Студент жастардың әлеуметтік құзіреттілігін қалыптастыру – басты мақсатымыз

Жастарды тәрбиелеу және оларды әлеуметтік қолдау мәселесі қоғам үшін әр уақытта өзекті. Қазіргі таңда білім беретін оқу орындарының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – жастардың бойына рухани және адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, әлеуметтік әлеуетін дамытуға ерекше жағдай жасау. Біздің арнаулы оқу орнындағы тәрбие жұмысы және әлеуметтік қызметі – жас буынның кәсіби білім алуына, өзін-өзі дамытуына, жетілдіруіне, қоғамдағы белсенді әлеуметтік бейімделу қабілеттілігін арттыруға, қазіргі замандағы қажеттіліктер мен құндылықтар жүйесіне, әлемдік және отандық мәдениеттің дәстүрлеріне бағытталған тұлғаның үйлесімді дамуы және қалыптасуы үшін жағдай жасауға бағытталған қызмет.

Тәрбие жұмысы және әлеуметтік қызмет – студенттер мен оқытушылар құрамының қоғамдық істерінде білім беру, ғылыми-зерттеу және ұйымдастыру-басқару процестерімен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Ең бастысы, ол – студент жастарға кәсіби білім беруге, дамытуға, дұрыс тәлім-тәрбие беруге және әлеуметтік қорғауға бағытталған. Студент жастар – өз заманымен қатар қадам басатын, қоғамның алға басушы күші, олардың ішінен әртүрлі салада қызмет ететін тұлғалар қалыптасады. Студенттердің тұлға ретінде дамуында, азаматтық позициясының қалыптасуында колледждегі тәрбие процесінің рөлі өте маңызды. Себебі, тәрбие жүйесі – жаңа әлеуметтік-экономикалық ортада қызмет атқаратын мамандарды тәрбиелеудің, олардың қоғамдағы әлеуметтік жағдайын қалыптастырудың және даму заңдылықтарын айқындау ортасының табалдырығы.

Студенттердің үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысуы, жастар комитетінің жұмысы, элективті курстар мен дебат клубтары, жатақханадағы студенттік кеңес, топ басшылары мен ұйымдастырушылардың тәрбие мен білім берудегі қызметі, колледж белсенділерінің түрлі колледжішілік, қалалық, облыстық және республикалық шараларға қатысуы – бұл колледждің тәрбие блогының құрамдас бөлігі. Ұстаз міндеті білім берумен шектелмей, тұлғаға бағытталыған білім беруде әр шәкірттің интеллектуалдық даму деңгейін тани білу қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыда, колледж ұстаздары әр студенттің жеке қасиетін, ерекшелігін ескеріп еңбек етеді.

Ақындық қабілеті бар студенттер үшін «Ақ қауырсын» поэзия клубы, ғылым жолын таңдаған студенттер үшін «Зерек» студенттердің ғылыми қоғамы, сөз құдіретін түсінетін, шешендікке жақын студенттер үшін «Парасат» дебат клубы, әдебиетке жақын студенттер үшін Сәкен Жүнісов атындағы әдеби-танымдық бірлестігі, қолөнерге бейім студенттер үшін «Алтын оймақ» үйірмесі, әртістік қабілеті бар студенттер үшін «Сиқырлы әлем» қуыршақ театры, қазақ қызының замануи ұлттық болмысын қалыптастыру мақсатында «Кербез» мәдени-интеллектуалдық қыздар мектебі және студент жастардың саяси, мәдени, рухани мәселелерді талқылап, ой таразысына салып, заман ағымынан кейін қалмауына сонымен қатар тұлға ретінде қалыптасуы мен саяси сауаттылығын, жан-жақты мәдениеттілігін дамыту бағытында «Ар-намыс» саяси-интеллектуалдық клубы жұмыс істейді.

Тәрбие процесінің тағы бір міндетті қызметі әлеуметтік-дәрменсіз топтарға жататын (ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйінің түлектері) студенттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады. Әлеуметтік-дәрменсіз топтарға жататын студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге колледж тарапынан киім-кешек алу үшін материалдық көмек көрсетіледі және колледж асханасында тегін тамақтандырылады. Колледждегі тәрбие блогы студенттерді әртүрлі іс-шараларға, айталық, еліміздегі ұлттық және төл мерекелеріне арналған іс-шараларға, салауатты өмір салтын сақтау бойынша акциялар мен флешмобтарға қатыстыруда.

Сондай-ақ, еңбекке тәрбиелеу мақсатында студенттер қаланың белгіленген аймақтарын абаттандыру, санитарлық тазарту және көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысуда. Жатақханадағы тәртіп бұзушылықтың алдын-алу мақсатында студенттік кеңес жұмыс істейді. жастар комитеті колледж студенттерінің қызығушылықтары мен көзқарастарын қорғау мақсатында белсенді жұмыс атқарады. Денсаулық сақтау, діни көзқарастарын қалыпастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында конференциялар мен дәрістер жиі өткізіліп тұрады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бері атқарылып жатқан істер баршылық.

2019-2024 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында тәрбиенің Тұжырымдамалық негіздерін іске асырудың іс-шаралар жоспарына негізделіп тәрбие блогы бойынша атқарылатын жұмыстар кешенді жұмыс жоспарына енгізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі бәсекеге қабілетті, прагматикалық, күшті, патриоттық және белсенді халықты қалыптастыру үшін білім және білімге құштар табысты болашақтың негізін құрайтын жастарды қолдау болып табылады. Осы мақсатты басшылықққа ала отырып «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы, «Саналы азамат» жобасының шеңберіндегі «Кітап-білім бұлағы» кіші жобасының аясында колледж жатақханасында студенттердің талаптарын қанағаттандыру, кітапқа, көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында “Оқырмандар әлемі” атты оқу залы және оқу ғимаратында Буккросинг кітап бұрышы ашылды.

Бағдарлама аясында құрылған жоспар бойынша біршама ауқымды іс-шаралар, жобалар ұйымдастырылды. Студент жастардың шығармашылық дамуы – басты шаралардың бірі. Осы мақсатта колледж қабырғасында «Самғау» студенттердің біріккен хоры, «Наркескен» ер балалар хоры, «Гауһартас», «Тұран» триосы, «Шабыт» домбырашылар ансамблі, «Этюд» баянистер ансамблі, «All that jazz» вокалды тобы, «Мерей» би ансамблі құрылған. Және оқытушылардан құралған «Жас дәурен» триосы, «Назерке» халықтық-камералық хоры және «Сарыарқа» вокалды-инструменталды ансамблі бар. Колледжіміздің өзіндік ерекшелігі – оқу орнындағы қыздар мен ер балалар тәрбиесіне ерекше назар аударуында.

Осы орайда колледж студенттер жарғысы, қыз балалар мен ұл балаларға арналған ережелермен танысып ант қабылдайды. Әр жыл сайын оқу орнындағы ер балалар саны артып келе жатқандықтан, қазіргі таңда тәрбие жұмысының бір бөлшегі ретінде «Айбын» әскер-патриоттық клубы жұмыс атқарады. 2011 жылдың 11 қыркүйегінде колледж директоры Нұртас Ахатұлының бастамасымен құрылған «Айбын» әскери-патриоттық клубтың мүшелері мықты қолбасшысының арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Клуб жыл сайын өтетін қалалық, облыстық, республикалық әскери-патриоттық сайыстарда жүлделі орындар иеленіп келеді.

Қыздар бойында ұлтжандылық пен парасаттылықты адамгершілік пен ізгілікті, қайсарлық пен даналықты қатар тәрбиелеу мақсатында колледжде 2014 жылы «Томирис» рухани-патриоттық қыздар клубы құрылды. «Томирис» рухани-патриоттық қыздар клубы оқу-жаттығу кезінде әскери-медициналық біліммен қатар әскери жаттығуларды, саптық жүрісті шебер меңгеріп қана қоймай, әскери саладағы жаңалықтармен танысып, білімін жетілдіріп отырады. Студенттердің спорттық шеберліктерін арттыру мақсатында сабақтан тыс уақытта колледжде дене тәрбиесі пәні оқытушыларының жетекшілігімен спорттық секциялар мен үйірмелер өз жұмыстарын атқаруда.

Атап айтсақ, «Рахат» волейбол клубы (қыздар, ер балалар), «Барыс» баскетбол клубы (қыздар, ер балалар), «Жұмбақтас» туризм клубы, «Бес асық» ұлттық ойындар клубы, «Жарқын» футбол клубы, «Пинг-Понг» үстел теннис клубы, «Мерген» атқыштар клубы сонымен қатар «Energy» фитнес залы жұмыс істейді. Салауатты өмір салтына бағытталған тәрбие жұмыстары да өз нәтижесін беруде. «Сұңқар», «Кезең» спартакиадаларынан колледж спортшылары жүлделі бірінші орын иеленіп, жеңістерін колледждің мерейтойына арнады. Колледж студенттерінің сексен бес пайызы қала өміріндегі мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысып, қала мәдениетінің, өнерінің дамуына өзінің сүбелі үлестерін қосуда. Қала, облыс әкімдігі тарапынан колледж студенттерінің еңбектері назардан тыс қалмай, мемлекеттік мерекелерде арнайы алғыс хаттармен марапатталуда. Бұл жетістіктер колледж оқытушыларының еңбегі мен тәрбие процесінің ұйымдастырушылық қызметінің нәтижелі жұмыстарының арқасында деп білеміз.

Данагүл Нұртайқызы ІЛИЯС, 
Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары
қазақ
педагогикалық колледжі директорының
тәрбие жұмысы
бойынша орынбасары, Ақмола облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий