ҚР Конституциясына 25 жыл: Бақытты өміріміздің кепілі

Ізгі қоғам, мейірімді мемлекет құру – адамзат баласының ежелгі арманы. Мемлекет болып қалыптасу, ұлт болып ұйысу қашанда оңай болған емес. Жасампаз мемлекет, мінсіз қоғам қандай болуы керек, оның діңгегі не деген өмірлік сұрақтар талай ойшылды толғандырды. Өзінің арман-мұратын адамзат баласының бақытты өмір сүруіне арнаған талай кемеңгер осы сұраққа жауап іздеді. Осы ретте, алдымен ойымызға оралатыны шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби толғаныстары.

Екінші, ұстаз өзінің «Қайырымды қала» трактатында: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ»,-дейді. Фарабише қайырымды қаланың (мемлекеттің) тірегі – ізгілік, мейірім, қайырымдылық. Ол адам жаны мен жүрегіне байланысты екен. Айналып келгенде, мемлекеттің тірегі де, діңгегі де, жүрегі де өзіміз, яғни адам. Сондықтан да алдына ізгі мақсат қойған кез келген мемлекет өз азаматтарының бақытты өмір сүруіне жағдай жасауды мұрат тұтады.

Жалпыадамзаттық ой-санаға ерекше сілкініс әкелген әл-Фараби даналығы бүгінгі күн үшін де өзекті, мән мен мағынасын жоймаған қазыналы өсиет. Жасампаз қоғам құрамын деген кез келген мемлекет үшін басты құндылық – адам. Осы ұстанымды біз қазіргі кезде әлемдік өркениеттен өз орнын алған Қазақстанның саяси төлқұжаты – Конституциясынан анық көреміз. Қабылданғанына ширек ғасыр толып отырған Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп көрсетілген.

Тарихымызыға көз жіберсек, Ұлы Дала төсінде мемлекет құрып, Қазақ қоғамын реттеген «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» бүгінгі Ата заңымыздың қайнар көздері. Тұңғыш Президент, Елбасы мемлекеттің іргетасының қалануы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар, оны еңсеру жолдары туралы бірнеше естелік кітаптар жазды. «Қазақстандық жол» атты естелік кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерден пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек»,-дей келе, Ата Заңымызды қабылдау кезінде өз тамырымыздан қол үзіп кетпегенімізді, бабалардан қалған тағылымды өсиеттердің бүгінгі ұрпақ үшін де құндылығын айтқаны есімізде.

1991 жылы 16 желтоқсанда өзінің тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан үшін алға қойылған мақсаттарына жетудің жолын ашатын құқықтық негіз қажет болды. Сондай тарихи қажеттіліктен тәуелсіз еліміз 1993 жылы алғашқы Конституциясын, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумның басым көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы Конституциясын қабылдады. 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстанның жаңа даму кезеңі басталды. Жаңа Конституция қабылдаудың себебін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақстан басынан кешіріп отырған серпінді өзгерістер жаңа конституциялық бағдарламаларды талап етті. Сондықтан елдің Президенті ретінде, оның болашағы жолындағы, әрбір қазақстандықтың, біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы жолындағы жауапкершілікті сезіне отырып, мен осынау аса қиын қадам – елде ауқымды саяси процестерді, бүгінгі күннің ақиқат шындықтары мен келешегімізді айқындайтын жаңа Конституцияны жасауға кірісу қадамын жасадым», – деп ашып айтқан болатын.

Бүгінгі қолданыстағы Ата заңымызда билік бөлінісінің әлемдік, демократиялық үлгісі сақталған. Билік тармақтарының бөліну принципі жарияланып қана қойған жоқ, олардың өзара тежемелік, тепе-теңдік қағидалары баянды етілді. Қазіргі Конституция еліміздегі әрбір азаматтың қастерлі құндылық екенін, оның құқықтары мен бостандықтарының орнықты дамуына жан-жақты мүмкіндік жасап келеді. Конституцияда Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы құқықтық орны, елдің даму бағыттарының құқықтық негізі нақтыланған. Ата заңымыздың 30 бабы адам және азаматтардың құқықтары мен бостандық-тарына арналған.

Еліміздің негізгі заңында көрсетілген әлеуметтік мемлекет ретіндегі дамудың жемісін әрбір азамат өз өмір жолында сезініп келеді. Зейнетақы, тұрғын үй, білім беру, медициналық көмек және тағы да басқа әлеуметтік кепілдіктер заң арқылы белгіленіп, азаматтардың өмірі үшін осындай маңызды қағидалар жылдан жылға дамып келеді. Әлемді дүрліктірген пандемия кезінде Қазақстан өз азаматтарына барынша қолдау көрсетіп, көмек қолын созған мемлекеттердің қатарынан көрінді. Осының өзі біздің мемлекетіміздің адам капиталына ерекше назар аударатынын және оның кепілі Ата Заңымыз екендігін көрсетті. Алаш арысы Әлихан Бөкейханның «Заң – адам пайдасына жазылады, адам – заң үшін тумайды ғой»-деген пікірінің жарқын көрінісі де біздің Ата Заңымыз.

Соның ішінде Қазақстан азаматтарының білім алу құқына ерекше назар аударылғандығын және қазіргі жас ұрпақ оның игілігін көріп отырғандығын айта кетуіміз керек. Жыл сайын мемлекеттік білім гранттарының берілуі, жоғары білім аламын деген жастарға барлық мүмкіндіктің жасалуы кемел келешегіміздің кепілі – жастарға жасалған үлкен қамқорлық. Ал биылғы жылдан бастап мемлекеттік білім гранты құнының екі есеге артуы оқытушы-профессорлардың жалақысын арттыруға мүмкіндік бермек. Өскелең ұрпақ – бұл мемлекет болашағы. Біз оны қалай тәрбиелейміз, оқытамыз және оның ғылым мен өндірістегі шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға қандай жағдай жасаймыз – Қазақстанның дамуы мен көркеюі осыған байланысты. Өз кезегінде жастар да мемлекетшіл, отансүйгіш, ұлтжанды қасиеттерін дамыта түскені абзал. Оның түпқазығы Ата Заңымызға деген құрмет болса керек.

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан мемлекетке айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепіліне айналды!

Ойымызды Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн сөзімен қорытындылар болсақ: «Біл, Әділ заң – басқарудың тұғыры, Бегі әділ ме?! Берік елдің жұлыны». Иә, бүгінгі біздің бақытты қоғамымыздың кепілі әділ де, адал Ата Заңымыз. Бақытты өміріміздің кілті де бейбітшіл, ізгі, мейірімді Заңымызда! Биыл Қазақстанның киелі де, қастерлі құжаты – Конституцияның қабылданғанына 25 жыл. Осы мерейлі мереке құтты болсын!

Бейбіткүл КӘРІМОВА, 
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
ректоры, филология ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий