Үнемі үздік болуға бейімделген бала – өмірден алғаш таяқ жеген сәтте сынып кетуі мүмкін

Біздің посткеңестік елдер социалистік лагерьден шықтық. Соның салдарынан сол дәуірде өмір сүрген толқын мен олардың ұрпақтары мына біздер “тұрақтылық – жақсы өмірдің кілті” деген принциппен өстік, өмір сүрдік. Яғни, бұл толқын үшін “қателесу, қателік жасау – жаман”, “қателікке апаруы мүмкін – тәуекел ету әрекеттері (рискованные поступки) одан жаман” деген ұстаным негізгі қағида болды, – деп жазады Нұраддин Садықов фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Осыған сәйкес, қарапайым қазақстандыққа сегіз сағаттық тұрақты жұмыс жасау, сол арқылы жанұя бағу – бақытты өмір сүрудің символы ретінде насихатталды. Сөйтіп, тұтас екі буынға өкіметтің жалақысына жұмыс жасайтын бюджет қызметкерлері культтелді. Егер жұмысшы табы ұлықталатын социалистік мемлекет болсақ бірсәрі, нарықтық экономикаға сөз жүзінде болса да өткеніне ширек ғасыр болған бізге не жорық? Неге біз капиталистік елге айналмай отырмыз?
 
Мен мұның себебін білім беру саласында балаларды тек үздік беске оқуға, өмірде тек алды болуға және қателспеуге, қателіктен қорқуға үйретуде жатыр деп білемін. Былай қарасаң, парадокс жағдай. Мектепте үздік оқығанның тек үнемі бірінші болуға үйрететін өзімшілдікке әкелетінін, ондағы негізгі білімнің жалпылама ақпарат үшін екендігін, университеттердің көбіндегі білімнің босқа уақыт өлтіру екендігін біле тұра, қызылмен бітіртуге, жоғары балл алып грантқа оқуға түсіртуге тырысамыз. Сондағы мақсат – баланы тегін оқыту. Одан қала берді азын-аулақ шәкіртақысына байлап, масылдық психологияға тәрбиелеу. Сол 4 жыл уақытты бала дұрыс пайдаланып, студент атанып жүріп өмір сүруге қажетті қабілеттерді игерсе немесе арасында нағыз ғылымды таңдағандары академиялық ғылым жолына түссе жақсы. Негізгі бөлігі олай емес қой?!.
Төрт жыл өткен соң, масыл болу эстафетасы “магистратура” атты бөлікпен одан әрі жалғасады. Сондағысы – ай сайын алып тұратын 100$ үшін талас. Сонда, біздің балалар шынайы өмірге алды 21-22 арты 23-24 жастарында барып араласа бастайды. ҚР азаматы атанғаннан кейін бақандай 5-7 жылдан кейін өмірмен бетпе-бет келеді. Сонда не істеу керек дейсіз ғой. Біріншіден, баланың бәрінің қабілеті бірдей емес. Ішінде оқуға ынтасы мен талабы барларынан өзгелерін үздік қыламын деп қинамау керек. Себебі, оның әрбірі уникум болғандықтан, өзінің икеміне қарай бейімдеу керек. Тіпті бейімделмей жатса, есейе келе өзіне не керегін таңдап алады (өзіңіздің де осы жасқа келгенше мың құбылғаныңызды ұмытпаңыз).
Екіншіден, оның кемшілігімен емес, үздік жағын көбірек дамыту керек. Үнемі үздік болуға бейімделген бала – өмірден алғаш таяқ жеген сәтте сынып кетуі мүмкін. Себебі біз оны мінезді, қайсар, епті, қабілетті болуға емес, жақсы оқуға, тәртіпті болуға, тұрақтылық болу үшін тәуекелге бармауға үйреттік. Ал, мұндай азаматтан кейін кәсіпкер немесе бизнесмен шықпайды. Себебі – кәсіпкерлік тәуекелден тұрады. Оның екі қанаты бар: мінез және қабілеттілік (ептілік). Егер біз капиталист ұлт боламыз десек, баланың бойына осыларды егуіміз керек. Сонда ғана “жұрттың балаларына” тамсануды қоятын боламыз. P.S. Егер сіздің бұған алып қосарыңыз болса, мархабат. Келесі посттарда осы әңгімені жалғастырсақ.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий