Ғұлама философиясындағы бақытты адам концепциясы

Тарихтың «құм басқан» көне «рухани күм­без­дерінің» ішінде алыстан мұнартып, жақын­даған сайын жарқырай түсетін Әбу Насыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фарабидің тұлғасы биіктей түседі. Қазақ елі көп уақытқа дейін әл-Фарабиді біле бермеді. Оның есімі шығыстанушылардың еңбектерінде аталып жүргенімен де өзіне лайықты бағасын толық ала алмай келді. 1975 жылы жарық көрген өзбек ғалымы М.Хайруллаевтың «Мироввоззрение Фараби и его значение в истории философии» (Ташкент, 1967), «М.Фараби: эпоха и учение» (Ташкент, 1975) атты монографиялық зерттеулері шығып, осы тақырыпта докторлық диссертация қорғағаннан кейін барып, қазақ ғалымдары бұл мәселеге назар аудара бастады, – деп жазады филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ республикалық “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетіндегі ғылыми зерттеу мақаласында.

Әл-Фараби – ғылымның барлық саласымен дерлік, айналысып, 150-дей ғы­лыми трактат жазып, артына өшпес мұра қалдырған энциклопедист ғұлама, орта ғасырлардағы түркілік, исламдық өркениеттің жарық жұлдызы. Оның есімі әлемдік өркениеттің тарихында әйгілі ойшыл, философ, математик, физик, астроном, әлеуметтанушы, тілші, сөз өнерін, саз өнерін зерттеуші ретінде кеңінен танымал болды. Ол «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» атты еңбегінде ғылымды бес салаға бөліп жіктейді: біріншісі – тіл білімі және оның бөлімдері; екіншісі – логика және оның бөлімдері; үшіншісі – математикалық ғылымдар. Бұлар: арифметика, геометрия, оптика, тәлімдік астрономия, музыка ғылымы, ауырлық туралы ғылым, механика; төртіншісі – физика және оның бөліктері, діни ілім және оның бөлімдері; бесіншісі – азаматтық ғылым және оның бөлімдері, діни ілім және оның бө­лім­дері» (Әбу Насыр әл-Фараби. Таң­дамалы трактаттары. Алматы, «Арыс», 2009, 15-бет).

Орта ғасырлардағы ғылым біртұтас, әлі іштей жіктелініп, жеке сала болып қалыптаса қоймаған болатын. Сон­дық­­тан да ғалымдар өмірдің, барлық ғы­лым салаларының ортақ әмбебап заңды­лықтарын зерттейтін философ болды. Әл-Фараби еңбектерінің салмақты жағы ғылымның философиялық мәселелерін зерделеуге арналған еңбектерінде ғылым­ның аса маңызды проблемалары көтеріліп, ғұламаны асқан ойшыл, кемеңгер философ ретінде әлемге танытты.

Идеализм мен исламның негізгі қа­ғи­даларынан бастау алатын әл-Фара­­би­дің философиясы материализмге арқа сүйейтін Батыстың философиясы­нан өз­гешелеу келеді. Ғалым мұрасын зерт­теу­шілер әл-Фараби философия­сына тірек болған үш дәйектемені көр­се­теді: «1) дүниені мәңгілік деп тану; 2) зерттеу принципі ретіндегі детер­­ми­низм; 3) парасат жайындағы ілім, бұл ілім­нің адам жанының мәңгі өлмей­тін­дігі бекер дейтін қорытындыға бейім тұрғандығы» (Б.М.Кедров, Ш.Е.Есенов, А.Х.Қасымжанов. Әл-Фарабидің фило­софиялық көзқарастары. Кітапта: Әбу Насыр әл-Фараби. Бақыт туралы кітап. Алматы, 2015, 20-бет).

Әл-Фараби ғылым салаларын жүйеле­генде, ең алдына тіл білімін қояды. Өйт­кені, «Бұл айтылғандардың барлығын пайымдау жолымен – өз ойымызды қа­лай жеткізу керектігінен, үйрету немесе үйрену керектігінен, қалай баяндау, сұрау, жауап беру керектігінен абстракциялану арқылы таптық. Осы себепті барлық ғылымдардың ішіндегі ең бірінші ғылым тіл туралы ғылым деймін. Ол заттарға, яғни субстанция мен акциденцияларға атау береді. Екінші ғылым – грамматика, ол атауларды қалай реттеу керектігіне, субстанциялар мен акциденциялардың орналасуын білдіретін сөздер мен сөй­лемдерді және содан шығатын салдарларды құрастыруға үйретеді». Бұл жерде ғұламаның адамның адам ретіндегі саналы тіршілігінде, адамның өмірдің құпияларын танып-білуіне көмектесетін ғылыми ізденістерінде тілдің айрықша орнына ерекше мән бергендігі көрінеді.

Әл-Фарабидің анықтауынша, тілдің сан қырлы қызметі тікелей логикамен байланысты: «Ол қорытынды алу үшін логикалық фигураларға сай баяндауыш сөйлемдерді қалай орналастыру керектігіне үйретеді. Солардың арқасында біз танымағанды танимыз, ненің ақиқат, ненің жалған екендігі туралы пікір айтамыз» (сонда). «Поэзия (өнері) туралы» трактатында ол негізінен, арабтың сөз өнері жайлы ойларын басқа елдермен салыстыра отырып, әңгімелейді. Өлеңдегі дыбыстың, ырғақтың, басқа да бөліктердің, шарт­тардың, айтылымның үйлесім табуы заң­дылық дейді. Бұл жерде сөз өнерінің бейнелеушілік сыпаты басқалармен са­лыс­тыра отырып, дәл көрсетеді.

Оның «Поэзия (өнері) туралы» трак­татындағы «Демек, өнер екі түрге бөлінеді: біреуінің мақсаты тамаша көркемдікке ие болу, екіншісінің мақсаты пайдаға ие болу»; «Тек тамаша көркемдікке жету­ді мақсат ететін өнер философия деп, не­ме­се абсолюттік мағынада айтқанда, да­на­лық деп аталады» (сонда, 35-бет) – де­­ген пікірлері күні бүгінге дейін өзі­нің маңызын жойған жоқ. Ғұламаның «Бар­лық поэтикалық шығармалар бір нәрсені қиялмен жақсы бейнелеу үшін ғана шығарылған» (233-бет) – деген ой түйінінде сөз өнерінің басты қасиеті ашылған. Ғалымның «Қайырымды қала тұрғын­дарының көзқарастары туралы трактат», «Бақытқа жету жайында», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Соғыс пен бейбіт өмір туралы кітап», «Қоғамды зерттеу кітабы» еңбектерінде адам қайтсе, бақытты болады, адамдар бақытты өмір сүре алатын қоғамдық құрылыс қандай болуы керек деген сауалдар төңірегінде мәселенің мәніне тереңдеп барады.

Әл-Фараби қоғам дұрыс болу үшін онда өмір сүретін адамдар дұрыс болу керек деп біледі. Ал адамдардың алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жету үшін барынша ұмтылатыны белгілі. Сонда адам тіршілігінің бар мәні бақытты болуға саяды. «Екінші ұстаз» адам өмірінің ең жоғары сатысы саналатын «бақыт» категориясына тоқталып, оған философиялық тұрғыдан сипаттама, терең талдаулар жасайды. Ол «Адамзат кемелдігінің ең биік дәрежесіне жеткен» адамды бақытты адам санайды. Адам бақытты болу үшін ол өмір сүріп отырған елдің басшысы да кемел адам болуы керек», «Адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс» деп біледі. Осындай оймен басшыға қойылатын алты талапты атайды: «Бірінші шарт – дана болу. Екінші шарт – қалаға арнап бірінші имамдар (басшы, Д.Ы.) белгілеген заң­дар­ды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу. Үшінші – бұрынғылардан тиісті заң сақ­талмаған жағдайда, бірінші адамдар­дың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету. Төртінші – бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді бұрыннан қалып­та­сып қалған жағдайды да, болашақ оқиға­ларды да қалаған кезінде танып-біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай іс-әрекетінде ол халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс.

Бесінші – бірінші имамдардың заңда­рын және солардан кейін, олардың үлгі­сі бойынша өзі белгілеген заңдарды орын­дау­ға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу. Алтыншы – әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде және билеуші өнер ретінде біліп алу». Ғұлама «Адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс…» (сонда, 356-бет) – деп, негізгі ойын нығырлай түседі. Сонда ең таңдаулы, кемелдікке жеткен бақытты адам қандай адам? Бұл сауал – адамзат қоғамын Адам-ата жаралғалы бері ойландырып келе жатқан мәңгілік мәселе. Әл-Фараби «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекет­тік қайраткердің нақыл сөзлері», «Қайы­­рым­ды қала тұрғындарының көзқараста­ры» секілді еңбектерінде осы мәселеге те­реңдей барып, күні бүгінге дейін өзінің құнын жоймаған бағалы пікірлер айтты. Жаһанданудың салдарынан әлем дағдарысқа, тоқырауға ұшырап отырған мына заманда әл-Фарабидің гуманистік идеяларға негізделген ғылыми ой-пікір­лерінің өміршеңдігі көрініп тұр.

Әл-Фараби өмірге келген әрбір адам бақытты болу үшін өмір сүреді дейді: «Ба­қыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат…» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы, «Ғылым», 1975, 3-бет), «Жан біткеннің бәрі ең биік кәмелеттікке жету үшін жаралған, ол бұған өзіне тән болмыс сатысына сәйкес жете алады» (Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы, 1973, 347-бет). Адамның бақытқа жету жолындағы күресінде үш түрлі жағдайды басынан өткереді. Олар: «1. Бұл – әрекеттер, адам өзінің дене мүшелерін пайдалану үшін керекті әрекеттер, мысалы, орнынан тұру, отыру, көлікке мініп жүру, көру, есту үшін керекті әрекеттер. 2. Жан эффектілері. Мысалы, құштарлық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш және сол сияқтылар. 3. Ақыл-парасат. Бұл үшіншісі адамның бүкіл өмір бо­йында болады немесе кейде болып, кейде болмайды».

Осы үшеудің ішіндегі ақыл-парасат – адамдардың бақытты болуы үшін Алла­ның сыйлаған сыйы. «Адам нақ осы ақыл арқылы адам болған…»; «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» (сонда, 194-бет). Ақылды, парасатты болу үшін адам өмір бойы оқумен, оқығандарын бойы­на тоқумен, жақсылардан үйренумен өтеді: «Үйрету дегеніміз – халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз». Жақсы тәрбиемен дұрыс бағытта берілген білім адамды кемелдікке, даналыққа қарай бастайды. «Даналықтың ерекшелігі – әрбір түпкі нәрсенің шекті себептерінің оған мәлімділігі болса және адам өмірінің мақсаты бақыт болса, ал мақсат сол себептердің бірі болса, онда, даналық дегеніміз, шын бақыт болып табылатын зат туралы білімнің бізге беретіні болып шығады. Даналық дегеніміз – шын бақыт туралы білім беретін нәрсе, ал пайым­дағыштық – бақытқа жету үшін орын­дау керек болатын әрекеттер туралы білім­нің беретін дүниесі» (Әл-Фараби. Ба­қыт туралы кітап. Алматы, 2015, 16-бет).

Бақыт дегеннің не нәрсе екендігін жан-жақты білімдарлығының, ойшылдығының арқасында жан-жақты түсіндіреді; әртүрлі қырынан сипаттайды: «Кейбіреулер ләззат алуды ең жоғары бақыт деп, есептейді. Енді біреулер бай­лықты бақыт деп, санайды. Үшінші біреу­лер бақытты сол екеуінің ұштасуы деп біледі» (сонда, 311-312 беттер); «Бақыт дегеніміз – игіліктердің ішін­дегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетіл­гені…» (сонда, 5-бет); «…біз философияның арқасында ба­қыт­қа жетеміз. Ал оны біз жақсы ақыл-па­ра­сат арқылы меңгереміз» (сонда, 36-бет); «Ең дұрысы, бақыт – оқығанда, сабақ алғанда, білімді игеру, әртүрлі өнерлерді үйренгенде, оларды игеру, (оларға сәйкес) жұмыстарды орындау сияқты игілікті істер арқылы қол жететін мақсат» (сонда, 258-бет); «Бақыт – өз басың үшін көксейтін игілік; бұған ешбір жағдайда және ешқа­шанда басқа нәрсеге бола талпынбайды, өйткені (бақыттың) аржағында адамның қолы жете алмайтын бұдан артық нәрсе жоқ. Бақытқа жетуге көмектесетін ер­кін әрекет – тамаша әрекет. Мұны туғы­за­тын әдет-ғұрып – қайырымдылық. Бақытқа (жетуге) бөгет жасайтын әрекет жаман немесе сұмпайы әрекет болмақ. Бұл әрекетті туғызатын әдет-ғұ­рып – кемшілік, кесепат, пасықтық» (сонда, 179-бет).

Әл-Фарабидің пікірінше, адам өмірінің мәні мен сәні, ең жоғарғы шыңы болып саналатын бақыт жанның байлығына, адам­гершілікке негізделеді. «Жақсы мі­нез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі бірік­кенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады» (сонда). Жаны жайсаң, адамгершілігі мол адамдардың мінез-құл­қы да жақсы келеді. Жақсы мінез-құлық білім алу, үйрену барысында көбіне тәр­биемен қалыптасады. «Адамның бойына дарыған, халықтар мен қала тұрғындарына тән және бұл дүниеде тиесілі бақытқа жетуіне, о дүниеде асқан рахатқа кенелуіне септігін тигізетін төрт түрлі нәрсе бар, бұлар: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер». «Адамның игі қылықтары мен жақсы әрекет­терін жасауға көмектесетін жан қасиеттері – ізгілікті қасиеттер, ал адамның пасық істер мен оңбаған әрекеттер жасауына себепші болатындары – сұрқиялық, кемшілік немесе опасыздық болып табылады».

Адамның саналы өмірін қамтамасыз ететін – денінің саулығы мен жан сау­лығы. Осы екеуі бір-біріне сай, үйлесім тап­қанда ғана адам бақытты бола алады. Денсаулықты дәрігер қадағаласа, жан саулығы – аса күрделі; ол адамның өзі­нің дүниеге көзқарасынан бастап, алған білі­міне, тәрбиесіне, өмірлік мақсатына, ма­мандығына, қоршаған әлеуметтік орта­сына сияқты көптеген факторларға байланысты. «Дене сияқты жанда да өзіне тән ден­сау­лығы және науқасы болады. Жан­ның саулығы сол, оның өзінің және бөл­шек­те­рінің жайы жақсы болуының әсерінен әрдайым ізгі қылықтар көрсетіледі, игілікті істер істеледі және тамаша әрекеттер жасалады. Ал жанның науқастығы сол, оның өзінің және оның бөлшектерінің жайы нашар халде болуының әсерінен әрдайым жаман қылықтар көрсетіледі, азғындық істер істеледі және сорақы әрекеттер жасалады». «Жаман мінез-құлық – рухани кесел». Жан сұлулығы, жақсы мінез адамды қайырымды етеді. «Қайырымдылық адамдар жанынан берік орын алғанда, не адамдар ұстамды болғанда, қалаларда теріс қылықтар жойылады» (сонда, 201-бет).

Өмірдегі адамдардың білім деңгейі оқыған, оқымаған, жоғары білімді дегендей, түрліше болуы – заңды. Осындай адам­дар туралы «Ақыл-естің тілегенін (жа­сауға) парасаты және батылдығы жете­тін есті адамдар болады. Мұндай (адам­дарды) біз әдетте, өзінің лайығынша, ерік­ті адам деп атаймыз, ал енді өз бо­йын­­да осы екі (қасиет) жоқ адамдарды ха­йуан тәріздес адамдар деп атаймыз, ал тек ақыл-есі ғана жетіп, батылы бар­май­тындарды жаратылысынан құл адам­дар дейміз» (сонда, 29-бет) – деген сипат­тамалар беріліпті. Ары қарай ойын «Бұлардың ішінде батыл бола тұрса да, ақыл-есі кем түсетіндер бар. Бұлар үшін басқалар ақылға салып, пайымдайтын болады. Бұл жағдайда мұның өзінің қамын жеуші басқа адамдарға бұл не бағынып, не бағынбайды. Егер бағынбаса, онда бұл да хайуан тәріздес, ал егер бағынса, ол көп істерінде табысқа жетеді және осының арқасында құлдар (қатарынан) шығып, еріктілер қатарына қосылады» (сонда, 30-бет) – деп жалғастырған.

Бақытты болу кез келген адамның қо­лынан келе берер оңай шаруа емес. Оған өмірді сүре білуге қажетті жан-жақты білімі бар, жаны бай, адамгершілігі, рухы жоғары, мақсатына жету үшін қиын­дықтарға шыдап, күресе білетін адамдар ғана қол жеткізе алады. «Егер адам­ның өмір сүруінің мақсаты – ең жоға­ры кә­ме­­летке жету болса, онда адамның осы бақытқа жетуін көрсету үшін оны мең­геруге қабілетті нәрселердің бәрін алу керек». «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, со­ған ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол ба­қыт­қа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек» (сонда, 409-бет).

Әл-Фарабидің адам концепциясында жүрек аса маңызды орынға ие. Өйткені, адамның бақытты болу жолындағы өмі­рі­нің барлығы осы жүрек арқылы басқа­рылады. Жүрегі таза, жылы адамдар ғана бақытты өмір сүре алады. Оған себеп, жүрек – адамның денесіндегі ең басты орган; адам ананың құрсағында жаратыла бастағанда, ең алдымен жүрек жаратылады; адамның басқа дене мүшелерінің барлығы ми арқылы жүрекке қызмет етеді. «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің еш­қандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше; бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екін­ші, өйткені ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді. Бірақ бұл тек жүрекке қызмет етеді және жүректің табиғи ниетіне қарай, бұған басқа мүшелер қызмет етеді. (Ми жүректен кейінгі) мүше ретінде (әрекет етеді), басты (мүше) бейімделе алмаған жерде оның орнын басады, оның өкілі болады, әр іске бейімделіп отырады; жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға тән қабілет.

Мәселен, жүрек – ішкі табиғи жылы­лықтың көзі… Ми (мұнда) жүрекке қызмет етеді, сезімдік жүйке тамырларға өз күшін бо­йында сақтайтын қуат бітіреді, бұл қуат қоректендіруші (күштердің) сезімтал болуына мүмкіндік береді… Мүшелердің ішінде тұңғыш рет жү­рек пайда болады, бұдан кейін ми, одан соң бауыр, одан кейін көбауыр, сонсоң басқалары пайда болады. Бәрінен соң барып, қимылға келетіні – жыныс мүшелері… Үстем күштің мекені – жүректе» (Әл-Фа­раби. Философиялық трактаттар. Ал­маты, 1973, 289-295 беттер). Ұлы Абай да адамның өміріндегі жү­ректің атқарар қызметіне ерекше мән бер­ген. Мида қорытылған ой жүректің сарабынан өтіп барып, сөзге айналып, сыртқа шығады. Ақынның айтуынша, сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді»; «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз»; жүрексіз айтылған сөз – жал­ған сөз; ондайларға сенбе. Өмірдің әділет­сіздіктерін қайнаған ішінде жүріп көп көрген, барынша сезінген халқының көзі, сезімі, жыршысы атанған ақынның жүрегі – «қырық жамау».

Бұл жерде қазақ топырағынан шыққан екі ұлы айтқан ой-пікірлерінің арада мыңнан астам жыл уақыт өтсе де бір ар­на­дан шығып жатқаны көрінеді. Ұлы философ әл-Фараби адам бақытты болуы үшін ол ақыл-парасаттың иесі, жүрегі таза, жылы болуы керек десе, ақын Абай ең алдына оның ойының дұрыс болуын, яғни мидың қызметін қояды. Екі ұлы да адам өміріндегі сандаған ойларды қорытып, ой ойлап, даналыққа, парасаттылыққа жетелейтін, дұрыс жолды табатын ми­дың, сол мидың қорытып ұсынған «ақыл­дарының» ішінен дұрысын қабыл алып, «жылылыққа орап», сөз арқылы сырт­қа шығаратын жүректің қызметтерін аса жоғары бағалағандықтары, бірін-бі­рі толықтыра түскендіктері көрініп тұр. Ұлылардың ұлылығы, ұлылардың үндес­тіктері осылай болса керек.

«Әбден жетілген адамдардың ғана жандары мәңгі өлмейді» (Әл-Фараби). «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, // Өл­мей­тұғын артына сөз қалдырған» (Абай). Иә, ақыл-парасаттың шыңына шығып, оны ой елегінен өткізіп, артта келе жатқан ұрпақтардың бақытты өмір сүруіне көмек­тесетін «өлмейтұғын сөз» қалдырған ұлы­лардың рухтары мәңгі жасай береді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий