Екінші ұстаздың даналық толғамдары

Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлттық мақтанышымыз Әбу Насыр әл-Фарабидің бізге жеткен философиялық трактаттары ғылымның түрлі салаларында терең із қалдыруымен ғана емес, сонымен қатар даналық ой-толғамдарымен де бағалы. Ал тұлғаның даналық толғаныстары оның адамдық-азаматтық бейнесін, өрісті дүниетанымы мен кейінгі ұрпаққа өмір тағылымын өрнектейді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында халқымыздың өткен замандағы баға жетпес құндылықтары мен бүгінгі уақыттың білім-ғылым жетістіктерін, іскерлік, шапшаңдық талаптарын бүгінгі жастың бойында шебер үйлестіру мәселесі қозғалды. Қазіргі заманның замануи жетістіктерін игере отырып, ұлттық нәрімізден айырылмау, өміршең ата-баба салтына берік болу жайы айтылды. Міне, осы ретте халқымыздың ұлы тұлғаларының өнегелі өмір жолы мен даналық сөздерін шәкірттің жүрегіне нақтылы мысал-дәйекпен жеткізе білу, сөйтіп олардың туған елге, жерге отаншылдық сезімін, ұлтқа қызмет жасау ұстанымын қалыптастыру қазіргі педагогикада маңызды қадам саналады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ұстаз әл-Фарабидің 1150 жылдығын, данышпан ақын Абайдың 175 жылдығын әлем, ел көлемінде ұлықтау жөніндегі мемлекеттік шешімінің бір тағылымы осында болса керек.  Ол «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс» деп жазды. Сондықтан ұлы ғалым әл-Фарабидің даналық ойларын бүгінгі жас ұрпақты оқыту мен тәрбие жұмысында орнымен пайдалана білу – өзекті мәселе. Бұл ретте шағын мақалада белгілі мемлекет қайраткері, публицист Ербол Шаймерденұлының «Қазақ афоризмдері» атты ізгілікке толы кітабын пайдаландық (Қазақ афоризмдері. Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан – бүгінге дейін / Құраст. Е. Шаймерденұлы. – Астана: Фолиант, 2017. – 312 б.).

Ғұламаның даналық ойларын бірнеше арнада қарастыруға болады. Өмірдің мәні, адамның бойындағы ізгі қасиеттердің маңызы және оны қалыптастыру жолдары, ғылым мен білімнің биігіне жетудегі мақсаттылық пен қажырлылық, өнердің, музыканың адамның эстетикалық дүниетанымы мен қажеттілігін өтеудегі орны, тағы басқа болып жалғаса береді. Тіршілікте адамның алдына берік мақсат қоя білуіне ғалым айрықша көңіл бөлген. Сондықтан да оның «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген керемет даналық сөзі күні бүгінгі дейін өз маңызын жойған жоқ деп білеміз. «Өзін-өзі жетілдіру» деген сөздің астарында ізденіс, алдыға мақсат қоя білу, соған жету жолындағы табанды іс-әрекет деген терең астар бар. «Бейқамдық сәтсіздікке бастайды» деген даналық сөзі де кім-кімді де ойландырары сөзсіз. Бейқамдық, дүниеге селқос қарау, ойының өз басынан, күнделікті ішім-жемінен артылмауы сияқты бойкүйездікті сынға алған ғалым одан аулақ болуға шақырады.

Жақсы мінез-құлықты насихаттайды. Оның жеке адамның басына, ортасына пайдасын әспеттейді. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты», «Мінез – жанның айнасы», «Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады» деп өрілген ғибратты ойлар өмірді терең зерделеуден туған. Ғалым – аңғарымпаз. Адамдардың өзара қарым-қатысынан байқалған нәзік құбылысты түйсініп, танып-біліп қана қоймай, одан ой қорытып, одан туындайтын шындықты көпшілік назарына ұсынады. Ақыл-парасаттың адам өміріндегі маңызын: «Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуға, жақсы қылық пен жаман қылықтың аражігін ашуына көмектесетін күш» деп бағалайды. Көптеген әлем ғұламаларының, жоғарыда сөзімізге тиек еткен қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың ақыл-парасат туралы қаншама ой-толғамдарын білеміз.

Әл-Фарабидің ой-толғамы алған объектісін тың және нақты сипаттауымен ерекшеленеді. Оның тәрбие жұмысы жөніндегі ой қорытуы да қарапайымдылығымен, бірақ алған объектісінің сипатын дәл нақыштауымен өзгешеленеді. «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» дейді. «Адамның тоқымашы, не атбегі болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға бітпейді» деп ой түйетін ол «Адамның тәндік жаратылысының негізгі көрсеткіші – денінің саулығы» дейді. Ғалымның бұл даналық сөзі халқымыздың «Басты байлық – денсаулық» деген мақал-мәтелімен үндеседі.

Ғалымның өмір тәжірибесі оның еңбектерінде ізсіз кетипейді. Жастайынан білімге құмар болып, көп оқыған, әйгілі Отырар кітапханасының игілігін көрген өрелі жас білім, ғылым іздеп Бұқара, Самарқандқа, одан әрі асып Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке шаһарларына жол тартып, тынымсыз білімін жетілдіру жолында болады. Мұның өзі жоғарыда айтқанындай, бір жағынан алдына берік мақсат қоя білуінен болса, екіншіден, қажыр-қайратының мықтылығынан дер едік. Ендеше ғұламаның кітаптарында өрнектелген білім, ғылым туралы өрелі ойлары басынан кешкен көп мехнат пен оқумен өткен күндер мен түндердің нәтижесі. «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу», «Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады», «Шын білім – ақиқат, анық білім», «Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды», «Ғылыммен айналысам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.

Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек», «Талпыныс тәжі – табандылық» деп тереңнен қозғайтын асыл толғамдары қазіргі кез үшін де маңызды саналады. Мұндағы әрбір сөздің астарында өмірден алынған шындық жатқаны сөзсіз. Расында, білім қуған адамның күнделікті тіршіліктің күйбеңінен алыс болатыны ақиқат. Күнделікті тіршіліктің бітпейтін күйбеңімен араласып кетсе, ол адамнан білім де, ғылым да туындамас еді. Ал ғылым туралы әл-Фарабидің толғаныстарында нағыз ғалымның бейнесі көрінеді. Шын ғылым жолы оңай емес, оны құр ләззат алумен, жалған даңққұмарлықпен, жалған атақпен шатастырмау қажет. Жалған ғалым ғылым жасамайды. Олардың басында түрлі жат әрекеттердің болуын әл-Фараби: «Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті арам адамға лайық іс» деп әшкерелейді.

Ғалым музыка өнеріне ықыласы айрықша болған. Музыкалық аспаптарда шебер ойнай білген ол музыканың теориясы мен тарихы жөнінде тың зерттеулер жасаған. «Китаб әл-мусики әл-кабир» («Музыканың ұлы кітабы») деп аталатын еңбегіне кезінде әлем ғалымдары бас иген. «Музыка – рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл-күйдің ісі», «Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу» деп жазған ол туған елінен алыста жүруіне байланысты таусылмас сағыныштың құшағында жүрген. Сонда бала күнінен құлағына сіңісті болған әсем дала сазы әл-Фарабидің музыкалық аспапта ойнауымен тыңдаушыларына жетіп, ғалымның жан-жүрегін тербеткен екен. Ғалымның даналық сөздері шындыққа, болмыстың сырын ашуға құрылған. Сондықтан да өмірдің мәнін ұғынуда оқушысына айтар ойы, тағлымы мол. Шәкірттерді оқыту мен тәрбилеуде оны орнымен пайдалана білу маңызды болмақ.

Светлана РАЙЫМБЕКҚЫЗЫ,
Ә. Әйтиев атындағы мектептің қазақ
тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Жамбыл облысының Жамбыл ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий