Рухани жаңғыру – балабақшадан басталады

Ұрпақ тәрбиесі – ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұралардың бірі. Қай елдің болсын бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарымен сабақтасып жүзеге асатындығы белгілі. Рухани жаңғыруда өзекті бағыттың бірі «Ұлттық рухты, ұлттық сананы, дәстүрді, әдеп-ғұрыпты, мәдениетті сіңіру». Біздің тәрбиешілер ұжымында 2018-2019 оқу жылынан бастап «Рухани жаңғыру – балабақшадан басталады» атты жоба аясында тәрбие мен оқыту қызметінде, ата-аналармен және педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдау жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.

Бала бойына рухани құндылықтарды сіңіру, қазақтың салт-дәстүрін сақтау және насихаттау балабақшадағы күнделікті іс-әрекеттерден басталады. Балабақша дәліздері, топ бөлмелері ұлттық нақышта ою-өрнектермен, жәдігерлермен, ұлттық бұйымдармен заман талабына сай безендірілген. Мектепке дейінгі орталық педагогтерінің кәсіби құзыреттілігі, педагогикалық этикасы, баламен қарым-қатынас жасау тәсілдері ұлттық менталитетке негізделе отырып ұйымдастырылуда. Мұндай жұмысты атқару әрбір кәсіби маман үшін мақтан тұтарлық мәртебе. Жас мамандар А. Смағұл, С. Рамберлиева, М. Джунусова, А. Жанысовалар ұлттық педаго-гикалық кинезиология негізінде балаларға арналған қимыл – қозғалыс жаттығулар топтамасын (тыныс алу, дене қозғалыстары, ұсақ моторикаға және релаксацияға арналған жаттығулар) дайындады.

Қабырғада «Этнолаборотория» ашылып, педагогтерге және балаларға арналған шеберлік сыныбының жұмысы үлкен нәтижеге жетті. Атап айтсақ, тәрбиеші В. Жакаева киіздің жаңашыл түрін «фетрді» қолданып киіз басу, құрақ, өру, тоқу, түйме технологияларының қыр-сырын балаларға жеткізе білді. Қиялды, сөздік, логикалық, шығармашылық және сыни тұрғысынан ойлауды дамыту, балаларды белсенді іс – әрекетке және зейіннің шоғырлануына тәрбиелеуде «Құмдағы өрнектер» студиясы ашылып, қарқынды жұмыс жасауда. Бала өзін жайлы, емін-еркін сезініп, шығармашылық белсенділік танытатын табиғи стимулдық ортада дамиды. «Мультианимация» кабинетінде шығармашыл тәлімгерлеріміз К. Абдиров, Ж. Калымбетова, А.Тукбаевалардың бастауымен ұлттық нақышта шағын анимациялық түсірілімдер дайындалуда.

Жоба аясында ұлттық бірегейлікті сақтау үшін ата-аналармен серіктесіп жұмыс жасауға бағытталған «отбасы», «бала» және «педагог» үш одақтың арасындағы қарым-қатынастың беріктігі қолға алынған. Ағымдағы оқу жылының соңында жоба аясында қала балабақшалары педагогтері арасында «Рухани жаңғыру – бала тұлғасының үйлесімді, шығармашылық және зияткерлік дамуының негізі» атты семинар-практикум ұйымдастырылып, әріптестермен тәжірибе бөлістік. Кеңеске қатысушылар жоба аясында жүргізіле бастаған жаңаша жұмыстардың негізгі бағыттарымен: балаларға арналған сиқырлы кілемдер мен киіз үй жасау, тоқу өнерінің сырын, құм терапиясы арқылы бүлдіршіндердің музыкалық қабілетін дамыту, сергіту сәттерінде халық музыкасы мен қимылдарын нәтижелі қолдану әдістерімен танысты.

Балабақшадағы рухани жаңғыру барлық мекемелердің бірегей жүйесі, жеке және бірлесе іске асырылатын, жаңа қоғамның кірпішін қалайтын заңнамалар мен бұйрықтардың жиынтығы ретінде есептеймін. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін әркім терең түсінуі керек. Сөз соңында айтарым, «Жерде жатқан жұмыртқа – аспанға ұшар қыран болар» дегендей, бүгінгі балабақшадан дұрыс тәлім-тәрбие алған ұрпақтың рухы жаңғырары сөзсіз.

Айман Нұрсеитқызы НУРМАГАНБЕТОВА,
№75 “Балалық шақ” балабақшасының
меңгерушісі,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий