Экологиялық білім берудегі – рухани тәрбие идеясының маңызы

Болашақ ұрпақтың білім мен тәрбиесіне жоғары жауапкершілікті жүктеген,  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің  “Мектептегі эко білім мен тәрбие” деген сұхбатындағы, “балаларға ерте жастан бастап табиғатты аялауды, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, ресурстарды ұтымды пайдалануды үйрету аса маңызды. Экологиялық тәрбие жауапкершілік, адамгершілік және ізгілік деген ұғымды қамтиды –деген өзекті идеясы ғалым ретінде мені, көп толғандырды.

Жалпы экология туралы таным түсінік бәрімізде бар, ЖОО қаншама эколог мамандар даярланды. Бірақ ендігі білім беру жүйесіне енетін эко білім мен тәрбие табиғи үйлесімдікті бұзудағы экологиялық дағдарыстарды  еске түсіретін емес, табалдырығымызды ХХІ ғасырда аттаған экологиялық құндылықтың  жаңғыруымен, қарастырса жөн болатыны сөзсіз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан .Назарбаев айтқандай, «мемлекетіміз мәңгі болсын десек,  онда халық руханиятынан бастау алған жөн». Керемет идея , мәңгі өлмейтін құндылық бұл, «Мәңгілік Ел»- ұлттық идеясының құндылығындағы білім мен тәрбиенің бірлігі. Қазақ даланы ежелден жан тәнімен сүйген, оның әр бір тал шөбіне, тікенегі мен тасына, жалпы табиғи көркіне сүйсінген. Өйткені көшпенділік мәдениетін қалыптастырған халық қоршаған ортаның экологиялық ахуалының жылма-жыл сақталып отырылуы адам өмірінің нәрі екендігін жақсы түсінген.

Міне, сондықтан халық «Жаным – арымның садағасы» немесе жаным (менің өмірім мен ісім) арымның (жоғарыдағы үйлесімдіктің) садағасы деген ақиқат түзген. Өзара кездескенде айтылатын «Армысыз, Мал, жан аманба» сияқты сәлемдесуіміздің өзі жоғарыдағы, үйлесімділіктің алдындағы жауапкершілігін қадалағандай ескерту іспетті. Осындай әдемілікті дарыту үшін алдымен, психолог-экологтардың зерттемелеріне /Л.С.Выготский, Е.М.Кудрявцева, Ж.Б.Шілдебаев/ сүйенсек, ең алдымен экологиялық тәрбиенің психологиялық ерекшеліктеріне мән бере отырып, адамның интеллектілік, жеке даралық және өзіндік ішкі дайындығы болу керектігіне басты назар аудару керектігін айтады. Сондықтан, эко тәрбие мен білім беруде үш үйлесімділіктің болуы, сананың қалыптасуына үлес қосады:

Интеллектілік сана – қоғам – адам- табиғат арасындағы адам тұрмысының, тіршілігінің бір бөлігі ретіндегі сананың қалыптасуы; Эмоциональдық сана – адамның мақсаты, міндеті, жауапкершілігіндегі шығармашылық ойлау жүйесі мен іс-әрекеті арасындағы сананы қалыптасуы; Тәрбиелік сана – халқымыздың табиғатқа деген зор сүйіспеншілігін, ұлттық қазынадағы мақал-мәтел, жұмбақ, айтыс, аңыз, ертегілер, тұрмыс-салт жырлары тоғысындағы адми сананың қалыптасуы әлемнің дамыған елдерінде экология мәдениеттің бастауы деп түсінеді, бұл түсінік бізде Абайдың табиғаттың әсемдігін өлең жолдарымен өрнектеуінен бастау алатыны сөзсіз, сондай-ақ барлық ақындардың, философтардың   пайымдауынша экологиялық сана  имандылық шарттарының идеясымен үндеседі дейді:

И – инабаттылық – табиғаттың барлық мүшелерінің қажеттілігі және теңдігі;

М – мәдениеттілік – табиғаттың құрамды бөліктерінің арасындағы үйлесімдіктің нәзік байланыстарын игеру;

А – адалдық – табиғаттың тылсымына қол тигізбес бұрын арыңмен ақылдасу;

Н – нысаптылық – табиғат қорына, кенішіне мұсылманшылықпен қарап, қанағаттылықпен игеру;

Д – даналық (білімділік) – табиғат сырын, оның тылсымын ғылыми түрде игеру, табиғатты үйретпеу, оның ыңғайына жығылу;

Ы – ынтызарлық – табиғат тек қана қажеттілікті өтеу көзі емес, ол сенің ата қонысың, аңсап сағынатын, еркелеп назданатын ортаң екендігін есте ұстау;

Л – лепірмеу – табиғат қазіргі ғылыми-техникалық өрлеу кезінде көп зәбір шегуде, сондықтан адам әрекетіндегі зерделі ақылдан гөрі «айттым – бітті» сияқты лепірушілікке жол бермеу;

Ы – ықыластылық – табиғат тіршілігі бүгінде бір ұлт, бір ел емес, бүкіл адамзат қауымының экологиялық зердесін үйлестіруді қажет ететіндігін мойындау, соған ықыластандыру;

Қ – қайраттылық – табиғаттың жаңғыру заңдылығы мен экономикалық, демографиялық және саяси ахуалдардың арасындағы көбінекей ұштаспайтын, үйлеспейтін қарама-қайшылықты шешуде ғылым, ата-баба тәжірибесінің ең тиімді жолдарын еңгізуде азаматтық  төзімділік көрсету.  

Жиырмасыншы ғасырдағы экологиялық апаттарға қазіргі ұрпақ кінәлі емес, болашақ эко білім мен тәрбиеде осы құрылымдық жүйе дұрыс бағытталса, барлық оқушылардың санасында экология мәдениет туралы нақты түсінік қалыптасар еді.

Айгүл Қыдырбайқызы ҚАПЛИЕВА.
“Өрлеу” БАҰО АҚФ Ақтөбе облысы бойынша
ПҚБАИ кафедра меңгерушісі, п.ғ.к., доцент.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий