Жамбыл облысы: “Мың бала” олимпиадасының екінші кезеңінде 400 талапкер бақ сынады
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы «Мың бала» ұлттық зияткерлік республикалық олимпиадасының екінші кезеңі бастау алды. Жалпы облысы бойынша олимпиаданың бірінші кезеңіне 5-6 сыныптардан 28 507 оқушы қатысып, екінші кезеңге 400 оқушы іріктеліп алынған болатын, – деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылды. Олимпиаданы өткізу барысында санитарлық нормалар сақталып, індетке қарсы шаралар күшейтілді. «Мың бала» олимпиадасының ережесіне сәйкес ІІ кезеңнің қатысушылары компьютерлік тест тапсыруы тиіс. Бірінші күні, тестті 5-сынып оқушылары тапсырса, екінші күні, яғни 22 тамызда 6-сынып оқушылары бақтарын сынады. Ал облыс орталығынан шалғай орналасқан Меркі (Қордай ауданының қатысуымен), Мойынқұм, Шу аудандарында 21 тамыз күні аудан орталықтарында ұйымдастырылды. Олимпиада нәтижесі 14 күннен соң белгілі болады. Білім бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Загрузка...