдау. Дәстүрлі үрдістен жаңа форматтағы оқыту жүйесіне көшу еліміздің барлық білім беру мекемелері үшін бірқатар қиындықтар тудырғаны жасырын емес. Дегенмен, білім беру саласының дамуындағы бірқатар маңызды міндеттерді айқындап берген қарама-қайшылықтар осы саладағы дамудың көзіне айналып, жаңа бетбұрыстарға жол ашты. Жоғары білім берудің сапасын одан әрі арттыру, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының деңгейін сәйкестендіру қажеттігіне аса мән берген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар мақсатты тәрбие беру ісіне аса көңіл бөлудің қажеттілігін еске салып, мектеп оқушыларына қосымша білім беру бағыттары бойынша жұмыстардың қарқынын арттыру қажеттілігіне басымдық бергенін білеміз. 

Бұл орайда біздің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде алдағы жаңа оқу жылына барлық Білім беру бағдарламалары бойынша дайындық жұмыстары жан-жақты ойластырылып, кешенді жүзеге асырылуда. Әрине, осы пандемия жағдайындағы бірқатар мәселелердің оң шешім табуында, біздің жоғары оқу орнындағы дәстүрлі оқыту жүйесімен қатар заман талабына сай бұдан бірнеше жыл бұрын бастау алған қашықтан оқыту жүйесінің тәжірибесі өзінің оң нәтижесін берді. Осы уақыт аралығында бірқатар тәжірибе жинақтаған академиялық ұжым үшін елдегі төтенше жағдайға орай жаппай қашықтан оқыту форматына көшу аса қиындықтар тудыра қоймады. Алғашқы сын сағаттардан бастап, білім алушылардың қашықтан оқуға дайындық деңгейіне мониторинг жүргізіліп, олардың әлеуметтік мүмкіндіктері жан-жақты талданды. Жинақталған мәліметтер түсіндірме жұмыстарыг жүргізуге негіз болды. Оқу жылының соңында түрлі деңгейдегі құрылымдар бойынша (ректорат, факультет, кефедра) университет басшылығы тарапынан профессор-оқытушылардың сапалық құрамы, онлайн-оқытуға даярлығы қайта қаралып, пысықталды. Ақпараттық технологиялар негізінде оқу-әдістемелік құралдарды қайта даярлау, сапалы видео-дәрістер жазу және осы бағыттағы кәсіби іскерліктер мен дағдыларды қалыптастырудағы біліктілікті жетілдіру курстарын ұйымдастыруда ұйымшыл ұжымның интелектуалдық және академиялық күшін жұмылдыру шаралары жүзеге асырылды. Жаңа оқу жылының өз деңгейінде уақыт талабына сай еш кедергісіз басталуын қамтамасыз ету үшін оқытушылар онлайн-дәрістер мен практикалық сабақтардың әзірлемелерін қайта дайындауды қолға алды.  

Қашықтан оқыту кезінде жаңашыл-стратег, университет ректоры Бауыржан Ердембеков тікелей бақылауға алған маңызды бір мәселе аз қамтылған отбасылардан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерді әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық қолдау шараларын қолға алуы мен нақты міндеттердің жүзеге асырылуын ерекше атауға болады. Мысалы: ақылы бөлімде оқитын студенттердің берешегін кейінге шегеру, жұмыссыз қалған әр ата-ана мен отбасыларының мүмкіндіктерін ескеріп, оларға қолдан келгенше жеңілдіктер беру және тағы да басқа мүмкіндіктердің қарастырылуы үнемі назарда болды. Сонымен қатар ұжым басшысының әлеуметтік қамқорлығы мен материалдық қолдауынан профессор-оқытушылар құрамы да назардан тыс қалмады. Дүниежүзін жайлаған пандемия жағдайында денсаулығы сыр берген оқытушылар университет басшысы мен кәсіподақ ұйымы тарапынан бірқатар қолдауларға ие болды. 

Мемлекет басшысының ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты қабылдауда айтқан білім беру мекемелері басшыларының әр өңірдегі облыс әкімдерімен бірлесе отырып, бірқатар мәселелерді шешу туралы  пікірі де біздің жоғары оқу орны жағдайында жергілікті өңір басшыларымен тығыз байланысты сақтай отырып, түрлі әлеуметтік топтағы білім алушылар үшін нақты қамқорлықтардың жасалуынан көрініс тапты. Бұл тұрғыда облыс, аудан әкімдері тарапынан және түрлі өндірістік кәсіпорындар тарапынан ұсынылған гранттардың қарастырылғандығын және университет ректоры бастамасымен қала, аудан мектептерімен бірлесе өткізілген «Жұбанов керуені» акциясы аясында жаңа оқу жылында келетін талапкерлер үшін университеттің атаулы білім гранттарының табысталғандығын нақты айтуға болады.

Бұл біздің 85 жылдық тарихы бар жоғары оқу орнының  қоғамның түрлі саладағы  даму талаптарына жауап берудегі санға емес, сапаға бағытталған кадрлар даярлығын жүзеге асырудағы жоғары академиялық белсенділігінің айқын көрінісінің дәлелі. Университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамының қоғамдық, әлеуметтік және педагогикалық белсенділігі мен қырағылығының көрінісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұжымы мемлекет басшысымен болған кездесуде еліміздің бас педагогы қандайда бір жаңа бастамаларды жүзеге асыруда, барлық тапсырмалар бойынша жергілікті әкімдіктермен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізетіндігін айрықша атап айтқан ойын толықтай қолдап, дана халқымыз айтқандай осындай қиын-қыстау сәттерде «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла қызмет етуге дайын екендігін сеніммен айта алады. Сондай-ақ, Асхат Қанатұлы өзіне және Министрлікке Президент ғылым саласын қаржыландыру және басқару жүйесін жаңғырту шараларын қабылдауды, ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуды, ғылыми кадрларды дайындаудың тиімділігін арттыруды тапсырғандығын баса айтты.

Бұл бағытта да біздің университет өзінің нақты атқарылған істерін, келешектегі жоспарларын айта алады. Мәселен, бірқатар мәселелерді кешенді шешуді қарастырған жобалардың (кәсіпкерлікке баулу, мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушыларға қосымша білім мен тәрбие беруді дамыту және тағы да басқалардың) университетте жүзеге асырылуын, «Startup» академиясының  ашылуы мен «Ақылды балабақша» жобасы негізінде «Зерек» балаларды дамыту орталығы жұмысының жолға қойылғанын атауған дұрыс. Осы басқосудағы тағы бір барша зиялы қауым өкілдерінің назарын өзіне аударған басты мәселе – педагогтардың мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстардың жалғастырылуы. Біздің жоғары оқу орны бірқатар педагогикалық білім бағдарламалары бойынша мамандар даярлайтын болғандықтан, бұл мәселенің өзектілігін терең түсініп, қабылдайды.

Сондықтан біздің академиялық орта, еңбек нарығында бәсекелестіккке төтеп бере алатын педагог мамандар даярлығын қамтамасыз етуде өз білім беру траекториясын құрудағы нақты стратегияларын жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда университет тәжірибесіндегі дуальды оқыту жүйесі, академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беруді жүзеге асыру мен танымның бастауы – көптілді білім беру, кәсіби білім беру ісіне практик мамандардың тартылуы, арнайы ғылыми орталықтар мен зертханалардың ашылуы, заман талабына сай жабдықталған оқу аудиторияларының қайта жасақталуы сынды атқарылып жатқан ұжым, басшылық еңбегі болашақ ұстаздар мәртебесін арттырудағы және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауды қамтамасыз етудегі игі істер.

Осы атқарылып жатқан шаралар мемлекет тарапынан бүгінгі жоғары оқу орындарына академиялық дербестік беру мен ғылым, білімді дамытудағы жаңа талаптарға сай қызмет етудегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті профессор-оқытушылар құрамының жаңа бастамаларды қолдай отырып, бүгінгі білім беру парадигмасын жүзеге асырудағы ғылыми-педагогикалық еңбегінің нәтижелі жемісі.

Гүлшат Рахметжанқызы БАХТИЯРОВА,
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің “Педагогика, психология
және бастауышта оқыту” кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий