Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің маңызы
Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Әр адам қайталанбас тұлға, сондықтан адам қоршаған ортамен адамгершілік қарым-қатынасқа құқылы. Осы жай даму мүмкіндігі шектеулі балаларда жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай кемшіліктердің алдын-алу үшін баланы білім беру ұйымдарына бейімдеудің, әлеуметтік ортаға үйретудің маңызы зор.
Баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу – әлеуметтік қатынастың жалпы жүйесіне және баланың өз жағдайына қарай білім алу ортасына тез үйренуіне мүмкіндік туғызумен сипатталады. Білім беру ұйымдарындағы инклюзивті оқытудың негізіне балалардың құқығын кемсітпеу, теңдік қатынасты қамтамасыз ету, арнайы жағдай қалыптастыру арқылы білім беру мен тәрбиелеу жатады. Зерттеулер көрсеткендей, даму мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтік ортаға енгізудің екі жолы анықталған.
Бірінші жолы – даму мүмкіндігі шектеулі баланы қоршаған ортаға бейімдеу арқылы тұлға қалыптастыру, кемшін тұстары – біржақтылығы. Бұл жолды таңдап нәтижеге жету мүмкін емес, әлеуметтену процесі екі жақты болуы керек. Баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу процесінде интеграцияның объектісі ғана емес, сонымен қатар белсенді субъектісі де болу керек. Екінші жолы – даму мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтік ортаға енгізу дайындығымен бірге, әлеуметтік ортаны мүмкіндігі шектеулі баланы қабылдауға дайындаудың ерекшеліктерін игеру. Негізгі факторы да осы болып табылады.
Мемлекетіміз даму мүмкіндігі шектеулі, яғни ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалардың білім алуына, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауды қамтамасыз етеді. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға толыққанды білім беру үшін түрлі жас кезіндегі бала дамуының өзіндік психологиялық-педагогикалық-медициналық ерекшеліктерін, білім мен тәрбиенің заңдылық-тарын терең білу керек. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға өзгелермен бірдей білім алуға, түрлі үйірмелерге қатысып, талантын шыңдауға, демалуға яғни қоғамдық өмірге араласуға құқық беру қажеттігі еш күмән келтірмейді. Бірақ, осы жұмысты шынайы түрде іске асыру оңай еместігі бәрімізге белгілі.
Бастауыш сыныптағы психофизиологиялық ауытқушылықтары бар балаларды психологиялық-педагогикалық оқытудың тәрбиелік сипатына тоқталайық. Балалар оқу сабақтарының мазмұнында қоғамдық тәртіп ережелерін меңгеріп, белсенділіктерін дамытуға, өз қызығушылықтарын жеткізіп айтуға үйренеді. Мемлекеттік білім беру стандартында көрсетілген оқу мазмұнын игеруде көрнекіліктер, ауызша түсіндіру әдістерін қолданып, жаңа технологияның озық үлгілерін пайдаланып, әр балаға жеке ықпал ету сияқты жалпы дидактика принциптерімен қатар арнаулы педагогикадағы түзете-дамыта оқыту әдістерін басшылыққа аламыз.
Практикада дәлелденгендей, балалардың әлеуметтік ортаға бейім-делуіне ұжымда бірлесе жұмыс жасауы маңызды рөл атқарады. Балалар еңбек етуге икемделіп, өзара қарым-қатынасқа түсіп, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Осы орайда, әлеуметтік ортаға бейімдеудің бірнеше бағыттарын қарастырсақ: әрбір баланың қоршаған ортаға бейімделуіне жағдай жасау (әр түрлі қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету), психологиялық ерекшелігіне сай жұмыс жүргізу, шығармашылыққа тарту (жеке және топтық), мерекелік іс-шараларға қатыстыру, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлауға үйрету, қоғамдық ортада өзін еркін сезінуге, өзін-өзі басқара білуге, өзі өмір сүретін ортаны толық бағдарлай білуді меңгеруге үйрету, балалармен өзара тіл табысуына ықпал ету және ата-аналармен өзара қарым-қатынасын нығайту болып табылады.
Осы аталған жайлар балалардың сыныпқа, жаңа ортаға бейімделуі кезеңінде жүзеге асырылатын яғни мұғалімнің атқаратын жұмыстары болып табылады. Әлеуметтік ортаға тез бейімделіп, белсенділік көрсетіп, өз беттерінше жұмыс істей алуға талпыну, түрлі жайттар барысында әрекет ету – даму мүмкіндігі шектеулі, яғни ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалардың қоғаммен байланысының алғашқы көрінісі. Жеке тәжірибемнен даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау өз ісін жүрегімен жақсы көретін, балаларға мейіріммен қарап, олардың әр ісіне қуана алатын адамның ғана қолынан келетінін айтқым келеді. Балалардың даму мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қиялы мен шығармашылығы, таланты мен өнері шектеусіз. Ендеше, әр баланың шығарма-шылығын шыңдап, қанатын қатайтып, қоғамнан өз орнын табуға атсалысайық.
Ирина Сұлтанғалқызы АМИРГАЛИЕВА,
№88 мектеп-лицейдің тьютор-тәрбиешісі, Нұр-Сұлтан қаласы
Загрузка...