Шетелдегі студенттер елге қайта ма?

Шетелде білім алу ғаламдық үрдіске айналды. Осы үрдіске қазақстандықтар да соңғы он жылдықта қарқынды қосылып келеді. Білім және ғылым министрлігінің жыл басында берген ақпаратына сәйкес, қазір бір ғана «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде 857 студент білім алып жатыр. Оның сыртында түрлі бағдарламалармен, шетелдік университеттердің ішінара гранттары бойынша немесе тіпті өз қаражатына оқып жүрген жандар қаншама?!, – деп жазады республикалық “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайты.

Пандемия біздің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің білім беру жүйесіне кедергісін келтірді. Осы ретте шетелдерге білім қуып кеткен отандастарымыздың жағ­дайына тоқталуды жөн көрдік. Түркияда «Түркия Бурслары» бағдарламасымен докторантурада оқып жатқан Бекзат Әбдіқадыр карантин кезінде үйде отырғанымен, стипендиясының уақтылы төленіп тұрғанын айтады. «Пандемия басталып, Түркияда карантин жарияланған 16 наурыздан бастап үйде отыр­дық. Университетке сту­дент­тердің кіруіне тыйым салынды. Бірақ карантин біткен соң мамыр айының ортасынан бастап магистрант, докторанттарға оқу орнына кіруге рұқсат берілді. Жал­пы, отбасыммен Түркияда тұрып жатырмын. Ешқандай қиын­дық болмады. Стипендиям уақ­тылы түсіп тұрды. Оған қоса көршілеріміз студентсіңдер деп үнемі көмек көрсетіп тұрады. Біз тұрған жердің жұртына ризамыз, өте қонақжай, бауырмал халық. Дегенмен, қиыншылық та жоқ емес. Карантиннің кесірінен зертханадағы біраз жұмыстарым кешеуілдеп жатыр», дейді Түркиядағы отандасымыз.

Шілде айының басында АҚШ президенті Дональд Трамптың шешіміне байланысты аталған елдің иммиграция және кеден қызметі: «АҚШ мемлекеттік депар­таменті күзгі семестрді толықтай онлайн өткізетін оқу орын­дарының немесе бағдарла­ма­лардың студенттеріне виза бер­мейді. Ал АҚШ кеден және шекара қызметі ондай студенттердің Америка Құрама Штаттарына кіруіне тыйым салады. Осындай бағдарламалар бойынша білім алып, дәл қазір АҚШ-та жүрген студенттер елден кетуі тиіс, болмаса басқа шара қабылдауы керек», деп мәлімдеді. Жалпы Америка құрлығында 1 млн-нан аса шетелдік студент бар. Олар оқу ақысын, жатақхана немесе пәтерақыны төлеу арқылы елге кіріс әкелетіні белгілі. Бірақ алпауыт ел соған қарамастан жоғарыдағыдай шешімге келді. Себебі де түсінікті, АҚШ әлем статис­тикасында коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша бірінші орынды бермей келеді.

Ал Мичиган мемлекеттік университетінің магистратурасында білім алып жүрген Жол­дас Өрісбаев АҚШ президентінің бас­тамасы сот шешімінен кейін күшін жой­ғанын, сол себепті шетелдік студенттер ел­деріне қайтарылмайтынын жеткізді. «АҚШ-тағы атақты Гарвард университеті мен Массачусетс технологиялық институты Д.Трампты жоғарыдағы бастамасы үшін сотқа берді. Сотта Ақ үй жеңілді. Осылайша бұл мәселе Америкадағы шетелдік студент­терге еш кедергісін келтірген жоқ. Де­генмен қиындықтар болды. Айталық, мен жур­налистика факультетінде оқимын. Ма­мандығым бойынша практикалық жұмыс­тарды, репортаждарды оқиға орнында жү­ріп, сол жерде болып, куәгерлермен тіл­де­сіп әзірлеуім керек. Бірақ карантин ке­зінде бізді сыртқа шығармады, универ­ситет басшылығы да профессорларға сырт­та орындалатын жұмыстар бермеуді тап­сырды. Сол уақыттарда жасаған репортаж­дарым өзіме аса ұнамады. Лекцияларға қа­шықтан қатысу соншалықты қиын бол­ма­ғанымен, профессормен кері байла­ныс орнатқанда қолайсыздықтар болды. Басқа студенттердің айтқанын күтіп оты­р­уың керек, олар тіпті үйде маужырап жа­тып сабаққа ынтаңды төмендетеді», дей­ді Ж.Өрісбаев. Оның айтуынша, АҚШ-тағы Қазақстанның елшілігі мен сон­дағы «Болашақ» бағдарламасының үйлестірушісі кәрі құрлықтағы білім алып жүрген қазақстандықтардың қаласа, ел­ге қайтуына, билет алу, әуежайға дейін қауіпсіз жету жағынан көмектесіп жатыр.

Жақында Сыртқы істер министрлігі шетелдегі қазақстандық студенттерге кө­мек­тесу үшін Жедел штаб құрғанын жазды. Бұл туралы ведомствоның телеграм каналында: «Қазіргі таңда әлемде жалғасып жатқан коронавирус індеті шетелде білім алатын қазақстандық студенттер үшін бел­гілі бір қиындықтар туғызуда. Көптеген ел­де тұрақты авиациялық және көліктік бай­ланыс тоқтатылып, шетелдік азаматтарға кі­руге тыйым салынып, карантин режімі сақ­талып отыр. Шетелдік оқу орындары ше­телдік студенттер үшін қашықтан оқыту фор­матына көшуде. Осыған байланысты қа­зақстандық студенттерді үйлестіру және оларға қажетті көмек көрсету үшін Сыртқы істер министрлігінде Жедел штаб құрылып, оған Орталық аппарат қызметкерлерімен қатар шетелдегі консулдық қызметкерлері де кірді», делінген. Тиісті министрлікке ха­барласқанымызбен, елшілік құрған Жедел штабтың шетелдердегі студенттерімізге қан­шалықты көмек көрсетіп жатқанын біле ал­мадық.

Десе де елшіліктің көмегіне жүгінген жан­ды табудың сәті түсті. Ресейдің Мәскеу мемлекеттік университетінде «Болашақ» бағ­дарламасымен тағылымдамадан өтіп жүрген Бибол Жақыпбаев елшіліктердің жәрдемдесуде жеделдік танытқанын, қол­даудың болғанын растады. Ол вирус өршіп, карантин жарияланған соң, тіпті елге оралып, қашықтан оқу форматында білім ал­уын жалғастырған. «16 наурыздан бастап уни­­верситетіміз басқа да ресейлік, әлемдік жоғары оқу орындарымен қатар қашықтан оқыту форматына көшті. Сол сәттен біз жа­тақханада жатып өз ноутбугімізбен са­бақ оқыдық. Zoom платформасында осы­ған дейінгі теориялық жұмыстарымызға прак­тикалық талдаулар жасап отырдық. Ма­мыр айының соңында Мәскеудегі вирус жұқ­тырғандар санының күрт артқанына алаң­дап, жетекшілерімнен елге қайтуға рұқсат алдым. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтында репатрияциялық рейске өтініш қалдырдым. Бірден кері байланыс орнатылды. Елшіліктің жедел әрекет етуімен елге оралдым. Мәскеуден ел астанасына келгенде екі күн карантинге жатқызылып, бізден ПТР тестін алды. Вирустан таза еке­німіз анықталғаннан кейін үйімізге жі­берді», дейді Б.Жақыпбаев. Оның ойын­ша, қашықтан оқытуға көшу төтенше жағ­дайдағы ең ұтымды шешім болған. Себебі білім алу ешқашан тоқтатылмауы тиіс. Бұл екінші жағынан мынадай қиын кезеңде денсаулыққа алаңдамай, сабақ оқуға септігін тигізеді. Эпидемиолог мамандардың болжамына сүйенсек, күзге қарай коронавирустың келесі толқыны басталады. Ресейде тағы­лым­дамадан өтіп жатқан отандасымыз осы жағдайға қарамастан екі ел арасындағы шекара ашылса, әрі қарайғы оқуын шетелде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Білім және ғылым министрлігі 12 тамызда шетелде оқитын студенттерге еліміздегі жоғары оқу орындарына ауысу бойынша көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады. «Білім және ғылым министрлігі ше­телдік жоғары оқу орындарына өз бе­тін­ше түскен және коронавирус пандемия­сына байла­ныс­ты жоғары оқу орындары­на оралу проблемасына тап болған қазақстандық студенттерге көмек көрсете бастады. Шетелдік ЖОО-ның көпшілігі студенттерін қашықтан оқытады. Алайда кейбір оқу орындарында мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Өздеріне бай­ланысты емес себептермен оқуын жал­ғастыру үшін елден шыға алмайтын студенттерге министрлік отандық жоғары оқу орын­дарына ауысуға көмектесуге дайын», делінген аталған хабарламада.

Ведомствоның бізге берген дерегі бойын­ша аз ғана уақыттың ішінде шетелдер­де білім алып жүрген 500-ден аса студент еліміздегі ЖОО-ға ауысу өтінішін қалдырып үлгерген. Оқуын ауыстыруға ниеттілердің басым бө­лігі – өз бетінше оқуға түскендер. Олардың ара­­сында «Болашақ» бағдарламасымен бі­лім алып жүргендер әзірге жоқ. Бұдан ке­йін де елдегі университеттерге оқуын ауыс­­тырғысы келетіндер өздері қалаған отан­дық ЖОО-ның виртуалды қабылдау ко­миссиялары арқылы құжаттарын өткізе ала­ды. Бұл туралы министрлік: «Аталған жағ­дайда құжаттарды рәсімдеу форматы же­ңіл­детіледі. Студенттерге университеттің виртуалды қабылдау комиссиясына жүгіну жеткілікті. Оқу орнына ауысу туралы өтініш онлайн режімде қарастырылады. Осы санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында министрлікте жедел желі (74-16-24) іске қосылды, көрсетілген нөмір бойынша дүй­сен­бі мен жұма аралығында сағат 9.30-дан 18.30-ға дейін хабарласуға болады», деп жазды.

Оқуын тәмамдағанда қазақстандық дип­­лом­ды алатынын білсе де небәрі бір аптадан аса мерзімде осыншама сту­дент­тің кері қайтқысы келгеніне қара­ған­да, әлемнің бар­лық университеті Harvard пен МІТ-дей бола алмай тұрғанға ұқ­сай­ды. Бәлкім қиын-қыстау кезеңде өз елін­де болуды шетелдік дипломнан артық көре­тіндер де көп шығар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий