Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығы басты назарда

Отандық педагогтердің биылғы тамыз кеңесі шеңберінде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы қазіргі жағдай: тәжірибе және даму перспективалары» тақырыбында республикалық семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Қашықтан өткізілген алқалы басқосуға ҚР Білім және ғылым министрінің Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, ҚР Бас Прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының, ҚР ІІМ, ЮНИСЕФ БҚ, ҮЕҰ өкілдері, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төраға орынбасарлары, әкімдердің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарлары, білім басқармалары мен бөлімдерінің мамандары, Ішкі істер департаменттерінің өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың хатшылары, арнаулы білім беру ұйымдарының басшылары және мамандары, сынып жетекшілер (7-9 сыныптар), мектептердің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, профилактика кеңесінің, мектептің ата-аналар комитетінің өкілдері қатысса, фейсбук әлеуметтік желісі арқылы баяндамашылардың ой-пікірін тыңдауға шақырылғандар сынып жетекшілерінің саны 25 мың адамды құрағанын білдік.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың практикалық аспектілері бойынша ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов; Жабық мекемелердегі балалардың құқығы тақырыбында «Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі» Қазақстандағы ҮЕҰ басшысы, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро директорының орынбасары, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшесі Роза Ақылбекова сөз қозғаса; 2019 жылғы балалардың жағдайы туралы баяндаманың негізгі қорытындылары жөнінде ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төраға орынбасары Дулат Жекебаев баяндап берді.

– Былтырғы жылдың қорытындысы тұжырымдалған бұл баяндама «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабына сәйкес, ресми статистикалық мәлеметтердің, уәкілетті мемлекеттік органдар мағлұматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы баланың негізгі құқықтарының сақталуын әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері негізінде дайындалды, – деп бастады кіріспе сөзін Дулат Шайкенұлы. – Баяндаманы дайындау шеңберінде жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу барысында еліміздің барлық өңірлеріндегі 8-17 жас аралығындағы 85 мың бала, қалалық және шалғай ауылдық жерлерде тұратын балалармен жұмыс істейтін үш мыңнан астам ата-ана, маман, педагогтар сұралды.

Дулат Жекебаевтің мәімдеуінше баяндамада отбасылармен балаларды әлеуметтік қолдау, демография мәселелері, денсаулық жағдайы, білімі және 2019 жылы қабылданған бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық актілердің тізімі нақтылануымен бірге соңғы бес жыл ішіндегі балалардың динамикасындағы жағдайының сандық және сапалық сипаттамаларына басымдық берілген. Балалардың қауіпсіздігі, қадағалаусыздықты, әлеуметтік жетімдікті, балаларға қатысты қылмыстарды, балаларға қатыгездікпен қараудың алдын алу жүйесіне, қиын өмірлік жағдайдағы балалармен отбасылардың мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Жинақталған ресми ақпараттар маңызды мәселерге орталық және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың назарын аудартуға, сонымен қатар түрлі ведомстваларға тиісті мүдделі ұйымдар мен құрылымдарды тәуелсіз мемлекетіміздегі балалардың жағдайы туралы талдамалық мәліметтермен қамтамасыз етуге бағытталды.

Баяндамашының айтуынша балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде 2019 жылы балалардың жағдайын жақсарту жөнінде тиісті заңнамалық шаралар қабылданған екен. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнамаға сәйкес 6 кодекс пен 6 заңға түзетулер енгізіліпті.

ҚР БП жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты кафедрасының доценті, философия докторы PhD, Алемгүл Қуатова еліміздегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың кейбір маңызды мәселелерін талқыға салса, НЗМ ДББҰ оқушылардың әл-ауқаты департаментінің директоры Динара Уалкенова зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу бойынша стандартты операциялық рәсімдерді, білім беру жүйесіне арналған ата-ана бағдарламасын әзірлеуді көздейтін ұстанымдарымен бөлісті. «Ангел» балалар қауіпсіздігі орталығының басшысы Зарина Джумагулова мектеп оқушылары үшін жеке қауіпсіздіктің маңыздылығына назар аударды. Street Law Kazakhstan адам құқықтары және балаларды буллинг пен кибербуллингтен қорғау жөніндегі білім беру жобасының үйлестірушісі, құқық докторы (PhD), адам құқықтары жөніндегі ғылыми-заңгер Халида Әжігұлова мектептегі еріктілерге қарсы бағдарлама және анти-буллинг саясаты: мектептерге арналған практикалық кеңестер бойынша тренинг жүргізсе, Just Support қорының атқарушы директоры, психология магистрі Светлана Богатырёваның тренингі буллингтің психологиялық аспектілері және оның алдын-алу бойынша жұмыстарға арналғанымен қатысушылардың көңілінен шықты.

Талқыланған маңызды мәселе бойынша түрлі пайымды пікірлерін ортаға салып, жан-жақты зерделеген қатысушылар өзара ақылдасқан соң ортақ шешімдегі ұсынымдарын жариялады. Бл мәлімдемеде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы қазіргі жағдай: тәжірибе және даму перспективаларына арналған республикалық семинар-тренингке қатысушылар баланың әл-ауқатын, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баланың дамуы үшін жағдай жасау және оны заңға бағынатын тұлға ретінде қалыптастыру мәселелерін талқылады. Осы басқосудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне: Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық ұйымдардың озық тәжірибесін тарату жөніндегі жұмысты жалғастыру. Қадағалаусыздық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ету (кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және жасау фактілері бойынша білім беру ұйымдары үшін әдістемелік ұсынымдар, жинақтар, іс-қимыл алгоритмі).

Екінші – облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының білім басқармалары: Тұрғылықты жері бойынша кәмелетке толмағандардың қадағалаусыздығы мен құқық бұзушылықтарының алдын алу жүйесінің органдары мен мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау, жасөспірімдермен жұмыс істейтін мүдделі адамдардың шеңберін кеңейту, ең ерте кезеңде «тәуекел тобындағы» балаларға көмек көрсету жөнінде жүйелі шаралар қабылдау; Жалпы білім беретін мектептердің педагог-психологтары үшін қоғамдық ұйымдардың әдістемелік ұсынымдарын пайдалана отырып, балаларды буллингтен және кибербуллингтен қорғау бойынша бірқатар оқыту тренингтерін ұйымдастыру; Білім беру ұйымының оқу-тәрбие жоспарында балаларды буллинг пен кибербуллингтен қорғау дағдыларына оқыту жөніндегі іс-шараларды көздеу; Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша үкіметтік емес сектормен ведомствоаралық ынтымақтастықты жандандыру; Кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтарына және қоғамға қарсы іс-әрекеттеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған шаралар қабылдау.

Үшінші – Баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың басшыларына: Арнаулы білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие жоспарларында девиантты мінез-құлықты балаларды болашақ кәсіптік бағдарлауға бағытталған вариативтік курстарды көздеу; Ұйымдардың әлеуметтік-психологиялық қызметінің жергілікті атқарушы органдармен тұрғылықты жеріне қайтып келген өмірлік қиын жағдайда жүрген кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру және әлеуметтік-педагогикалық оңалту мәселелері бойынша өзара іс-қимылын күшейту; Балалардың барынша қорғалуын, тәрбиеленушілердің қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау; Тәрбие-профилактикалық жұмыс шеңберінде білім алушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық және қылмыстық жауапкершілігін қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру (акциялар, ұжымдық шығармашылық істер, стандартты емес оқу сабақтарын өткізу және тағы да басқалар) ұсынылатындығы жазылған.

Дайындаған Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий