Ата-ана баласының оқуда жетістікке жетуі үшін не істеуі керек?

“Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады” – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қай қоғамда болсада білім, ғылым бастапқы орында тұратыны баршамызға белгілі. Қазіргі жаһанданған заманда бұл мәселе үлкен сұранысты қажет етеді. Сондықтан да бүгінгі күні мұғалімдер қауымына зор міндет жүктеліп отыр. Осы орайда ата-аналар да білім саласына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Ата-аналар балаларымен көп уақытын өткізіп, олардың білім алуына белсенді ықпал етсе, жақсы нәтижеге жетері анық. Алайда көпшілік әрекетті қалай, неден бастау керек екенін білмей жатады. Ата-ана баласының оқуда табысты болуына көмектесуі үшін үй жұмысын орындап беруі немесе қандай да бір ғылыми дәрежесінің болуы шарт емес. Мұндағы әрекеттің басты негізі –бала мен мектеп арасында оң қарым-қатынас құру, білім алудың маңыздылығы туралы ой бөлісу. Бүгінгі алған білімнің болашақта қаншалықты қажет болатыны туралы түсіндіру аса маңызды.

Ата-ана алған білімі туралы және қызмет жолы жайында сөз қозғауы баланың алдағы мақсатын айқындауына басты бағыт болмақ. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, егер ата-ана баланың білім алуына белсенді араласып, мектептегі оқу үлгерімі жайында жиі сұрап отырса, онда баланың табысқа жетуіне келешекте үлкен мүмкіндік туады. Сондай-ақ отбасындағы қолайлы жағдай баланың академиялық табысқа жетуінің ең тиімді жолы саналады. Соның ішінде баланың оқуда табысты болуына бірден-бір ықпал ететін нәрсе ата-ананың оқытуға жағдай жасай білуі. Баланың отбасы мүшелерімен бірлесіп отырып кітап оқуына немесе үй тапсырмасын орындауына әлеуметтік жағдай ешбір кедергі бола алмайтыны дәлелденген. Ұл-қыздарымен бірге үнемі кітап оқитын отбасы балаларының нәтижесі оның әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, жоғары білім көрсеткішіне ие болады.

Бұл білім алуға деген ұмтылыс пен ынтаның жоғары жетістікке жетудегі ең негізгі факторының бірі болатындығын дәлелдейді. Дегенмен де, баланың сабаққа дайындалуына арнайы жеке бөлмесінің болуы, компьютер және де оқуына қажетті басқа да құралдармен қамтылып, ғаламтор желісіне қосылуы оның дамуына барынша ықпалын тигізеді. Мәселен, зерттеу нәтижесіндегі алдыңғы орында тұрған Сингапур, Шанхай-Қытай елдерінде үйдегі орташа кітап қоры 150-244 аралығында болса, елімізде бұл көрсеткіш 156 данадан аспайды. Яғни үйде кітап қорының болуы дамуға, білімді арттыруға немесе табысты білім алуға жан-жақты әсер етеді.

Қорытындылай келе, жоғарыда аталған факторлармен бірге  ата-ана  мен бала арасындағы қарым-қатынас баланың жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына әсер ететін негізгі әрекеттердің бірі болатындығын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан да ата-ана баласының жетістігін көруі үшін кішкентай кезінен болашағынан мол үміт күтетін перзенттерінің біліміне инвестиция салуы, оларды ілгері ұмтылуы үшін ерекше ынталандыру бәрінен маңызды екенін уақыттің өзі дәлелдеп отыр.

Раушан Ратқызы АЙҒАРАЕВА,
Білім беруді жаңғырту орталығындағы
инновация бөлімінің әдіскері, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий