Лəззат Жылқыбаева, Алматы қалалық білім басқармасының басшысы: Жаңа оқу жылына дайындық бірнеше бағытта жүргізілуде

Санаулы күндерден соң барлық білім ошақтарында жаңа оқу жылы басталады. Осыған орай, барлық білім салалары қарқынды түрде дайындыққа кірісіп кеткен. Үш ай жазғы демалыс дегенімен, негізінен оқу жылы аяқтала сала дайындық жұмыстары басталып кетеді. Əсіресе, тамыз айы қарбаласқа толы. Біз қалалық Білім басқармасының басшысы Лəззат Жылқыбаевамен хабарласып, оқу жылына дайындық мəселелері туралы сауалдарымызды жолдаған едік, – деп жазады  қалалық “АЛМАТЫ АҚШАМЫ” газетінің сайты. 

Лəззат Əуезханқызы, алдымен қалалық білім басқармасы мен білім мекемелерінің жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындығы қалай жүргізіліп жатыр? – Қазіргі ең маңызды мəселе ғой. Сондықтан əңгімеңізді осы тұрғыда бастасаңыз… – Əрине, қазіргі əлемде болып жатқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, балалар мен мұғалімдердің денсаулығын сақтау жəне қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігімен 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап балаларды қашықтан оқыту бойынша шешім қабылданғаны өздеріңізге мəлім. Сонымен қатар, жаңа оқу жылын жақсы жаңалықтармен бастағалы отырмыз. Биылғы жаңа оқу жылында қаламыздың орта білім беру ұйымдарының желісіне жаңа объектілер, яғни жаңадан мектептер қосылып, қатарымыз көбейіп жатыр. Атап айтар болсам, биылғы жылдың 1 қыркүйегінде Əуезов ауданының «Мамыр» ықшамауданында 1200 орынға арналған №202 мектеп-гимназиясы мен Түрксіб ауданына қарасты «Нұршашқан» ықшамауданында 600 орынға арналған №203 жалпы білім беретін мектеп ашылады.

Жаңа мектептердің көптеп ашылуы орын тапшылығын жойып, білімнің сапасына да оң əсер ететін болады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 20 тамызында балаларды 1-сыныпқа қабылдау ресми түрде аяқталды. Барлық мəліметтерге сүйене отырып, ағымдағы жылғы 1 қыркүйекте 30 мыңға жуық бүлдіршіннің бірінші сыныпқа баратыны белгілі болды. Енді нақты мəселеге көшетін болсам, қазіргі таңда Алматы қаласының Білім басқармасы дайындық жұмыстарын бірнеше бағыт бойынша жүргізуде. Ең алдымен, қашықтан оқуға балалардың техникалық дайындығын қамтамасыз ету бойынша: оқушылар мен мұғалімдердің ком- пьютерлік техникамен қамтылуын анықтау мақсатында мониторинг жүргізіліп, соның нəтижесінде 75 мыңнан астам оқушы мен екі мыңнан астам мұғалімдерді компьютермен қамтамасыз ету қажет екені белгілі болды.

Қазіргі таңда осы мəселелер шұғыл қолға алынып, оның шешілуі үшін келесі жұмыстар ұйымдастырылып, жүзеге асып жатыр. Жиырма мыңнан астам компьютер жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынуда; компьютерлік техниканың 38 мыңнан астамы Үкіметтің резервтік қорынан бөлінген қаражатқа алынды;  жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа алынған 22 мыңнан астам планшеттер аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға берілуде;  мектептердегі 14 мыңнан астам компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға беріледі. Міне, осындай ісшаралардың арқасында қашықтан жұмыс жасаудың мүмкіндіктері толығымен қарастырылды.

Қашықтан оқыту форматында мұғалімдердің жұмыс жасауға дайындығы қалай іске асуда? – 2020 жылғы 5 тамыздан бастап мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын жетілдіру жəне оларды Bilimland.kz, Opiq.kz, Kundelik.kz, Microsoft.Teams атты платформалармен жұмыс жасауға үйрету бойынша онлайн-курстар ұйымдастырылды. Соның нəтижесінде қала мектептерінің 15 444 мұғалімі арнайы курсты оқып, дайын отыр. Өткен оқу жылындағы қашықтан оқыған бір тоқсан бойы қиындық туғызса да, мұғалімдеріміз біраз тəжірибе жинақтады. Сондықтан жаңа оқу жылындағы қашықтан оқыту аса қиындық туғыза қоймас деп ойлаймын.

Лəззат Əуезханқызы, қазір барлық өңірдегі оқушылар мен мұғалімдер тарапынан интернет желісімен қамтуға байланысты шағымдар айтылуда. Жалпы, Алматыдағы жағдай қалай? – Иə,  қалалық цифрландыру басқармасы мен аудан əкімдіктерінің мəліметтері бойынша қаламызда интер- нет жəне мобильдік байланысы төмен жерлер анықталып отыр. Мобильдік байланысты нашар қабылдайтын жерлер саны 46 екені белгілі боп отыр. Əрине, олардың қашықтан оқытудың сапасына кері əсерін тигізуі əбден мүмкін ғой. Сондықтан аталған мəселені шешу үшін осы жерлерге қосымша антенналар орнатылады. Сонымен қатар, интернет желісімен қамтылмаған 22 мыңнан астам оқушыға SIM-карталар берілетін болады. Ал интернетпен қамтылмаған мұғалімдердің мектепке келуіне, қажетті санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн-сабақтарды жүргізуіне мүмкіндік беріледі. Сондықтан қазіргі таңда санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін барлық мектептер қажетті зарарсыздандыру құралдарымен жеткілікті мөлшерде қамтылып жатыр.

Осы арада мектептердегі кезекші топтарға байланысты айтып өтсеңіз… – Қаламыздағы эпидемиологиялық жағдай Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы мен Алматы қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің бақылауында. Сондықтан көпшіліктің көкейіндегі сұрақ қазір қарастырылуда. Осы сауалға байланысты ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары да жалғасуда. Барлығымыз үшін қазіргі таңда балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше маңызды болып отырғанын баса айтқым келеді. Мұның барлығы уақытша қиындық. Əлі-ақ қалыпты өмірге көшеміз. Ең бастысы, барлық қиындықты бірге еңсеріп, талаптарды орындай білуіміз керек.

Мектеп оқушылары үшін маңызды мəселелердің бірі – оқулықпен қамту мəселесі. Бұл тұрғыда дайындық қалай болып жатыр? – Өте дұрыс айтасыз. Оқушы ең алдымен оқулықпен толық қамтылуы керек. Алматы қаласы əкімшілігі бұл мəселені де үнемі басты назарда ұстайды. 2020-2021 оқу жылына да 11-сыныптарға жаңартылған білім беру мазмұны оқулықтары мен оқу-əдістемелік кешендерді, 1–10-сыныптардың оқулықтарын қосымша сатып алу үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінген еді. Ағымдағы жылғы 25 тамызға дейін барлық оқулықтар білім беру ұйымдарына толық көлемде жеткізілетін болады. Қазіргі уақытта оқулықтар мен оқу-əдістемелік кешендерді орта білім беру ұйымдарына жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 88%-ы жеткізілді. Сондай-ақ, мектептерде қазір барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, балаларға оқулықтарды тарату жұмысы жүргізілуде. Бұл мəселеге алаңдауға еш негіз жоқ. Балалар оқулықпен 100% қамтылатын болады.

Лəззат Əуезханқызы, жаңа оқу жылы қарсаңында əріптестеріңізге айтар қандай тілегіңіз бар? – Қазір жалпы республикалық педагогикалық кеңес аясында қаланың барлық мектептерінде мұғалімдерге жаңа оқу жылындағы оқу үрдісінің ерекшеліктерін таныстыру мақсатында бірыңғай педагогикалық кеңестер өткізілуде. Бірыңғай ата-аналар жиналыстары да өткізіліп жатыр. Жаңа оқу жылына дайындық бір сəт те тоқтап жатқан жоқ. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Өйткені, ата-ана өздерінің көздерінің ағы мен қарасын бізге сеніп тапсырып отыр. Сондықтан барлық əріптестеріме шыдамдылық пен сабыр тілеймін.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий