Румын еліндегі ақын ескерткіші

Осы жылы қыркүйекте Румыния астанасы Бухарест қаласында  қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылады. Оған Румыниядағы Қазақстан елшілігі мен Елбасы негізін қалаған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мұрындық болып отыр, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Тарихта тағдыры қанша сынаса да, тобылғының түбіріндей тістесіп, азаттықтың ақ таңына қолы жеткен әлемде 200-ге тарта мемлекет бар екен. Сол екі жүздіктегі еңселі мемлекеттің бірі – Қазақстан биыл ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дүниежүзі көлемінде атап өтуді қолға алды. Дара да дана перзентін тәңір сыйы деп білетін Қазақ елінің ендігі мақсаты – ұлт даналығын әлем даналығымен үйлестіру. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Румын елі төрінде асқақтайтын Абай ескерткішін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» және ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» еңбектерінің концепциялық мұратын, ақынның 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асырудың бір көрінісі деп біледі.

Қазақстан мен Румыния арасында дипломатиялық қарым-қатынас осыдан 28 жыл бұрын қаланған. Сол кезден бастап екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық орайлы дамып келеді. Румыния – Қазақстанның оңтүстік-шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі. Соңғы төрт жылда Румыния жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, ғылыми-техникалық мамандықтар бойынша қазақстандық білім алушыларға грант ұсына бастады. Бұл орайда Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемовтің және  Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың бірлесе атқарған жұмыстарының еңбегінің нәтижесінде Бухарест қаласының орталық саябағында «Нұр-Сұлтан» аллеясында қыркүйек айының басында Абай Құнанбайұлының бюстін орнату мәселесі шешімін тапты.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры төрағалығымен Ғылыми кеңес мәжілісі өтіп, бюст жобасының авторы болып мүсінші, университет профессоры Талғат Анарбеков бекітілді. Сөз соңында Румыния елінде бой көтеретін Абай мүсінінің авторы туралы да ақпарат бере кетейік. Анарбеков Талғат Әбдікәрімұлы  1960 жылы 3 сәуірде дүниеге келген. ЕҰУ профессоры  Қазақстан Суретшілер одағы және Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі. Оның авторлық жұмыстары өз еліміз бен шет елдердегі көрмелерде орын алған. Румын төріндегі Абай ескерткіші Шығыс Еуропадағы поэзия мен философия рәмізіне айналып, Қазақ елін әлемге асқақтата береді деп сенеміз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий