Абай ұрпақтары жайлы аса құнды он дерек

Абай (ортада) ұлдары Ақылбай (сол жақта) және Тұрағұлмен бірге

Заманымыздың кемеңгер ойшылы Абай Құнанбаев ұлтының нағыз жанашыры әрі хакім, әрі дана кісі болған. Оның ақындығына, біліміне һәм ойларының асылдығына ешкім шүбә келтірмейтіні анық. Сол себепті оның саналы ғұмырына қызығушылар да, өткен өмірінің қыр-сырымен терең таныс болуға ұмтылушылар да аз емес. Нақты дерек пен ел арасын кезген өсек-аяң ортасында ненің рас, ненің бос сөз екенін анық көрсетіп, дәлелді дәйек ұсынатындар, әрине, ұлы тұлғаның көзін көргендер, шәкірттері мен ұрпақтары болар.

Смағұлова Рая Әбжанқызы

Сондықтан  ақын бабамыздың кейінгі ұрпақтары жайлы шын деректі мағлұматтардың бірсыпырасын жинақтап таныстыруды Абайдың әйелдері арқылы тарқатуды жөн көрдік. Абайдың бәйбішесі – Ділдә Жүсіпқызынан (1844-1924) төрт ұлы, екі қызы болған: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Райхан, Күлбадан. Қазіргі көзі тірі ұрпақтарының көбісі Ақылбай Абайұлынан (1861-1904 ж.ж) үш ұл, үш қызынан тарайды: Әлімқұл, Әубәкір, Исраил және Пәкизат, Сағадат, Руқия. Ақылбайдың үлкен ұлы Әлімқұлдың (1914ж өлген) Бағыфур, Тайыр, Шәбеп (1903-1959 ж.ж) атты ұлдары, Ғазиза, Зәбіш, Қауаш атты қыздары болады. Тайыр жастай өлген, Шәбептен бала жоқ. Әлімқұлдың Бағыфурынан (1913-1981 ж.ж) үш ұл тарайды: Эрнест, Бауэр (1937-1978 ж.ж), Айдар. Бағыфур биологиямен, мал шаруашылығымен айналысқан ардақты адам болған. Бағыфурдың Эрнест деген баласынан (1935-1983 ж.ж) Айдос Ақылбаев туылып, 1980 жылдары Украинаға кетіп, хабар-ошарсыз жоғалған.

Ал көп жылдар бойы Ақтау қаласында тұрған Айдар (1949 жылы туылған) деген баласынан 1971 жылы Данияр туылады. Данияр Ақылбаев – Абайдың қазіргі күнгі еркек кіндіктен тараған соңғы ұрпағы болып саналады.Ол Бағыфұр атасының көзін көрген, кенже ұлынан туған ең кіші, сүйікті немересі еді. 2011 жылғы тамыз тоғызы күні «Азаттық» радиосының тілшісі Қазис Тоғызбаевқа берген сұхбатында Данияр атасының бала кезінде оған көп көңіл бөлгенін ерекше атап өтеді. Атасы оны жанынан бір елі қалдырмайтын болған. Даниярдың бойына өнер дарытуға тырысып баққан. Бағыфур атасының өлең жазып жүретінін, ол қазақша, бірақ көзге тосын көрінетін арабша әріппен жазатынын, жазғанын немерелеріне оқып отыратынын, Бағыфұр атасының бірнеше қалың-қалың қойын кітапшасы бар болғанын, кейін сол қолжазбалардың ұшты-күйлі жоғалып кеткенін еске алады. 

Абайдың Тұрағұлдан туған немересі Мәкен апамыз, 1995 жыл.

Данияр Санкт-Петербур теңіз институтын мұхиттанушы мамандығы бойынша (1996) және Санкт-Петербург гидрология институтының аспирантурасын бітірген. Қазіргі таңда әйелі, үш қызы бар, Алматыда тұрып жатыр. Ақылбайдың екінші ұлы  Әубәкірде 23 бала болған екен. Осы Әубәкір Абайдың тапсырмасымен әзіл, мысқыл, әжуа, сықақ өлең шығарып, он тоғызыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі сатираға өзіндік үлес қосқан. Оның сықақ өлеңдерінде Абай  ізі, Абай үлгісі сайрап жатыр. Әубәкір сатиралық өлеңдерімен бірге  тарихи шығармаларға бет бұрып, «Мамай батыр», «Әнет баба», «Шыңғыстау» сынды тағы да басқа дастандар жазған. Ақылбайдың үшінші ұлы Исрайылдың Нәзипа,Күлзипа және Кәсира деген қыздары болады, Саржан деген ұлдары ерте шетінеп кетеді. Нәзипа мен Күлзипа өмірінің соңына дейін Зайсан қаласында тұрған. Исрайылдың әйелі Тұрар Ділдәні көргенін үнемі мақтан етіп отырған. Мұхтар Омарқанұлы Әуезовке Ділдә  туралы көп деректерді жеткізген.

Абайдың Мағауия деген кіші ұлының тентектігі жайлы мынадай ауызша тараған қызықты әңгімелер де сақталған. «Мағауия ақылды, өте адал, жұмсақ мінезді болған. Мағауияның бала кезінде Ақшоқыда Құнанбай айғыр жарыстырады. Оны қара жарыс дейді. Сол жарыста Есіркеп руының көк айғыры бірінші келе жатады. Сонда Абай шапанын қағып, орынан тұрып: – Ойбай-ау, мынау Есіркептің көк айғыры қайтеді-ей? – дегенде, бес-алты жастағы Мағауия: – Тәте, бұл сізден жасып, ығатын Есіркеп емес, ол хайуан көк айғыр ғой, – дегенде, Абай ұялып, қып-қызыл боп кеткен екен. Құнанбай күліп жіберіпті.

Қасымбекова Мерей

Мағауияны елдің бәрі жақсы көрген. Сүйікті ұлы қайтыс болғанда Абай: “Шырағымның сүйегін соқпасын” деп, оның сүйегі салынған арбаның жолындағы тасты терген екен.». Осы  Мағауия туралы  тағы бір дерек: Семей уезіне қарасты Абайдың досы, замандасы Нұрке Шыңғысұлының қызын Мағауияға айттырады. Мағауия қызға жасырын күйеу болып барып келген соң: – Нұркенің қызын алмаймын» деп көнбейді. Қыз амалсыздан басқа бір жігітке тұрмысқа шығып кетеді. Нұрке бұған қызын кінәлі санап, кейін Абай досымен жақсы қарым-қатынасын жалғастырған екен. Мағауия Абайұлынан (1870-1904 ж.ж) үш ұл мен екі қыз тарайды: Құтайба, Бабур, Жағыпар және қыздары Уәсила мен Кәмила.

Жағыпардың Жошы-хан деген ұлы да Ұлы Отан соғысында қаза тауып, ал Серік атты ұлы 1934 жылы туып, сол жылы шетінеп кетеді. Жағыпардан бес қыз туады: Рәпилә, Нәркес, Ләйлә, Ишағы мен Ғазел. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында осы апаларымыз Абай туралы естеліктерімен бөліскен. Ишағы мен Хазира (Ғазел) ханымдар өмірлерінің соңғы сәттерінде Алматыны мекен етіп, бізге өте құнды деректер қалдырған. Шөбересі Ишан (Ишағы) әскери қызмет атқарған, соғысты көрген. Қазақ әдебиетінен терең сусындаған, қазақша өте жақсы сөйлейтін Ғазал ғана болған екен. Ол кісі 2011 жылғы ақпан айының бесі күні дүниеден өтті. Ишағы Жағыпарқызы 2014 жылғы маусым айының 12-інде 92 жасында қайтыс болады, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақшоқы ауылына жерленеді.

Бағыфұр Ақылбаев

Мағауияның екі қызының үлкені Уәсиланы Абай бауырына салған екен. Уәсила Абайға өте жақын боп өседі, дегенмен он үш жасында әкесі Мағауиядан, одан қырық күннен соң атасы Абайдан айырылып, жетім қалады. Уәсила сол кезеңдердегі қиындықтарын айта отырып, естелік қалдырады, оның естелігін И.Мақатов Уәсиланың өз аузынан жазып алып, ол әлі күнге сақталған екен. Уәсила 1954 жылы дүниеден өткен. Сол Уәсила 1920 жылдардың аяғында Құнанбай қажы тұқымы, бай-шонжарлар әулеті, үстем тап өкілі деген солақай саясатпен Қырғызстанға жолдасы Қали Жақыпұлымен  жер аударылады. 1934 жылы Алматыға оралып, Мұхтар Әуезовтің көмегімен опера және балет театрының жанындағы әртістерге киім тігетін цехқа тігінші болып орналасады. Уәсила өте зерек, әке тәрбиесін берік ұстанған жан болғандықтан, Абайды өмір бойы дәріптеп, Мұхтарға Абайдың заманы, ортасы, оның тұрмыстағы әдеттері туралы мол деректер берген. «Абай» операсы, «Абай әндері» фильмі түсірілгенде оның костюмдері, безендіру үлгілері жөнінде кеңесші болады.

1936 жылы костюмдердің үлгісін жасаушы ретінде театрмен бірге Мәскеуге өнер күндеріне барып қайтады. М.Әуезовпен өле-өлгенше жақын араласады. Сондай-ақ 1945 жылы соғыс аяқталған соң, Жағыпардың қызы Ишағыны қолына алып, тәрбиелеп, қамқор болады. Кәмила да Абай жайлы құнды деректердің қалуына септігін көп қосқан жан, 1932 жылы қайтыс болған. Күлбадан Абайқызы (1862-1932) оны Абай жас кезінде Семей орыс мектебінде оқытқан. Күлбадан Дүтбай Уандықұлының інісі Дүйсекеге тұрмысқа шыққан. Дүйсеке өлген соң, Күлбаданды әмеңгерлік жолмен Дүтбай алған. (Абайдың «Дүтбайға» деген өлеңіндегі кейіпкер.) Дүтбайдан – Мүкен, Мұхтар, Муштар, Мәкен, Қадиша деген балалар тараған. Абайдың бауырларынан тараған ұрпақтары жайлы тағы мынадай  дерек таптық.

Түгелбай Дариға

Абайды өзімен тетелес туған інісі Ысқақтың баласы Ахметбектің қызы Қапизадан туған Ерсалимов Балтабек деген жиені туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылғы ақпан айының 27-і күні басылып шыққан «Асылдың сынығы» деген Мамадияр Жақыптың мақаласынан құнды мәлімет алдық. Ерсалимов Балтабек – филолог-этнограф, Семейдегі «Абай» қорын ұйымдастырушылардың бірі, «Көргенім, көңілдегім» эссе-естеліктің, «Абайдың қуғын көрген ұрпақтары» кітабының, 1993 жылы баспадан жарық көрген «Абайдың ақын шәкірттері» деген жинақтың авторы. Абайдың інісі Ысқақтың Кәкітай деген баласынан туған Әрһам Кәкітайұлы төрт жасынан бастап Абайдың қасында өседі. Ол «Абайдың өмір жолы» деген Абайдың өмірбаянын танытатын көлемді еңбек пен Шыңғыстау елі жайлы құнды деректер, «Зағипа» атты поэма жазып қалдырған. Поэма 1961 жылы ғалым Әбіш Жиреншиннің көмегімен кітап болып жарыққа шыққан.

Әрһам 1940 жылдан бастап М.Әуезовтің бастамасымен ашылған Абай музейінің ғылыми қызметкері болып, музейді іргетасын қалауға, Абай қорын байытуға атсалысқан. Әрһамның қызы, Ысқақтың  шөбересі – Мінаш Әрһамқызы «Ұлы Абайға адалдық», І.Ысқақов «Сердце поэта» деген кітаптар жазған. І.Ысқақов та – Ысқақтың шөбересі болуы мүмкін, ол туралы кітабынан басқа нақты дерек табылмады. Әбдірахманның (1869-1895 ж.ж) Мағрипа деген әйелінен Рахила деген қыз туылады. Ол Мұсабаев Бәстәми деген адаммен тұрмыс құрып, Енғам, Ихсан, Марфуға деген балаларды өмірге әкеледі. Алайда өзі 1924 жылы қайтыс болады. Марфуға – Әбдірахманның жиені, Абайдың шөбересі. Алматы қаласында тұрған.

Абайдың шөбересі. Айдар Ақылбаев (оң жақта) тойда

Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайл, Ізкаил есімді үш ұл және Кенжеш есімді бір қыз тарайды. 1928 жылғы қараша айының 19-ындағы қаулыда Тұрағұлдың 36 бас малы мен жеті бөлмелі үйінің, 6 қанат киіз үйінің және бір кілемінің тәркіленгені айтылады. Ол қуғында жүріп, 1934 жылы Сарығашта қайтыс болған. Тұрағұл Абайұлының (1875-1934 ж.ж) бес баласы болады: Жебіреил, Зүбайр атты ұлдары және Ақылия (Ақыш), Халима, Мәкен атты қыздары. Тұрағұлдың ұлы Жебірейіл – Жебеш Ресейде оқып жүргенде қудаланады. Абайтанушы Қайым Мұхаметхановтың жазуынша, шолақ белсенділер 1928 жылы «Тұрашы кеткен соң, Жебеші де қалмасын» деген мақала жариялайды. Осыдан кейін Жебеш Шымкенттегі әкесіне барып, Ташкентте оқиды. 1930 жылы ол ауруға шалдығады.

Ақыш (Ақылия) әже көзі жұмылғанша Абай туралы естелік айтудан жалыққан емес. Ақылия 1917 жылы ұзатылған. Сол тойда қазақтың алғашқы театр шымылдығы ашылып, М.Әуезов өзінің «Еңлік-Кебек» пьесасын қойғандығы  жайлы әңгімесі осыдан қырық бес жыл бұрын «Лениншіл жас» газетінде  жарияланған екен. Кейін ол әңгіме қайтадан «Қазақстан әйелдері» журналында еш өзгеріссіз басылып шықты. Жебірейілден Алпаш туылып, ол 1990 жылы Алматыда қайтыс болды. Абайдың туыстарының бірі – Қайыржан Макин Алпашты бірнеше рет көргенін айтады. «Момындау адам болатын» деп сипаттайды. Кенже Абайқызы (1901-1932 ж.ж) 1914 жылы Мұсабайдың інісі Әубәкірге ұзатылады. Әубәкір қайтыс болғанан кейін, Ғабитхан молданың шөбересі – Сіләмғазыға тұрмысқа шығады. Кейін тұрмыстары нашарлап, 1932 жылы Тұрағұлдың қолына көшіп келіп, сонда қайтыс болады. 

Ишағы Жағыпарқызы, Абайдың шөбересі. 10 тамыз 2010 жыл.

Мәкен апамыз өмірінің соңына шейін осы біздің оңтүстік өңірде, Сарыағаш қаласында  тұрған.  Міне, Абайдың асыл тұқымы, қысқаша айтқанда, осылай өрбігені жайлы біраз мәліметтерді жинастырып, оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік. Біздің түйгеніміз: Абай ұрпақтары 1937 жылдан бастап репрессияға ұшырап, талай зобалаң қиындықты бастан кешкені белгілі болды. Тіпті олар Абайдың ұрпағы екенін айтуға қорыққандықтан, басқа фамилиямен өмірден өтуі де мүмкін. Әлі күнге дейін қазіргі тірі жүргендердің Абайдың тұяғы екенін білмейтіндер де кездеседі. Тағы бір қынжылтатын нәрсе: Абайдың қазіргі ұрпақтарының барлығы орыс тілді, сондықтан олардың кейбірі өздерін ұлы тұлғаның ұрпағымыз деп мақтан тұтпаған. Алайда Абайдан тараған ұрпақтар жайлы көп дерек қалдырғандар – Ғазел мен Ишағы Жағыпарқыздары, Уасила Мағауияқызы секілді нағыз асылдың сынықтары болатын. 

Абай атамыздың ұрпақтарының ішінде Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткені тоғыз жан екенін анықтадық: Ғабдісіләм, Әлихан, Берекехан, Жошыхан, Енғам, Алпаш, Ғұзайр, Әлішер, Тоқташ. Одан бөлек ашаршылыққа ұшырағандары, жалған жаламен айдауға жіберілгендері қаншама десеңші! Ақынның ұрпақтары кезінде осы секілді көп тауқыметке ұшырап, шет-шетінен мерт бола берген соң, қазіргі таңда Абайдың тікелей ұрпағы ұлдан Данияр Айдарұлымен тоқтап тұр. Әрине, бұл – Абайдай тұлғаның ұрпағын жұтаған ұлы трагедия деуге әбден болады. Жоғарыда айтылған аса құнды он дерек – Абайдың ұлдарынан, бауыры Ысқақтан  тараған ұрпақтары жайлы қысқаша мәліметтер ғана.

Данияр Ақылбаев – баба ұрпағының жалғасы

Мұның ішінде қыздан, жиеннен тараған ұрпақтары жайлы мәліметтер толық айтылмады.Ол кейінгі ұлы ақынның өміріне қызығушылардың еншісінде.Оның шежіресі әлі де жалғасын табар, дананың ізі сақталар деген үмітіміз әсте мол. Сондықтан қандай жағдай болмасын, қазақтың қазақ деген аты бар кезде Абайдың өзі де, сөзі де ұмыт қалмайтынынына кәміл сенеміз. Дананың өзі өлсе де, алтын ойлары мен жұрт сүйетін сөзі өлмейтіні хақ.

Рая Әбжанқызы СМАҒҰЛОВА,
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Мерей Мағзұмқызы ҚАСЫМБЕКОВА,
11 «Е» сынып оқушысы,
Дариға ТҮГЕЛБАЙ,
10 «А» сынып оқушысы
Шымкент қаласындағы физика-математика

бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий