“…Өнерпаз болсаң арқалан…”
Өнер – әр адамның бойындағы белгілі бір құдіретті күші секілді. Кейде асау өзендей арнасына сыймай сарқырап ақса, енді бірде бастау бұлақтай мөлдіреп қана алға жылжиды. Ал оның өзі қандай керемет дүние. Адамның бойындағы дарын, талант деген осы ғой, шіркін… Бірақ өнер ол тек қана белгілі бір аспапты игере білу дегенге шектеліп қалмау керек, өнер жан-жақты болады.
Адамгершілік қасиетті сақтап жүру, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болудың өзі үлкен – өнер. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көптеген құбылысты көрсетіп, сан алуан сыр шертеді. Қазақ халқының басынан өткен қилы замандар, оның тіршілігі мен дағдарысы, салт-дәстүрі, санасы, өмір сүрген ортасы, әдет-ғұрпы арқылы ұлттық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, болашақ үшін тарих сахнасына айналды. Әрбір адамның бойында белгілі бір өнерге қажетті таланты мен дарыны болады.
Соны дұрыс дамыта білсе, орнымен игерсе кез-келген ортада ойып тұрып орнын табады. Бірақ киелі де қастерлі ұғым – өнер адамның әрбір кезінде берілуі мүмкін. Бастысы оған деген құштарлық сезімі биік болса, алынбайтын қамал болмайды. Бұл дүниеде адамның жан дүниесін нұрландыра түсіретін, өмірді кемелдендіріп, ізгілік нұрын шашатын құдірет тағы да осы – өнер. Адам баласы өнер арқылы өмірдің қыр-сырын таниды. Өзін- өзі бағалап, кемелденеді. Биікке қол созады. Өмірге деген құштарлық сезімі өнер арқылы келеді. Өнерлі жан өзіне ғана емес, өзгеге де бақыт сыйлай алады.
Өнердің шынайы келбеті сол өнерлі жанның өмірін нұрландырып, соның игілігіне қызмет етеді. Бауыржан Момышұлы батыр бабамыз айтқандай: «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы». Шын дарын өнер жолында өз орнын таба алады. Күш, жігер,ақыл мен қайрат – бұлар өнердегі шыдамдылыққа жетелейтін асыл қасиеттер.Осы бір киелі ұғымның өрісі кеңінен жайылуда. Оған себеп өзім қызмет жасайтын өнер мектептеріндегі ата-аналардың баласын өнер саласына көптеп әкелуі, балаларымыздың да қызыға қараған құлшынысы бәрі-бәрі көңілге қуаныш сыйлап, көзіңе жас әкеледі. Болашақ актерлікті арман еткен жас өрендеріміз қаншама. Иә, бәрі де танымал болмауы мүмкін, бірақ тағылымды тұлға ретінде қалыптасарына сенім мол. Сол себепті біз әрбір баланы болашақ белесін бағындыру жолында барымызды аямағанымыз дұрыс.
Ұлпан Серікболқызы АСАНОВА,
№2 өнер мектебінің педагогы,
Нұр-Сұлтан қаласы