Айгүл Мұқашева: Жұмыс беруші қашықтан жұмыс істейтін ұстаздардың интернет пен жарыққа кеткен шығындарын төлеу мүмкіндігін қарастыру керек 

Шалғайдағы ауылдардағы шағын жинақты мектептерді қоспағанда, 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы барлық мектептер мен ЖОО үшін қашықтан оқыту форматында басталатын болды. Отандық білім беру жүйесінде онлайн оқыту форматына көшу – алғашқы сынақ емес. Өткен оқу жылында жинаған аз-кем тәжірибе бар. Ендігі мәселе – қашықтан оқыту кезіндегі ұстаздардың мүддесі. Ерекше форматта жұмыс істеу жағдайында ұстаздардың құқығы қалай қорғалады? Осы мәселе төңірегінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваға бірқатар сауал қойдық.

Айгүл Мақсатқызы, өзіңіз білесіз, өткен оқу жылы оқушылар ғана емес, ұстаздар үшін де оңай болған жоқ. Осы уақытта мұғалімдердің мүддесі қалай қорғалды? Пандемия кезіндегі кәсіподақ жұмысына тоқталып өтсеңіз… – Иә, дұрыс айтасыз, елімізде коронавирус инфекциясының таралуы білім саласын да сырт айналып өткен жоқ. Ұстаздар қауымының жаңалықты жатсынбай қабылдауының арқасында күрделі сынақтан ойдағыдай өттік  деуге болады. Қандай форматта жүзеге асырылса да еңбек құқығының бұзылуына жол бермеу – кәсіподақ қызметінің басым бағыты болып қала береді. Бұл тұрғыда, төтенше жағдай кезінде, одан кейінгі карантин уақытында да Салалық кәсіподақтың белсенді жұмыс жүргізгенін ерекше атап өткім келеді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген соң Кәсіподақтың алдында сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, педагогтардың табыс деңгейін барынша сақтау секілді маңызды міндеттер қойылды. Әрине, коронавирус пандемиясы кезінде әдеттегі жұмысымыздың маңызы артып, қоғамда қалыптасқан жағдайға қарай әлеуметтік әріптестерімізбен тығыз байланыста жұмыс істедік. Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарының жұмыс берушілеріне қызметкерлерді қолданыстағы еңбек қы көрсеткіштерімен қамтамасыз ету, оларды ақысыз демалыстарға жіберуге жол бермеу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңнама тәртібін сақтауды талап етіп, үндеу жасады.

Салалық кәсіподақ төтенше жағдай және карантин режимі кезінде жұмыс берушілердің ықтимал іс-әрекеті туралы нұсқаулықтар әзірлеп, түсіндірмелер берді. Бұдан бөлек мамандар жұмыстың бос тұрып қалу режиміне  ауыстырылған қызметкерлерге ақы төлеу, демалыс беру тәртібі мен оларға төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша түсіндірмелерін шұғыл түрде әзірлеп, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялады. Әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымыз арқылы тікелей эфирге шығып, кәсіподақ мүшелерінің сауалдарына жауап бердік. Бір ғана мысал, соңғы осындай онлайн сұрақ-жауап эфиріне мыңға жуық мұғалім қатысып, 500-дей сұраққа жауап берілді.

Сонымен қатар, қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтау және оларды тез арада жою мақсатында жүйелі мониторинг жасалып, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде ашық топтар құрылды. Осы кезеңде барлық өңірлерде Салалық кәсіподақ мамандары 24/7 режимінде қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңес берді. Жалпы ТЖ және карантин режимдері енгізілген наурыз айынан бастап оқу жылы аяқталғанға дейін Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарына сала қызметкерлерінен 2500-ге жуық өтініш-сауал түсті. 400-ге жуық жазбаша өтініш қаралды. Түскен сауалдар мен өтініштерге түгелдей жан-жақты жауаптар мен түсініктемелер берілді.

Жалпы, педагогтар кәсіподаққа қандай мәселемен шағымданады? – Сауалдар мен өтініштердің басым бөлігі еңбек қатынастарына және жалақыға байланысты. Карантин кезеңінде барша сала қызметкерлеріне, олардың ішінде әсіресе бала-бақша қызметкерлеріне оңай болған жоқ. Өйткені, өздеріңізге белгілі, наурыз айынан бастап бірқатар өңірлерде бала-бақшалар жұмыс істеуін тоқтатып, бірқатар жұмыскерлер ақысыз демалысқа жіберіліп жатты. Осы орайда, үшжақты әлеуметтік әріптестік туралы салалық өңірлік келісімдерде белгіленген Кәсіподақтың ұсыныстары ескеріліп, қызметкерлер жұмыстың бос тұрып қалуы кезінде Еңбек кодексінің нормаларымен көзделген мөлшерден артық төлемдер алуына мүмкіндік жасалғанын айрықша атап өткім келеді. Яғни, кәсіподақ мүшелерінің айлықақылары өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттарға сәйкес төленді. Салалық кәсіподақ өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек жағдайларының жақсаруына мүдделі және бұл мәселені әрдайым назарда ұстайды. Жаңа оқу жылында да мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің мәселесі осылай оңтайлы шешілетініне сенім білдіреміз.

Қашықтан оқыту кезінде мектеп мұғалімдерінің жалақылары сақталатыны айтылды. Демек, мұғалімдерге алаңдауға негіз жоқ қой? – Иә, дұрыс айтасыз. Тек мектеп мұғалімдері ғана емес, сонымен қатар, ТжК және ЖОО оқытушылары да оқу жоспарына сәйкес сабағын жүргізеді, соған сәйкес оқу жүктемелері бойынша еңбекақылары толық төленуі тиіс.

Жалақысы толық төленбеген мұғалімдер кәсіподаққа жүгіне ала ма? Жалпы педагогтардың жалақысын дұрыс есептемеу, дұрыс төлемеу секілді жайттар кездесе ме?  – Жалақысы дұрыс төленбеген жағдайлар болса, педагогтар кәсіподаққа жүгінуге құқылы, мұндай фактілер орын алғанда, құқықтық сараптама жүргізіп, әрбір мәселенің мән-жайын анықтаймыз. Жалпы, білім беру ұйымдарында мұғалімдердің жалақысын дұрыс есептемеу жағдайлары көп кездеседі. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметтері білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын орындау бойынша 1191 қоғамдық  бақылау жүргізіп, 1093 түрлі еңбек заңнамасын бұзушылық дерегін анықтады. Оның 378 айлық ақының дұрыс төленбеуіне қатысты.  

Жыл сайын кәсіподақтың араласуымен педагогтарға тиесілі қаражаттар қайтарылып беріледі. Мәселен, былтыр бұл сома 2 067 124 753 теңгені, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 653 893 331 теңгені құрады.  Бұл педагогтардың еңбекақыларын, сондай-ақ педагогикалық шеберлік бойынша біліктілік санатына, магистр дәрежесіне берілетін қосымша ақылар, сонымен қатар, еңбек демалысының ақысы мен сауықтыруға арналған жәрдем ақының тиісті деңейде есептелмеу салдарынан қайтарылған қаражат.

Жоғарыда білім беру ұйымдарында биылғы жарты жылдықта мыңнан астам еңбек заңнамасын бұзушылық дерегі анықталды дедіңіз. Айлық ақының дұрыс төленбеуінен бөлек педагогтарға қатысты басқа қандай құқық бұзушылықтар орын алды? – Құқық бұзушылықтардың қатарында жұмыс уақыты мен демалу режимін бұзушылық (биыл 6 айда – 229 дерек), еңбек қатынастарын рәсімдеу (349 дерек) және басқа да (137) деректер бар. Биылғы жарты жылдықта жұмыс берушілерге орын алған еңбек қатынастарының бұзылғаны жөнінде 580 ұсыныс жолданды, 537 ұсынысқа кемшіліктерді жойғаны туралы жауап алынды. Бұл кәсіподақтың араласуымен құқық бұзушылықтардың алды алынғанының айқын дәлелін көрсетеді. Осы мерзім ішінде кәсіподақ мүшелерінің заңды мүдделерін және еңбек құқығын қорғау мақсатында сотқа 8 талап-арыз жіберілді.

Кәсіподақ өкілдері 11 кәсіподақ мүшесіне сот процестерінде өкілділікті қамтамасыз етті. Тексерістер нәтижесінде 54 қызметкер жұмысына қайта орналастырылды, оның 3 сот арқылы. 91 қызметкердің заңсыз жұмыстан қудалануының алды алынды. Салалық кәсіподақ өз мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерінің бұзылуын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

Қашықтан оқыту процесін ұйымдастыру кезінде еңбек қатынастарында қандайда бір ерекшеліктер бола ма? Мүмкін бұл саланы реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу керек шығар? – Қашықтан оқыту форматы бұған дейін еліміздің білім жүйесінде жаппай түрде қолданылмаған. Жалпы, қашықтан жұмыс істеуге ауысқан кезде еңбек жағдайы ҚР Еңбек кодексінің 138-бабына (Қашықтан жұмыс істеу) сәйкес реттеледі. Еңбек заңнамасы жұмыс берушіні қашықтан  жұмыс атқару үшін жұмыскерге жағдай жасауға міндеттейді. Тараптардың келісімі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге жұмыс беруші үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де шығыстар (электр энергиясының, судың құны және және басқа да шығыстар) өтелуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі  ұялы байланыс операторларымен бірлесіп қашықтан білім беруді қолдау мақсатында мектеп оқушылары мен студенттерге және мұғалімдерге  арналған «Білім» арнайы тарифтік жоспары іске қосылатынын хабарлады.

Салалық кәсіподақ бұл шешімді күрделі кезеңде қабылданған оңтайлы шешім деп есептейді. Еңбек кодексіндегі жоғарыда аталған нормалардың орындалуы үшін абоненттік төлемі айына 990 теңге тұратын «Білім» тарифтік жоспарының ақысын жұмыс беруші есебінен төленуі тиістігін баса атап өткім келеді. Осыған қоса, жұмыс беруші қашықтан жұмыс істейтін әр ұстазға электр энергиясына кеткен шығынын да төлеу мүмкіндігін қарастыруы керек.

Демек, мектеп әр мұғалімге 990 теңге тұратын интернет шығынын және электр қуатына жұмсалатын шығынды өтеп беруі керек дейсіз ғой. Олай болса әр қызметкерге электришығынының өтемақысы қалай төленеді? – Салалық кәсіподақ мамандары электр энергиясына кететін шығынды шамаман есептеді. Мысалы, компьютер (монитор, процессор)/ноутбук тұтынатын қуат сағатына орта есеппен 230 ватт немесе сағатына 0,23 квт). Қашықтықтан жұмыс істеу ұзақтығы – күніне 18 сағат нормативті оқу жүктемесі есебінен 3,6 сағатты құрайды. Бес күндік жұмыс аптасы мен айына шамамен 22 күн жұмыс күнін есепке алған жағдайда тұтынатын электроэнергиясының көлемі күніне – 0,83 квт, ал айына -18,22 квт. құрайды. Сонымен, бір айдағы жұмыс күндеріне кететін электр энергиясына жұмсалатын шығын көлемі (1 квт тарифтің құнын орта есеппен 18,00 теңгемен есептегенде) 327,96 теңге болады. Әр өңір өз тарифтері бойынша бұл шығынды нақты есептеп алуға мүмкіндіктері бар. Сонда Білім” тарифтік жоспарының абоненттік төлемі мен 1 айдағы жұмыс күндеріне жұмсалатын электр энергиясының шығын көлемі шамамен 1 318 теңге болмақ.

Педагогтарға жаңа оқу жылы қарсаңында лебіз-тілегіңіз болса, мархаббат.. – Жер жүзін қауіпті індет жайлаған күрделі кезеңде білім саласы, оның ішінде орта білім жүйесі біраз өзгерістерді өткеруде. Бұл тарихи сәт. Осынау қиын шақта шәкірт тәрбиелеуге үлес қосып, ерекше форматта білім беріп жатқан барша ұстаздың еңбегін ерекше атау керекпіз. Біз бұл қиын кезеңді де еңсереміз, бастысы басымыз аман, бірлігіміз бекем болсын дегім келеді. Салалық кәсіподақ қай кезеңде де сала қызметкерлерінің жалақысы толық көлемде сақталып, еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделері қорғалуы жолында қарқынды жұмыс жүргізеді. Жаңа оқу жылында әріптестерге денсаулық, табыс, қызметтеріне сәттілік тілеймін. Мынау әбіргерге салған індет жер бетінен тезірек жойылып, қалыпты өмірімізге тезірек оралсақ екен.

Сұхбатыңызға рахмет!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Айгүл Мұқашева: Жұмыс беруші қашықтан жұмыс істейтін ұстаздардың интернет пен жарыққа кеткен шығындарын төлеу мүмкіндігін қарастыру керек 

  1. Сәлематсыздар ма? Көкейкесті мәселені көтерген екенсіздер. Бұл мәселе оң шешімін тапса, жақсы болар еді.
    ЖОО-ы оқытушыларының айлығы мектеп мұғалімдерімен салыстырғанда, біршама аз. Жазғы демалысқа маусым айында шыққаннан, қазанның 10-ы болмай айлық алмаймыз. Заңды еңбек демалысынан кейін ақысыз демалыста боламыз. Жаз бойы ауырғанымыз бар, өзімізге де отбасындағылардың еміне де біраз қаржы кетті. Қашықтан уақыту кезінде басты құрал компьютер ғой. Оны да жаңалап, несиеге алуымызға тура келді. Балаларды оқыту керек. Бұл барлық отбасына тән қиындық. Қазір қаражат жағы кім-кімге де оңай тиіп тұрған жоқ. Түсінеміз. Дегенмен де, мемлекет те ЖОО-ы оқытушыларының мұң-мұқтажын назарға алса екен.

Добавить комментарий