Ер мұғалімдерді мектепке көптеп тарту қажеттілігін ұстаздар ұжымының басшылары басты назарда ұстағандары жөн
Мектептегі ер мұғалімдердің аздығына алаңдап, алғаш мәселе көтергенде, мамандар мұның сырын қоғамдағы әлеуметтік түйткілдер мен мұғалім мәртебесінің төмендігімен байланыстырған. Бала тәрбиесімен айналысып жүргендердің пікірінше, мектептегі ер азаматтардың тапшылығы ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті көрінеді, – деп жазады Созақ жалпы орта мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әбдірахман НҰРЖАНБАЕВ Түркістан облыстық “ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайтындағы мақаласында.
Проблеманы шешудің жалғыз жолы – мектепке ер азаматтарды көбірек тарту. Бұл қадам жас буынның тәрбиелі болып өсуіне көп ықпал етеді. Мен бұл арқылы әйел мұғалімдердің еңбегін жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Ұрпақ тәрбиесінде әйел мұғалімдердің, жалпы, әйел адамдардың үлесі зор екендігі даусыз. Дегенмен, әйел адамның мінезі жұмсақ болады, кешірімшіл келеді. Ал, ер адам ішкі сезімін көп білдіре бермейді. Қас-қабақпен-ақ көп нәрсені ұғындырады. Бір ауыз сөзбен тәртіпке шақырады. Мектепте ер азаматтардың болғаны қыз балаға да, ер балаға да басқаша әсер етеді. Тіпті, мектепте ер мұғалімдердің көп болғаны әйел мұғалімдер үшін де пайдалы. Жинақылыққа үйретеді.
Өзім бұдан отыз жыл бұрын Созақ ауылындағы орта мектепті бітірдім. Сол кезде мектептегі мұғалімдердің 60-70 пайызы ер адамдар болатын. Сондықтан ол кездің оқушылары да басқаша еді. Оқушылардың амандасуынан, сөйлесуінен, өзін-өзі ұстауынан ер адамның тәрбиесі көбірек байқалып тұратын. Бұрын мектептерде ер адамдар аздау болғанмен, қазіргіден жағдай жақсы еді. Қазір тіпті азайып кетті. Мұның түпкі себебі әлеуметтік мәселеде екендігі де рас. Отбасында ауыр жүк – ер адамның мойнында. Тұрмысты түзеу, жағдайды жақсарта түсу үшін, әрине, жоғары жалақы керек. Сондықтан ер мұғалімдер еңбекақысы көп жұмысқа ауысуға мәжбүр болды.
Соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтеру үшін мемлекет тарапынан ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасының басым бағытының бірі де – мұғалім беделін көтеру. Осы кешенді жоба жүзеге асса, ер мұғалімдер мектепке оралатын болар… Әйтпесе, мектептегі жас ұрпақты үздіксіз әйел адамдар тәрбиелеумен айналысса, расында да, босбелбеу, бойкүйез, морт сынғыш, әлжуаз ер балалардың саны арта түседі.
Өзім де басшылық қызметтемін ғой. Дегенмен, расын айту керек, қай салада да тізгінді ұстайтын ер азаматтардың көбірек болғаны дұрыс. Бұл – менің жеке пікірім. Себебі, әйел адам ер азаматтармен бірге жағаласып, билікке жармасу үшін емес, ер адамның табысын ұқсатып, отбасының ұйытқысы болуы үшін жаратылған. Әйелге үйдің сәнін келтіріп, шаңырағының берекесін сақтаудан артық қандай мәртебе керек?! Соны мансап қуған қыз-келіншектер түсінсе деймін.
Бұрын қазақы тәрбие басқаша болатын. Үйдегі аналар әкенің ісін үнемі үлгі етіп көрсетіп отыратын. Ер азаматты сыйлауды, қадірлеуді, құрметтеуді осылай үйрететін. Сонымен, қорыта айтарым, ер мұғалімдерді мектепке көптеп тарту керек. Мұны мектеп басшылары басты назарда ұстағандары жөн. Сонымен қатар, қазақтың әр шаңырағында ер азаматтарды дәріптеп, оларды құрметтеу туралы әңгімелердің көбірек айтылғаны дұрыс.
Загрузка...