Биыл грант қалай бөлінді?

Ата-аналар үмітпен күткен, талап­керлер тағатсыздана тосқан жаңалық та белгілі болып, мем­лекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Биыл грант кімге бұйырды? Анығы, қай сала, қандай мамандықтарға бөлінді?, – деп жазады республикалық “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайты.

Алаңдауға қос себеп. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындайтын комиссияның отырысы аяқталысымен, оның қорытындысы жылдағы дәстүр бойынша бас басылым – «Egemen Qazaqstan» газетіне шығады. Сол қалыптасқан үрдісті білетін ата-аналардың бірі хабарласып: «Грант нәтижесі газеттің ертеңгі нөміріне кетіп бара жатса, көріп беріңізші. Қызыма алаңдап отырмын», деген өтінішін жеткізді. Бір байқағанымыз, биыл ата-аналардың алаңы – бұрынғыдан бөлектеу. Оның себебі де түсінікті болар, карантин талаптарын сақтау білім жүйесін біраз өзгеріске ұшыратты. Талапкерлер өз денсаулығын тәуекелге тігіп, тестілеу сынағын тапсырды. Уайым көбейгендіктен ойдың да екіге бөлініп, ҰБТ нәтижесіне едәуір әсер еткенін біршама тест тапсырушы өрендерден білдік. Сондай-ақ ата-аналар мен талапкерлердің грант қорытындысына алаңдауына тұрарлық екінші себеп бар. Бұл – грантқа деген бәсекелестіктің аз да болса артуы.

Айталық, 2019-2020 оқу жылына бө­лін­ген 53 мың 785 грантқа 64 мың 452 талапкер таласты. Сонда 1 орынға 2 адам да таласып тұрған жоқ. Біз былтыр Мем­лекеттік білім беру гранттарын тағайындайтын комиссияның мүше­сі ретінде кейбір мамандықтарға өтініш берген талапкерлердің болма­шы балмен грантқа түскеніне көз жет­кіз­генбіз. Ал биыл былтырғы көлемде бөлінген грантқа 80 мыңнан аса адам үмітті болды. 1 орынға 2 адам таласып тұрмаса да мемлекеттік білім беру грантына өтініш берушілер саны өткен жылғыдан 20 мыңға көбейген. Бұл сөзсіз бәсекелестікке бастайды.

Көшбасшы мамандықтар мінбері. Биыл қандай мамандықтарға грант көп тағайындалғанына тоқталайық. Осы жолы мемлекеттік тапсырыс ең көп бөлінген мамандықтар тізімінде 2500 грантпен «Қала құрылысы, құ­ры­лыс жұмыстары және азаматтық құры­лыс» мамандығы көш бастады. Бұл мамандыққа бөлінген грант саны был­тыр­ғымен салыстырғанда бір цифрға да өзгермеген. Ал «Ақпараттық технологиялар» мамандығына мемлекеттік тапсырыс көлемі азайған. Былтыр бірінші орында болған «Ақпараттық технологиялар» мамандығы 2468 грантпен биыл 2 орынға тұрақтап тұр. Мамандық бойынша мемлекеттік грант ең көп қарастырылған мамандықтардың үздік үштігін 2147 грантпен «Жалпы медицина» мамандығы аяқтайды.

Білім және ғылым министрлігінің биыл 21 шілдеде жариялаған ақпара­тына сүйенсек, «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына 2147 грант қарас­тырылған. Ал жоғарыдағы «Жалпы медицина» мамандығына тура осы көлемдегі 2147 гранттың тағайындалғаны туралы мә­лі­мет «Әділет» сайтынан алынды. Нормамивтік-құқықтық актілер жария­ланатын бұл сайттағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу туралы Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 28 маусымдағы № 287 бұйрығында «Қ­о­ғамдық денсаулық сақтау» маман­дығына биыл бөлінген грант көлемі 100-ді көрсетіп тұр. Ең қызығы, екі дереккөзде де жалпы медициналық ма­мандықтарға қарастырылған мем­лекеттік тапсырыс саны (барлығы 2700) өзгертілмеген.

Сонда грант есебі қа­лай болды? Бір болжамымыз бар, мем­ле­кеттік комиссия жағдайға қарай №287 бұйрыққа өзгеріс енгізген болуы мүм­кін. Соның нәтижесінде «Жалпы меди­цина» мен «Қоғамдық денсаулық сақ­тау» мамандығына бөлінген грант саны­ның орыны ауысқан. Бірақ мате­риал өндіріске даярланып жатқан уақыт­та министрліктен жауап жетіп, нәти­же­сінде ведомство таратқан ақпараттың қате екені және «Әділет» сайтындағы бұй­рықтың өзгермегені белгілі болды. Сөйтіп қоғам тарапынан және қо­ғамдық денсаулық сақтау саласын зерттеуші ғалымдардың бірнеше рет әріп­тес­терінің аздығына алаңдап шы­­рылда­ғаны және осы проблеманы шешу үшін аталған мамандыққа шетел­дер­дегідей көптеп грант бөлуді ұсын­ғаны ескерілген сыңайлы. Оның үстіне пан­демияға байланысты елдегі қоғам­дық денсаулық сақтау мамандарына деген сұраныстың жарты жыл ішінде күрт артуы да ықпал еткені анық. Әл­бетте мұндай мәселе азаматтарының ден­саулығын алдыңғы қатарға қоятын елдерде әлдеқашан жолға қойылған. Дегенмен біз «Ештен – кеш жақсы» деп ертерек қуанып қойыппыз.

Мемлекеттік сұраныстағы сала. Келесі кезекте мемлекеттің сұраны­сын­дағы салаларды айқындайық. Анық­тау үшін әлбетте тағы сол білім беруге бөлінген мемлекеттік тапсырыс көле­міне көз жүгіртеміз. Сала бойынша грант көп қарастырылған үздік үштікте Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы – бірінші орында. Аталған салаға квоталарды қоспағанда барлығы 13 мың 727 грант бөлінген, былтырғымен (13 мың 687) салыстырғанда бұл көрсет­кіш айтарлықтай өзгермеді. Ал педаго­гикалық сала жылдағыдай екінші орын­да тұр. Мұнда жетім немесе ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек талапкерлер мен Қазақстан азамат­тығын әлі алмаған этникалық қазақ­тарға қарастырылған квоталарды қос­қанда 8 мың 252 орынға мемлекет тап­сырыс берілген. Білім беру гранты ең көп қарастырылған алғашқы үштікті сала бойынша барлығы 4088 грантпен «Жа­ра­тылыстану ғылымдары, математика және статистика» аяқтайды. Был­тыр да осы салаға дәл осынша грант бөлінген болатын.

Атаулы гранттар бөлінісі. «Мәңгілік ел жастары – индус­трияға!» жобасы шеңберінде студент­терді оқытуға өткен жылы 5109 грант бөлінсе, бұл жолы едәуір өзгеріссіз 5107 орын қарастырылған. Бұл – 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін-2050» әлеуметтік бағытындағы мемлекеттік бағдарлама. Аталған жоба халық тығыз орналасқан еліміздің оң­түстік өңірлеріндегі (Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспей жатқан Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық облыстарында оқытып, жұмысқа орналастыруды көздейді. Соңғы кезде білім саласының сарапшылары тарапынан «Серпінде» серпін болмай жүргені жиі айтылса да бұл бағдарламаға бөлінетін гранттың көлемі азаяр емес.

Гранттар бөлінісіне сала бойынша назар салсақ, «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» алдыңғы қатарда тұр. Осы салаға «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасымен 2 мың грант қарастырылған. Былтыр да дәл осындай көрсеткіш орын алған еді. Екінші орынға тұрақтаған 1500 орынмен «Ақ­параттық-коммуникациялық технологиялар» саласы былтырғы санынан жа­ңылмапты. Бағдарламаға ең көп грант бөлінген алғашқы үштікті 1277 орынмен педагогикалық сала тәмамдайды. Былтыр бұл көрсеткіш 1279-ды құраған.

Ал мамандықтар бойынша биыл «Ақ­параттық технологиялар» (1250 орын); «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» (494 орын); «Электр техникасы және энергетика», «Қала құры­лысы, құрылыс жұмыстары және аза­маттық құрылыс» (әрқайсысы 300 орыннан) мамандарын даярлауға грант көп бөлінген. Мамандықтар бойынша атаулы грант ең көп қарастырылған үздік үштіктің қатары былтырғыдан мүлде өз­гермеген.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий