Туристік өлке тану: Жоспарлы жұмыстардың жемісі

Білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдер туризмі – балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мен патриоттық, экологиялық тәрбие берудегі таптырмас құрал. Біздің білім ордасында ұжым жетекшісі мен әріптестердің қолдауына сүйенген жергілікті туристік-өлкетану тобы соңғы төрт жылдан бері жүйелі жұмыстарын жоспарлы жүргізуде.

Басты мақсат – жас ұрпақты туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалану арқылы елжандылық қасиеттерге  тәрбиелеу. Күні бүгінге дейін ізденімпаз шәкірттерден құралған бұл топ бірнеше туристік жорықтар мен өлкетану бағытындағы арнайы экспедицияларды жүргізуге мүмкіндік алды. 2017 жылғы сәуір айында «Үстірттің оңтүстік  кемері-Маната»  бағытында түнемелік екі күндік туристік-өлке тану жорығы басталса, қараша айында (-10°С) жартылай автомобиль және жаяу жүру арқылы «Үстірттің батыс кемері-Бөгерстам» зерттеуі ұйымдастырылған болатын. 2018 жылдың күзінде «Сайөтес→ Үстірттің батыс кемері→ Тұзбайыр→Үстірттің батыс кемері → Өрмелі → Сайөтес» бағытындағы өлкетану экспедициясы жолға шықса, былтыр жазда Маңғыстаудың ең биік нүктесі Бесшоқы (556 метр) бағындырылды.

 

Содан соң оқушылар топ басшысының жетекшілігімен Сайөтес-Бердалы-Бесшоқы-Күркіреуік-Қаракүп-Жамансаура–Сайөтес жолын жүріп өтті. Қыркүйек айында мектептегі спелеотуризмді дамыту аясында Түркменстанмен шекарада орналасқан тарихи өлкенің ең ғажайып үңгірлерінің бірі Булыойық пен Қараған бағытындағы жеті жүз шақырымдық жолдың бойындағы байырғы бабалар ізін қайта жаңғыртты. Биылғы коронавирус жұқпалы індетін жұқырмаудың қатаң қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы жазғы демалыс күндерін тиімді пайдалану аясында «Сайөтес –Ақсеңгір-Каракеуек» бағытындағы туристік өлкетану жорығын ұйымдастырып, оқушыларды облыстың көрікті жерлерінің бірі Ыбықтың сайына алып бардық.

Балалар барлық қауіпсіздікті ескере отырып, аспалы арқандармен биікке көтеріліп, түрлі бағыттағы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Біртұтас ұйымшыл топтың белсенді қызметі нақты нәтижелерімен қуантып отыр. Туристік-өлкетану жорықтарының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында атқарылатын шаралар шоғыры Бәйті тарихи нысанын “QR-MANGYSTAY” мобильдік қосымшасына ақылы түрде жиырма бірінші кезекпен енгізілді. Команда мүшелері республикалық ғылыми жобалар байқауының бірнеше дүркін жеңімпаз иегерлері ретінде жорықтар туралы арнайы сайттар мен республикалық бұқаралық ақпарат құрлдарында танымдық материалдар жариялау арқылы, жұртшылыққа жаңалықтарын жеткізді.

 

Біздің топтың белсенді зерттеушілері отандық жас патриоттар академиясының құрамына қабылданды. «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдердің республикалық ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған «Birgemiz:Asyl Mura» жалпыұлттық жобасының жеңімпазы танылып, үшжүз мың теңгенің грантын иеленгені тағы бар. Бүгінгі таңда осы қоғамдық бірлестікпен екі жақты келісім шарт бойынша іргелі істер атқарылуда. Азаматтық альянс тарапынан бастау алған «Туған жер және туризм» байқауында бақтарын сынаған талапты ұл-қыздар 500 000 теңгені құрайтын жүлдені жеңіп алып, осы қаржылар арқылы туристік-өлкетану командасының материалдық-техникалық базасын қажетті жабдықтармен жарақтандыруға үлес қосып отырғанын айрықша атап айтқанымыз абзал.

Гүлсім Құрманбайқызы НӘДІРОВА,
Өтес орта мектебінің география пәні мұғалімі,
“Сейсмо – 8” туристік-өлкетану үйірмесінің жетекшісі,
Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий