Дені сау ұрпақ – баянды болашағымыз
Елімізде коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуда мамандар қызметі ақпараттық технологиялар көмегімен жүзеге асырылды. Мектепке дейінгі ұйым – тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдардың алдында тұрған міндеттердің басты шарты – болашаққа сеніммен қарайтын, дені сау, білімді, саналы жеке тұлға тәрбиелеу және жас ұрпақтың бойына жеке, қоғамдық гигиеналық дағдыларды, салауатты өмір сүру көзқарасын қалыптастыру.
Осыған орай, балабақшаларда баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған «Денсаулық сақтау технологияларының» түрлі нысандары мен тәсілдері қолданылады. Атап айтқанда, дене жаттығуларын жасау, баланың өзіндік қызығушылықтарын арттыру, қимылдық іскерліктерін жақсарту мақсатында қимылды және спорттық ойындар, релаксация, саусақ жаттығулары, тыныс алу жаттығулары, степ – аэробика, арт – терапия, артикуляциялық жаттығулар, музыкотерапия, түстер терапиясы, ертегі терапиясы және емдік шаралары (дәруменді шөптерден қайнатылған сусындарды қабылдау) пайдаланылады.
Бүгінгі жағдайда қашықтан бала денсаулығын нығайтуда ата-аналармен бірлесе атқарылатын шаралардың маңызы өте зор. Біздің ұйымшыл ұжымы «Денсаулық сақтау технологиясын қолдану арқылы бала денсаулығын нығайту» эксперименталды алаңның жұмысы аясында педагогикалық денсаулық сақтау технологияларын қолдану бала аурушаңдығының төмендеуіне, түрлі аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретіндігіне куә болдық. Эксперименталды алаң жұмысының оң нәтижесін ескере келе, дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-аналар үй жағдайында отырып балабақша қабырғасындағыдай күн тәртібіне бағынуды, отбасында төмендегі денсаулық сақтау технологияларын жасауды әдетке айналдыруды ұсынамыз.
Таңғы жаттығулар: «Степ аэробика» (буын, өкпе, жүрек қабынуларының алдын алады, төзімділікке, шапшаңдыққа баулиды), «Созылу жаттығулары» (баланың дене бітімінің дұрыс, шымыр болып қалыптасуына мүмкіндік береді), «Музыка терапиясы» (жүйке жүйесінің шаршауын басып, көңіл-күйді ретке келтіреді). Серуен: «Тыныс алу гимнастикасы», «Қимыл қозғалыс ойындары». Гигиеналық шаралар. Ұйқы алдында: «Релаксация музыка әуенімен» (төсек үстінде орындалып, бұлшық еттердің ширауына жақсы әсе етеді, мазасызданудың алдын алады). Ұйқыдан кейінгі ояну: «Нүктелі массажды төсеніштермен жүріп өту» (жалпақ табандылықтың алдын алып, өкпедегі зат алмасу мен қан айналымын жақсартады, тұмаудың алдын алуға себеп болады), «Тыныс алу гимнастикасы» (түрлі аурулардың алдын алып, өкпе дамуына ықпал етеді). Созылу ойын жаттығулары: «Ритм әлемінде», «Ойын терапиясы». Сауықтыру шаралары (ауыз, мұрын қуысын дәруменді шөптермен шаю). Тәтті ұйқы: «Ертегі терапиясы», «Түстердің әсері» (түрлі аурулардың алдын алуда, әр түстің өзінің берер әсері бар).
Бұл педагогикалық денсаулық сақтау технологияларына ата-аналар ізденіспен мән беріп, бала денсаулығы үшін оларды қолға алса, бала мен ата-ана арасындағы бірлескен істің оң нәтижесі болады. «Ұрпақ денсаулығы – ұлт саулығы» екенін естен шығармай, дене тәрбиесімен айналысуды отбасылық дағдыға айналдырса, дұрыс тамақтану, тазалық пен санитария шараларын сақтауға көңіл бөліп, ұрпақ санасына кері әсерін тигізер, жаман әдеттерден аулақ болсақ, табиғаттың ең қымбат жемісі дені сау жан екенін ұғынамыз. Сүйіспеншілік пен өзара түсінісу – салауатты отбасының айнымас бөлігі. Сізбен біз болып бала тәрбиелеуде үлкен еңбек жолында жеңіске жетуге ұмтылайық. Өркениеттің негізі – салауатты және рухани дамыған ертеңгі елдің ұл-қыздарын тәрбиелеп шығу жолына бірлесе үн қосайық.
Жанар ЖУСИПАЛИЕВА,
№71 «Мөлдір» балабақшасының
меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы