Ғалым. Ұстаз. Ана

Қасиетті Сыр өңірінен кімдер түлеп ұшпаған?! Солардың бірі – Сыр елінде дүние есігін ашып, қазіргі таңда ғылымға өз үлесін қосып, болашақ педагогтарды тәрбиелеуде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің дамуы мен көркеюі жолында өзіндік алар орны бар, жиырмасыншы ғасыр соңындағы ағалар көшін жалғастырушы педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Мәскеудегі Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының (МАНПО) мүше – корреспонденті, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2006 ж.) мемлекеттік грантының иегері, «Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың үздік оқытушысы» Валентина Ержанқызы Серікбаева.

Валентина Ержанқызы 1950 жылғы тамыз айының 21-і күні Қызылорда қаласында дүниеге келіп, 1957-1967 жылдары Жамбыл Жабаев атындағы №411 сегізжылдық мектепте (қазіргі №120 орта мектеп), одан кейін №112 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте білім алды. 1967 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы ҚМУ) физика-математика факультетіне «Математика» мамандығы бойынша студент болып қабылданды. Жас маманның бойындағы ғылымға деген ынта жігерін байқаған факультет басшылары 1971 жылы институтты бітірген соң жас маманды осы факультеттің «Геометрия және математиканы оқыту методикасы» кафедрасына оқытушы қызметіне қалдырды.

1972 жылы Қазан қаласына, атақты геометр, евклидтік емес геометрияның бар екендігін алғашқылардың бірі болып ашқан ғалым Н.И.Лобачевский оқыған, қызмет жасаған, ғылыми жұмысын жүргізген В.И.Ульянов-Ленин атындағы Қазан мемлекеттік университетінің оқытушылардың білімін көтеру факультетіне 4 айға оқуға жіберіледі. Геометрияның бір бөлігі – дифференциалдық геометрияның негізін қалаушылардың бірі, осы пәннің арнайы оқулықтарының авторы, атақты ғалым А.П.Норденның семинарларына қатысып, баяндама жасап, ғұламалардың лекцияларын тындаған. Әрине, мұның бәрі ғылыммен шын мәнінде айналысуға әсерін тигізді.

1977 жылы А.М.Горький атындағы Киев мемлекеттік педагогикалық институтындағы оқытушылардың біліктілігін арттыру факультетінде «Математика әдістемесі» мамандығы бойынша төрт айлық оқуға жіберіледі. Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде 1979 жылы А.М.Горький атындағы Киев мемлекеттік педагогикалық институтындағы «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының мақсатты аспирантурасына түседі. Аспирантураны бітіріп бұрыңғы қызмет орнына – «Алгебра, геометрия және математиканы оқыту методикасы» кафедрасына оқытушы болып қайта оралды. Сол уақыттан бері факультет, кафедра атауы бірнеше рет өзгерді. Оқытушы (1971ж.), аға оқытушы (1983ж.), доцент (1992ж.), «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының профессоры (2001ж.) болып, бір кафедрада үздіксіз 50 жылға жуық ұстаздық міндеттерін атқарып келеді. Қазіргі таңда білікті басшы Бақыт Қалиұлы басқаратын «Физика және математика» кафедрасының профессоры.

1987 жылы А.Н.Герцен атындағы Ленинград мемлекеттік педагогикалық институтының арнайы мамандандырылған докторлық диссертацияларды қорғау ғылыми Кеңесінде Валентина Ержанқызы педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін «Совершенствование подготовки будущих учителей математики в педагогических институтах к реализации межпредметных связей в средней школе» («Орта мектепте пәнаралық байланыстарды іске асыруға педагогикалық институттарының болашақ математика мұғалімдерін дайындауды жетілдіру») тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми жетекшілері п.ғ.к., доцент Г.П.Бевз және п.ғ.к., доцент В.А. Гусев Оппонентерінің бірі – атақты педагог-методист, п.ғ.д., профессор А.А.Столяр.

Валентина Ержанқызының ғылымдағы жетекшісі сол кезеңнің және қазіргі таңдағы ғылымның сара жолында талай жас ғалымдарға өмірлік жолдама берген белгілі ғалымдардың бірі, педагогика ғылымдарының докторы, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі болған, мектеп геометрия оқулықтары мен дидактикалық оқу құралдарының, ЖОО-ның көптеген оқу құралдарының авторы академик В.А.Гусев еді. Ал институттағы ақыл кеңес берушісі, рухани жетекшісі – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі Ә.Тәжмағанбетов болды. Профессор В.Серікбаева оқу әдістемелік жұмысты болашақ математика мұғалімдерінің үздіксіз білім алу сапасын арттыру бағытында жүргізіп отыр, математиканы оқытудағы инновациялық әдістерге аса назар аударады. Ол курстық және дипломдық жұмыстарды орындауға әдістемелік нұсқаулар, педагогикалық практиканы өтуге арналған бағдарлама, пәнаралық байланыстарды қолдану негізінде жасалған «Математиканы оқыту әдістемесі» курсының және «Мектеп математика курсындағы пәнаралық байланыстар» арнайы курсының оқу бағдарламаларын жасады.

Профессор В.Е.Серікбаеваның инициативасымен университеттің физика-математика факультетінде «Мектеп математика курсындағы пәнаралық байланыстар» және «Мектеп математика курсының логикалық құрылымы», ал магистранттарға «Математиканы оқытудың психологиялық-педагогикалық негіздері» атты арнайы курстар оқытылады. Ғалым-ұстаз Әбдікәрім Тәжмағанбетұлы тынбай үздіксіз тер төге жүріп, «Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» саласында дербес ғылыми бағыт қалыптастырып кетті. Оның тікелей ғылымдағы шәкірттері – Мәскеудегі Халықаралық білім беру ғылымдары академиясының (МАНПО) корреспондент-мүшелері п.ғ.к., профессор Серікбаева Валентина және п.ғ.к., доцент, қазір Қазақстан инновациялық университетінің Қызылорда қаласындағы өкілеттілігінің директоры Қасаева Зәуреш, педагогика ғылымдарының кандидаттары, профессор С.Меңліқожаева мен доцент З.Сейлова.

Бүгінгі күндері Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де профессор Әбдікәрім Тәжмағанбетұлының ғылымдағы салған сара бағыты мен ізденістері жалғасын табуда. Оған ғылыми жетекшілікті Валентина Ержанқызы жасауда. Аспиранттардың және ізденушілердің кандидаттық диссертацияларына ғылыми жетекшілік жасауға ҚР ЖАК-нің рұқсаты берілген, кафедра аспиранттарының, магистранттарының диссертациялық жұмыстарына ғылыми жетекшілік жасаған. Валентина Ержанқызының ғылыми жетекшілігімен аға оқытушы Л.Қаинбаева кандидаттық диссертация қорғады. Көптеген магистерлік диссертациялар қорғалып, педагогика магистрлер қатары толықты.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан мектептеріндегі математикалық білім беруді дамыту: қазіргі жағдайы және даму болашағы» атты еліміздің математика пәні мұғалімдерінің I-съезінің ұсынымдарын іске асыру жоспарына сәйкес Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында қазақ тілінде «Математиканың терминологиялық сөздігін» дайындау мақсатында құрылған жұмыс тобында жұмыстар атқарды (Астана, Қызылорда, тамыз-қазан 2011 ж.). ҚР Білім және ғылым Министрлігінің ғылымды дамытудың басымды бағыттарының бірі – жаратылыстану ғылымдары салаларындағы іргелі зерттеулерді гранттық негізде орындауға кафедра мүшелерімен ғылыми жлбалар даярлап, конкурстарға қатысты.

Валентина Ержанқызы студенттер мен оқушылардың да ғылыми жұмыстарына ғылыми жетекшілік жасап келеді. Студенттерінің ғылыми проектілері Республикалық дәрежедегі жарыстарда жүлделі орын алды. Сонымен қатар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бағдарламасы бойынша орта мектеп оқушыларының ғылыми жобаларына жетекшілік жасады, оқушылары жүлделі орындарға ие болды. Облыстық педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында мектеп мұғалімдеріне арналған курстарда тұрақты баяндамалар оқыды. Қазір бұл институт «Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ. Оны өрлетіп отырған директоры, ф.-м.ғ.к., профессор, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Бауыржан Тәжмағанбетұлы Елеусинов – Валентина Ержанқызының шәкірті, әріптесі. Облыс мектептері мұғалімдеріне арнайы курстарды Валентина Ержанқызы университеттің «Педагогикалық зерттеулер» ғылыми орталығында 2012-2013 жылдары қосымша аға ғылыми қызметкері ретінде өткізді.

Болашақ педагогикалық кадрларға сапалы білім беру еңбегі үшін профессор В.Серікбаеваға Қазақ ССР оқу Министрлігінің Құрмет Грамотасымен, облыс әкімі және облыстық мәслихат Грамотасымен, ҚР білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің және «Ңұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хаттары табысталды. 2004 жылы ұстаздар мерекесіне орай облыстың үздік педагогтарымен облыс әкімі И.Адырбековтың қабылдауында болып, облыс әкімінің марапатын иеленген болатын. Қазақстан Ғалымдар одағының II-съезіне қатысып (Алматы, 2008ж.), ғалымдарды және ғылыми-педагогикалық кадрларды көтермелеу мақсатында өткізілген конкурстың нәтижесі бойынша «Білім сардары» номинация бойынша дипломмен марапатталды. Сонымен қатар университетіміздің жетпіс жылдығына орай Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының (МАНПО, Мәскеу) дипломына қол жеткізді.

В.Е.Серікбаева ұзақ уақыт бойына факультет кәсіподақ ұйымының басшысы, оқу топтарында тәлімгер және факультет ғылыми Кеңесінің хатшысы, факультеттегі тәлімгерлер Кеңесінің төрайымы ретінде тәрбие жұмыстарының ұйытқысы боп жүрді. Кафедраның, кейін факультеттің ғылыми-әдістемелік семинарының жетекшісі болды. Валентина Ержанқызының инициативасымен университетіміздің физика-математика факультетінде «Қыз Жібек» қыздар клубы құрылып, жұмыс жасалды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған Астанада өткен марапаттау рәсіміне қатысып, екінші рет «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері болды. Университеттің 75 жылдық мерекелік медалімен, «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалімен» және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

2006 жылы алғаш рет Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты тағайындалды. Республика бойынша грантты иеленген 200 оқытушының жетеуі біздің Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың оқытушылары, олардың екеуі біздің кафедрадан. Олар – Валентина Ержанқызы және оның шәкірті, Киев мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген, ф.-м.ғ.к., профессор Боранбай Есмаханбайұлы Тұрбаев. 2012 жылы Валентина апай алғашқы рет тағайындалған Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Үздік оқытушысы» атағын иеленді. Қазақи отбасынан шығып, ғылымның тұңғиығына ену үшін Валентина Ержанқызына қанша күш-жігер қажет болғандығын, осы жолдан жүріп өткен әрбір адам жақсы түсінеді. Педагогикалық мамандық бұл адам тану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады. Валентина Ержанқызы өзінің 70 жылдық өмірінің 50 жылға жуығын ғылымның осы саласына арнап, шәкірттерін педагогикалық мамандықтың шеберлігіне шыңдауда.

Өмір-көшкен керуен, аққан дария секілді, бір көш кетіп, бір көш келіп, ұрпақтар алмасып жатады. Осы көштің басында ХХ ғасырдың 70 жылдарында физика-математика факультетінде көптеген ұлағатты ұстаздар, ғалымдар дәріс берді. Олар п.ғ.қ., доцент Ә.Оразалиев, п.ғ.к., академик Ә.Тәжмағанбетов, ф.-м.ғ.к., доцент Ж.Беркінбаев, ф.-м.ғ.д, профессор С.Елубаев, ф.-м.ғ.к., профессор Б.Қашқынбаев, п.ғ.д, профессор Қ.Жаңабергенов, аға оқытушылар А.Нұғыманов, С.Жакупов, Қ.Смаханов, Ш.Бимұратов, Ж.Есетова, ф.-м.ғ.д., профессор Б.Сейсенов, ф.-м.ғ.к., доцент Ж.Өтеулиев, ф.-м.ғ.к., доцент Е.Бисенбаев, ф.-м.ғ.к., профессор Т.Елдесбаев, п.ғ.к., профессор Т.Жайсанбаев, ф.-м.ғ.к., профессор Н.Абдрахманов, ф.-м.ғ.к., профессор А.Қонысұлы, п.ғ.к., профессор Ш.Күдебаева, ф.-м.ғ.к., профессор С.Баекова және т.б. Осы ұстаздар ішіндегі ең жасы кішісі болған Валентина Ержанқызы қазіргі таңда өзінен кішілерге ақыл – кеңес берер аға буын өкілі – биыл мерейлі жетпіс жасын атап өтуде. Валентина Ержанқызы саналы ғұмырында ғылыми ізденістер бойынша қандай биікке көтеріліп, қандай жетістіктерге қол жеткізсе де, оның білімге деген құштарлығы, қайсарлығы, шыдамдылығы, ғылым деген құдіретке жан тәнімен берілгендігі, ұстанымына беріктігі болар.

Жүзден аса ғылыми-әдістемелік еңбектері республикалық және ТМД елдерінде шығатын басылымдарда жарық көрді. Сонымен қатар «Математиканы оқытудың әдістемесі» және «Общая методика праподавания математики» әдістемелік құралдары, «Математика әдістемесі» электрондық оқулығы, «Математиканың пәнаралық байланыстары» оқу – әдістемелік құралы студенттер мен жас мұғалімдердің күнделікті іс-тәжірибе барысында қолданатын негізгі әдебиеті болып табылады. Валентина Ержанқызынан ілім алып, тәрбиеленген ұстаздардың жаңа буыны еліміздегі түрлі оқу орындарында жемісті еңбек етуде. Болашақта ғылым жолына түсетін шәкірттерін таңдауда өте қырағы. Валентина Ержанқызы өзіне де және өзгелерге де талап қойғыш. Шәкірттеріне және ұстаздарға талап қоя отырып, олардың кемшіліктерін уақытылы жөндеу үшін, адамның көзіне жеткізіп ұғындыру ұрпақ тәрбиесіндегі ең негізгі әдіс екендігін ескертіп отырады.

Қазіргі таңда білім берудің жаңа жүйесі бойынша білім алушыларға дәріс береді. Атақты ғалымдардан ілім алған Валентина Ержанқызы өзінің бойындағы білімі мен халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеуді болашақ ұстаздарға үйретіп, студенттерге кеңес беріп, түрлі ғылыми іс-шараларға қатысуларын қадағалап, «Білімнің бас құралы-кітап» – деп А.Байтұрсынов айтқандай, магистрлер мен студенттерге ғылымның биік шыңына жету, ол үздіксіз еңбек ету, іздену, әдебиеттерді көбірек оқу қажет екендігін естеріне салып отырады. Ғибратты ғалым, парасатты педагог құрметті еңбек демалысына ұстаздық қызметін кафедрада өзінен дәріс алған шәкірттері – аға оқытушы Т.Аймұратова, ф.-м.ғ.к., профессор Б.Е.Турбаев, ф.-м.ғ.к., профессор Ш.Ибраев, п.ғ.к., профессор С.Қ.Меңліқожаева, п.ғ.к., аға оқытушы Л.Қаинбаева, магистрлер Г.Ешмұрат пен Н.Ә.Исаевалармен бірге ұстаздық қызметін жалғастырып келеді.

Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі күнделікті жанұяның тұрмыс-тіршілігімен ғылымды ұштастыру үшін, қаншалықты жігер, ақыл-парасат, шыдамдылық, сабырлық, ұйқысыз түндер, ұйымдастырушылық қабілет қажет екенін ғылымға қатысы бар баршамызға белгілі. Валентина Ержанқызының бүгінгі жеткен жетістіктерінің барлығы өзінің шыдамдылығының, ізденімпаздығының және тағы да көптеген жақсы қасиеттерінің арқасында ғана емес, отағасысы Марат Есенұлының түсінушілігінің, отанасына деген сезімдерінің арқасында болса керек. Ол әрқашанда қамқорлығын аямай, қуанышын бөлісіп отырды. Құрметті еңбек демылысына шыққанша денсаулық саласында қызмет атқарған Марат Есенұлы отбасының, туған-туыстарының арасында беделді болумен қатар, олардың ұйытқысы, ақылшысы, тірегі еді. Отбасының негізгі қуанышы – қызы Айзада журналистика мамандығы бойынша Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-да білім алып, қазіргі таңда «Қоғам ТВ» Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясында тележүргізуші, журналист болып қызмет атқарады, арнайы бағдарламалардың авторы.

Ұстаз, ана сүйікті жары, марқұм Марат Есенұлының соңындағы Айзадасын өсіріп, тәрбиелеп, азаматтар қатарына қосып, ұясынан ұшырып, қиясына қондырып, өрісін кеңейтіп, немересі Әлинұрмен өркені өсіп жатыр. Ұзағынан болғай! Күйеу баласы Қайрат пен қызы Айзада анасының анасының қас – қабағына қарап отырған адал ұрпақ. Өмір жолдары ұзақ, бақытты болуына ізгі ниетіміз шексіз әрине. Ақылшы әже, ардақты ана, ұстаздардың ұстазы, ғалым апамыз Валентина Ержанқызына, бергеніңізден береріңіз көп, сондықтан ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, ғылымның көкжиегінен көрінер талантты шәкірттер шоғыры көбейе беруін тілейміз!

Торғын АЙМҰРАТОВА, 
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
физика және математика кафедрасының аға оқытушысы,
Сәулеш Қойлыбайқызы МЕҢЛІҚОЖАЕВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор м.а, Қызылорда қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий