Жол саласына жас мамандар қажет-ақ

Бұрынғы «Каздорстрой» кәсіпорнының жергілікті департаментінің уақыт талап еткен соң «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы болып құрылғанына жақында бір жыл толды. Бұл орталықтың негізгі қызметі – жол құрылысындағы жұмыс пен материалдар сапасына сараптама жүргізу, жол ақауларын да сараптап, талдап, диагнозын тап басу керек. Және жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылап, жаңа технологияларды да енгізіп отыру да осы орталықтың мойнында, – деп жазады Жамбыл облыстық “АРАЙ” газетінің сайты.

Филиал директоры Мырзахмет Ибрагимов биылғы жұмыстарының жоспары ауқымды екенін айтып отыр. Республикалық маңызы бар жолдарға 615 іссапарға шығу көзделсе, облыстық маңыздағы жолдарға 150 рет сапарға шығу діттелген. Бүгінде орталықтың бес қаруы сақадай-сай техника, лабораториялық аппараттары жеткілікті. Мамандары да жоқ емес. Сол қатарда жас лаборант Дәурен Даубаевпен жақынырақ танысудың сәті түсті. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Дәуреннің жол саласына келгені кездейсоқ емес екен. Бірақ әкесі еңбек еткен мекемеден жұмыс бұйыруы ол үшін күтпеген жайт болды. Жалпы ажал айтып келмейді ғой. Әсіресе өндірісте, құрылыс пен жолда жүріп міндетін атқаратын азаматтардың кейде кездейсоқ жағдайлардан жазым болып жататыны өкінішті-ақ.

Дәуренің әкесі де отыз жылдан астам жол саласында еңбек еткен айтулы жан екен. Осы филиалға да білікті маман ретінде аз еңбек сіңірмепті. Бірақ, былтыр кезекті іссапар кезінде тосыннан болған жол-көлік апатынан көз жұмып, бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылған. – Мен бала кезімнен әкемнің осы жұмыстың ортасында жүргенін көріп өстім. Кейін өсе келе жолдың сапасын қадағалайтынын саналы түрде түсіне бастап, бұл салаға деген өзімнің де қызығушылығым ояна бастады. Өйткені жолдың сапалы, талапқа сай болғаны бәріне, қоғамға керек дүние ғой. Өте жауапты сала, – дейді Дәурен Даубаев.

Шымкент қаласында туып-өсіп, орта мектепті сонда тәмамдаған Дәурен Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінен «Ақпараттық жүйелерді бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білімін ұштайды. Дегенмен әке жолын қусам деген бала күнгі мақсат-мұраты бәрібір жол жөндеу саласына мойын бұрғызады. Тағы бір мәрте жоғары оқу орнының табалдырығын аттап, жол құрылысы бойынша білім алып шықсам деген арман алдынан кесе көлденеңдей берді. Асқақ арманының жетегіндегі ол алғашында Тараздағы «К-Дорстрой» компаниясына қарапайым жұмысшы болып қабылданыпты. Осында жүріп жол сапасын зерттеп, талдайтын зертханада да жұмыс істейді. Бірақ онда көп жүрместен оқуға түсіп, білімін жетілдіруді жөн көріпті.

– Әрине, мұндай шешімге келуіне әкемнің де септігі көп тиді. Ең бастысы зертхана жұмысы көңілімнен шықты. Сөйтіп білімімді толықтыру туралы ойымды әкеме айтып, ақылын тыңдадым. «Әке – балаға сыншы» дейді ғой. Бауыр еті баласы болғандығымнан болашағыма алаңдамай тұрмайтын. Мен есейгенше өмірде де, еңбек жолында да ақылын бір аямады. Өзінің ізбасары болғым келетін шешімімді естігенде еш бетімді қақпастан, керісінше арқамды қағып, батасын берді, белімді буып, ақ жол тіледі, – деген кейіпкеріміздің жанарынан жалындаған жастық жігермен қатар әкеге деген қимас сезімді байқадық. Одан бөлек әке жолын жалғаған ұлдың ұлағатты ұстанымын, баталы елдің ұрпағына тән тәрбиенің ұшқынын аңғардық.

Әкенің батасын алған ол ТарМУ-дан автомобиль жолдары құрылысының маманы болып, диплом алып шығады. Дәуреннің әкесіне деген құрметтің белгісі, салаға сіңірген еңбегінің рақметі ретінде Д.Даубаевты «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» жамбылдық филиалының басшылығы оны жұмысқа алуды құп көріпті. Асыл әкенің дүниеден өткеніне де бір жылдан асыпты. Дәуреннің де осындағы еңбек өтіліне жыл толып отыр.

– Дәуреннің жұмысқа деген ынтасы жоғары. Өзінің зеректігінің арқасында жаңа қондырғыларды тез-ақ меңгеріп алды. Жақсы маман екенін көрсете білді. Оның бойынан әкесі Абдрахманда бар жұмысқа деген жауапкершілікті байқадым. Мен әріптесім марқұм Абдрахман Даубаевпен институтта бес жыл бірге оқып, бір салада ондаған жыл бойы қатар еңбек еттік. Дәуреннің болашағынан мол үміт күтеміз. Оған қарап, өзге жастар да осы салаға тартылады деген ойдамыз. Расында бүгінде жол құрылысы саласында білікті кадрлардың, әсіресе жастардың тапшылығы сезіледі, – дейді филиал зертханасының меңгерушісі Ахметжан Бименов.

Қазір ол асфальттың құрамын талдап, қорытындысын шығаратын германиялық аппараттың тізгінін ұстаған. Оған қоса жол бетіндегі сызықтардың, жол белгілерінің де стандартқа сай келуін, бояу құрамының сапасын саралайтын қондырғымен жұмыс істеуді меңгерген. Бір басында екі міндет – үлкен жауапкершілік тұр. Жұмысқа кіргеніне бір жыл енді толған жас маманның мұндай сенімге ие болуының ар жағында әке атына кір келтірмеуге тырысқан перзенттік намыс, ер жігітке тән жігер жатқаны анық.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий