Ән өнерінің қайталанбас тұлғасына айналған ұлағатты ұстаз

“Өмір – бәйге, замандас озып келсе,
Күбірлемей, күндемей, күліп қара”, – деп жазған еді ақынжурналистаудармашыМемлекеттік сыйлықтың лауреатыҚазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, “Парасат” және “Құрмет” ордендерінің иегері
Күләш Ділдәқызы Ахметова.

Қазақ даласының ұшы-қиыры жоқ қай өңірі, қандай топырағы болсын киелі. Сарыарқаның бел ортасы Жаңарқа жері небір дүлділ әнші-ақындар мен батыр-билерді қанат қақтырған киелі топырақ. Арғы-бергісін айтпағанда, әрқайсысы бір-бір энциклопедия Ғабдолла Құлқыбаев, Ақселеу Сейдімбек, Темірғали Көкетаев сынды абыздарымызды қазақтың маңдайына сыйлаған сайын дала. Олардың өкшесін басып Кеңестік дәуірдің солақай саясатына қасқая тұрып, үкілі домбырасымен ұлтымыздың рухын оятып, әнімен қайта тербеткен Қайрат Байбосыновты, театр-кино өнерінің майталманы Қайрат Кемаловты және ешкімге еліктемейтін, ешкімді қайталамайтын қазақ ән өнерінде өзіндік жол салып келе жатқан бүгінгі арқадағы ән өнерінің қара нары Жақсыкелді Кемаловты берген қойны құтты әруақты мекен.

Қазақ әнінің тағдыры қыл үстінде тұрған өткен ғасырдың 80-жылдары қара домбырасымен ел арманын, үмітін Қарағанды қаласындағы үлкен сахнадан бір-ақ шығарды. Шығарғанда да, Қазақтың теңіздей толқыған, мұхиттай шалқыған уақыт сынынан өткен халық жүрегінен орын тапқан әндерін сары алтындай сақтап, көмейіндегі алтын кесесімен халық әніне сусап отырған қала тұрғындарына жүрегінің жылуымен, әнге деген махаббатымен ұсынды. Тыңдармандарының жүрегінен мәңгілік орын тапқан, кездесу мен қоштасудың сиқырлы үнімен жаныңды жаулап қанша тыңдасаң да құлақ құрышың қанбай тыңдай бергің, тыңдай бергің келеді. Себебі жүректен төгілген мөлдір бұлақтай кіршіксіз үн. Иіні қанған, кербез сұлу әндер бірінен соң бірі орындалғанда әншінің өзі де Сәкен атасының Ақбоз атындай еркін көсіле береді. Ән өнерінің жетістіктері туралы ойланатын болсақ, жекелеген әншілердің шығармашылықтарының қайталанбас мәнерлерін ұғынуға талпынамыз. Себебі, сан ғасырлардан бері үзілмей келе жатқан ән әлеміндегі інжу-маржандарымызды санаулы ғана дарынды әншілеріміз жалғастырып, қалыптастырып келеді. Соның бірі және бірегейі біздің Жақаң.

Жақаңның әндерін тындаған сайын ғажайып әлемге енгендей боласыз.  Оның жаны да, жүрегі де, болмысы да, тағдыры да – әндерінде. Оның ұстазы да  тәрбиешісі де қазақ әндері десек артық айтқандық болмас. «Қазақтың әрбір саналы азаматы бүгін қай салада жүрсек те ертеңгі ұрпақ бізге «неге сол кезде есемізді беріп қойдыңыздар?» деп айтпастай еңбек етуіміз керек деген екен – Әбіш Кекілбаев. Осы қағиданы алдына мақсат етіп қойған Жақсыгелді алған бағытынан тайған емес. Өзінен кейін ұлағатты ұрпақ қалдыру кез келген адамның арманы. Бүгінгіміздің баға жетпес байлығы ол өткеннің өнегесі, барыңды бағаласаң ғана жүрісіңнен жаңылмайсың. Бабалар мұрасына адалдық сол жауһарларды ұрпақ санасын сіңіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсыру. Бойындағы зиялылық пен парасаттың пайымы бар білімдарлығы мен көпті көрген керімдігі, әділдігін айтар бірбеткейлігі мен турашылдығы ел ағасы жасқа келіп отырған Жақаңның тұлғасын биіктете түседі.

Шексіз де  шетсіз дала кеңістігінде туған халық әндеріндегі ұлттық сарынды, қазаққа тән қоңыр бояуды жоғалтпай жалғастырып келе жатқан Жақаңның ән мектебі – қазақ өнеріне өз үлесін қосып келе жатқан бергенінен берері көп мол мұра. Қазынамызды әуелі сөз жеткізеді, сөз жеткізе алмағанды саз-ән жеткізеді. Оның орындаған ақыл – ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нәзік сезімге, бай образға толы әндері әнге құштар әрбір жанды сүйсінтуде. Қазақтың қара домбырасымен алыс-жақын шетелдердің аспанында қазақ әндерін әуелетіп,  Қазақ әндерінің ұлылығы мен өміршеңдігін көрсетіп келе жатыр. Ең биік шың-адамның жаны мен жүрегі десек Жақаң салған әндер сол «биіктерді» жаулап алғалы қашан. Әншіге бұдан артық бақыт бар ма?!

Өнер мен ел – егіз ұғым. Алты Алаштың ардақтылары Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Мұхит, Ғазиз, Әсет және басқа да өнер майталмандарының саф алтындай жауһарларын нақышына келтіре шырқағанда демін ішіне тарта тыңдамайтындар кемде-кем шығар. Халықтың киелі де асыл мұрасы-ән өнеріне өмірін арнап келе жатқан елдің бел баласы. Оның домбырасын қағып-қағып жіберіп бірде шырқата енді бірде сызылта көмейінен төгілген әндерді тыңдап отырып, осы әндер біздің ата-әжелеріміздің де арман-қиялдарын талай қияларға самғатқан шығар-ау деген ойға шомасың. Бала кезінен көрген білген, өмірден түйегендерінің бастауында дархан даламыздың шежіре қарттарынан естіген кестелі, көшелі әңгімелері екені көрініп тұрады.

Олай дейтініміз басқосуларда сөз алғанда айтар ойын шашыратпай жүйелі, мағыналы тұжырымдармен сөз саптауы, ұшқан ұя мен өскен ортасынан ілгені мол азамат екендігін көрсетеді. Қазақ халқының қай заманда да ән тыңдау мәдениеті мен талғамы өте жоғары деңгейде болатыны, сондай деңгейде болуы осы өнер жолында елге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ән өнерінің қызғыш құсы Жақсыкелді Кемаловтей жеке-дара туған азаматтардың арқасы. «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ»-деген екен Әбіш Кекілбаев абызымыз. Біздің алып-қосарымыз жоқ. Дәл біздің кейіпкеріміздің  болмыс бітіміне айтылып тұрғандай. Кең байтақ даламыздың қай қиыры да төгілген ән, жөңкілген жыр, шалқыған күйге бай. Ән көп, бірақ нағыз орындаушысын тапқан әннің ғана бағы ашылады. Қазақстан жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Төлеген Қажыбай ағамыздың: «Көкшетауда арагідік болса да Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай есімдерін еске алуға қатысты облыстық, республикалық деңгейде ән байқаулары өтіп келеді.

Осы орайда Жаңаарқа, Семей, Талдықорған өңірінен келген әншілер болмаса, байқау иесі Көкшетау, Қызылжар, Кереку, Ақмола, Қостанай маңынан мойны озық шыққан әншілердің бой көрсете қоймайтындығы көңілге реніш ұялатындығы жасырын емес, – деп 2017 жылғы сәуір айының үшіндегі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Арқаның әншілік дәстүрі: асыл өнердің арқауы үзілмесін” тақырыбындағы мақаласында жазған екен. Төлеген ағамыздың көңілінің алаңдығын түсінуге болады. Әрине, қасиет қонған топырақтан ел ішінен өнерпаздардың шықпауы мүмкін емес. Өнер жолына қанат қаққан бозбалалар мен қыздарды албырт шағында жоғалтып алмай, адастырмай ән өнерінің аспанына үкілеп баптап, еркін самғайтындай қанатын қатайтып жол сілтейтін Жақсыкелді Кемаловтай арда азаматтар ортамызда. Жақаң – арқа ән мектебінің қабырғасын қаласқан тұғыры бар тұлға, талантты шәкірттерді ұлттық өнерге баулыған ұлағатты ұстаз. Бардың бағасын, жоқтың қадірін білетін елдің ұрпағымыз ғой. Барымызды бағалап жүрейік!

Есжан Сарманқұлұлы ӘМІРОВ,
Қарағанды гуманитарлық колледжінің
директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий