Шоқан Уәлиханов – 185: Даланың дара дарыны   

Көпшілік Шоқанды қазақтан шыққан тұңғыш ғалым деп қана біледі, неге десеңіз мектеп оқулықтарында оны негізінен осылай сипаттайды. Филология  ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің: «Шоқанды «ұлы ғалымымыз» деп мақтан тұтамыз, бірақ оның әрбір ісі, еңбектері қазіргі біздің жастарымыздың бойына сіңбей жатыр» деуі тегін емес. Ал ұлы тұлғаның еңбектерін қарап, шоқантаушылардың зерттеулеріне үңілсең, көп нәрсеге көзің  жетеді. Мойындауымыз керек, білмейтініміз жетерлік екен. Әрине, өз басым Шоқандай кесек тұлғаға ерекше құрметпен, сүйіспеншілікпен қараймын, ол туралы мерзімді басылым беттеріндегі жарияланымдарды оқып, жинастырып жүремін, қажет кезінде қайтара көз жүгіртемін.

Биыл Шоқанның туғанына 185 жыл толады. Туған айы қараша деп жазылғанымен, нақты  туған күні көрсетілмей келеді. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, тым келте ғұмыр кешсе де, өшпестей із қалдырған ерекше тұлға жөнінде неге жазбасқа деген ой тосыннан қылаң беріп, оған қатысты қолда бар материалдарды осы жолы мұқият зерделеп шықтым десем де болады. Ғалым, жазушы-зерттеуші Жарылғап Бейсенбайұлының «Шоқанды жетік тану үшін оның өмірі мен қызметіне қатысты жинақталған мол деректерге, еңбектеріне, замандастарының естеліктеріне, өзі жазған, оған жазылған хаттарға, кейіннен ашылған мұрағаттық дәйектерге зерделей қараған жөн» деген сөзі бекер айтылмаса керек.

Әрине, бір мақалада кеңінен көсіле жазып,бәрін қамту мүмкін емес.Сондықтан болашақ ғалымның дарабоздығы, талантының жан-жақтылығы неден бастау алды екен деген сауал төңірегінде, сондай-ақ оның өміршең өнегесінің кейбір қырлары жөнінде ғана аз-кем сөз өрбітіп көрелік. Шоқанның зеректігін, қабілеті мен қарымының мол екенін оны жақын білетіндер бірден байқап, жоғары бағалаған. «Современник» журналының 1864 жылғы 102-нөмірінде «Ш.Уәлихановтың қабілеттілігі және жігерлілігі сонша, Сібірде тұратын бұратана халықтар арасында бұрын-соңды ондай адам болған емес», деп жазды. Айталық,  Шоқан шығармаларына жазған алғысөзінде академик Н.И.Веселовский: «Ш.Уәлиханов Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары  оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы ғалымнан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз қазасы біздің бұл үмітімізді үзіп кетті» деп, Шоқанды «ерекше құбылыс» ретінде бағаласа, шоқантанушы ғалым Көшім Есмағамбетоа «даланың ұлы дарыны» санаған.

Шоқан еңбектерін жинастырып,зерделеп, олардың жарыққа шығуына ұйытқы болған әйгілі академик Әлкей Марғұлан: «Шоқанның табиғи дарындылығы мен зеректігі халықтың өмірін терең зерттеп, оның жақсы-жаман жақтарын түгел көріп, байқап отыруына мүмкіндік берді»  деп жазады. Ал сол табиғи дарын мен зеректік бала Шоқан бойына кімнен, қайдан және қалай дарыды екен?   

Шоқан талантының төркіні – тектілікте. Шоқан Уәлиханов – ұлы ғалым, географ, тарихшы, фольклортанушы, ағартушы, этнограф, суретші. Ұлы тұлғаның әр қыры- өзінше бір-бір әлем. Алайда сөз ауанын кеңейтпей, көздеген тақырып аясына аяңдалық. Шоқан талантының төркіні, яғни түпкі негізі неде екендігін, оның феномендігі неден бастау алғандығын топшылап көрелік.Баршаға мәлім, тұлғаның қалыптасуында ата-ана, қоршаған орта және адамның өз ақылы мен қарекеті шешуші рөл атқарады. Қазақта «тектілік» деген жақсы сөз бар. Шоқан – әйгілі Абылай ханның шөбересі.  Шоқанның атасы Уәли – Абылайдың ұлдарының ішінен әке тағын иеленіп, қазақ жерінде билік жүргізген соңғы хандардың бірі. Кіші әйелі Айғаным- текті жердің қызы. Ол өзінің де, хан әулетінің де ар-намысын, абыройын жоғары ұстайды. Ол туралы жазушы И.Стрелькова былай деп жазады: Младшая жена Вали, умная и властная Айганым была женщиной образованной, знала несколько восточных языков, обладала незаурядным поэтическим талантом и прозорливостью опытного политика.

Аталмыш қаламгердің пікірін Әлкей Марғұлан былайша нақтылай түседі: «Айғаным-ақылды, көреген, өз заманына сай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен  және Петербордағы Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Айғаным жергілікті халықтың арасында өте зор беделге ие болды. Мұрағат мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді». Айғанымның жаңашылдыққа, өркениетті өмірге ұмтылысын мына бір қадамы да айқындап тұрған жоқ па: ол  1827 жылы баласы Шыңғысты  Сібірдің шептік казактарының әскери училищесіне оқуға береді. Шыңғыс орыс тілін жақсы білетін алғашқы қазақтардың бірі болды. Әскери училищені бітірген Шыңғыс 23 жасында сол кезде жаңа құрылған Аманқарағай округіне аға сұлтан болып тағайындалады, оған майор, кейін полковник шені беріледі.

Міне, осындай әулетте  дүние есігін ашқан Шоқанның шоқтығы ес білгеннен еңселі болды.Шоқанға қатысты жарияланымдарда оның алғыр, зейінді, зерделі  болғаны алдымен ауызға ілігеді. «Ұшқыннан жалын лаулайды» демекші, Шоқан бойындағы тектіліктің ұшқыны алаулап, оның жарқырай көрінуіне даңғыл жол ашты. Дара дарын иесі аз ғана ғұмырында  жанқиярлықпен жанталаса қызмет етіп, өзінің ғана емес, халқының мерейін асырды, әлемдік ғылымда, өркениетте өзіндік із қалдырды.

«Болар бала бесігінде бұлқынар». Шоқанның білмекке талпыныс жасап, рухани жағынан өсуіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Бұл турасында тағы да  Әлкей Марғұланның сөзіне жүгінелік: «Айғаным-Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болды».  «Болар бала бесігінде бұлқынар» демекші, немересі кішкене кезінен-ақ ертегі, өлең-жырлар тыңдауға құмартты. Әйгілі хан тұқымының үйіне жан-жақтан ат басын бұрып, ағылып келіп жататын беделді кісілердің әңгімелеріне, қисса-дастандарына құлақ түрді. Бес жасында хат танып, жеті жасынан бастап әкесі Шыңғысқа жыр-дастандарды хатқа түсіруге жәрдемдескен. Кейін мектепке барды.Шоқантанушы Жарылқап Бейсенбайұлы, Зардыхан Қинаятұлының айтуынша, Шоқан Күнтиместе әкесі Шыңғыс ашқан мектепте 12 жасына дейін оқып, қазақы білім, тәрбие алады.

Араб, шағатай, парсы тілдерін осы ауыл мектебінде үйренеді. Осындай ортадағы тәлім-тәрбие және  оқып-үйренуге деген өзіндік ерек құлшыныс бала бойындағы феномендік қасиеттің дамып, жетіле түсуіне игі әсер етті.   Бір ауыз орыс тілін білмейтін Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түскеннен кейін, көп ұзамай-ақ өзінің алғырлығының, ізденімпаздығының арқасында үздік оқушылардың біріне, білім алушылардың көшбасшысына айналады. Табиғатынан дарыған озық ақыл-ой Шоқанның мерейін асырды.Талаптыға нұр жауды. Талаптың тұлпарын мініп,биікке, алысқа жігерленген жеткіншектің болашағына ұстаздары да үлкен үмітпен қарап, оны болашақ ғалым, оқымысты деп болжаған.  «Чокану было только 14-15 лет, когда преподаватели корпуса на него смотрели как на будущего исслдователя и, может быть, ученого», – деп жазыпты досы Г.Н.Потанин естелігінде.  

Осы орайда бүгінде жиі айтылатын өз бетінше білім жетілдіру, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жүзеге асыру сынды қабілеттердің жетістіктерге жетелерін бала Шоқан ерте түсінгенін аңғарамыз. «Бәсекеге қабілеттілік» деген ұғым Шоқан заманында қалыптаспаса да, оның бойында тап осы қасиеттің  болғанын,Шоқан өнегесінің қазіргі заман  талаптарымен үндестігін, асыл мұрасының өміршеңдігін ұғынамыз. Ол қай мәселеде болсын, өзінің озық ақыл-ойы, дара дарыны,тегеурінді табандылығы арқасында жетістіктерге жетті. Ал бүгінде кәсіби қызметтегі кез келген мәселені өз бетінше шеше білу тек педагогке ғана емес, өзге де сала мамандарына қойылатын басты талаптардың бірі, жоғары кәсіпқойлықтың көрсеткіші. Олай болса, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу мәселесі  көкейкесті саналатын қазіргі заманда осынау  қабілет қасиетімен ерекшеленген ұлы тұлға тағылымын неге кеңінен насихаттап, өнеге етпеске?!

Қай оқу орнының білім алушысы болсын, қай саланың маманы болсын, баршасы үшін  табысты болудың басты кілті – өмір бойы оқып-үйренуде. Бүгінде аксиомаға айналған  бұл тұжырым алғы шептен көрінгісі келетін әрбір азаматтың өмірлік қағидасына айналуы тиіс. Осынау заманауи қағиданы он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Шоқанның берік ұстанғаны –  таңғаларлық жайт. Ендеше, еліміздің Білім және ғылым министрлігі қызметкерлерінің назарына салайық, Шоқан тағылымын өскелең ұрпақ бойына сіңіру бойынша «Шоқан және қазіргі ғылым», «Шоқан оқулары», «Қазақ көгіндегі жарық жұлдыз», «Шоқан сабақтары» сынды тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырып, өткізу міндеттеліп, дәстүрге айналар болса, сонымен қатар мектеп кітапханаларында ұлы ғалымға арналған бұрыш жасақталып, білім алушылармен жүйелі жұмыс жүргізу қолға алынса, осының бәрі Ш.Уәлиханов әлеміне қызығушылык туғызып, ұлы дала елінің дара дарынын тани түсуге, өнеге етуге ықпал етері сөзсіз.    

Тілдерді білуге құмарлығы. Шоқанның дарындылығын танытқан келесі бір қыры- оның тілдерді меңгеру қабілетінің ерекшелігі. Жоғарыда айтып өттік, ол ауыл мектебінде оқи жүріп, араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп алды. Шоқанның тілдерді білуге құмарлығы  оның әлем өркениетін  танып-білуге құштарлығынан туындаған еді. Омбыда орыс тілін үйренді, неміс тілін ауызша да, жазбаша да түсінетін, екінші класта француз тілін сөздіксіз оқи алатын дәрежеге жетті. Уақыт өте келе бұл тілдерді жақсы меңгеріп алды. П.П.Семенов Тянь-Шанский  Шоқанның тілдерді үйренудегі аса қабілеттілігін, неміс, француз тілдерін жақсы меңгергендігін жазады. Өзге тілді білгендіктің жемісі: неміс ғалымы, жаратылыс зерттеуші Александр Гумбольдтың «Орталық Азия» деген кітабымен шәкірт Шоқан Омбы кадет корпусында оқып жүрген кезінде – ақ француз тілінде танысып, туындыны түпнұсқадан оқудың артықшылығын сезінді.

«Шоқан Уәлихановтың құпиясы» кітабының авторы Болат Қыстаубаев та Шоқан француз тілін өте жақсы білгенін айтады. Әсіресе, орыс тілін жетік меңгеруі болашақ ғалымның көп нәрсеге көзін ашты. Бұл турасында қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның «Шоқан заман бағыты мен талабын тез қабылдады, озық ойды бірден іліп әкетті. Орыс тілін еркін меңгеріп, білімнің шыңына ұмтылды» деп жазғаны тілге оралады (Ана тілі, №41, 2013). Тілдерді меңгеруге ықыласты болуымен қатар, кадет корпусы қабырғасында ол ағылшын, француз, неміс әдебиетінің үздік туындыларын оқи бастайды. Бұған қатысты досы Г.Н.Потанин: «Ағылшын әдебиеті жөнінде, көбіне аудармалар бойынша әрине, Шоқаннан құлақтанатынбыз. Ол Англия және ағылшын өмірі туралы оқуды жақсы көретін» деп жазады. Шоқантанушы Көшім Есмағамбетов  «Жарық жұлдыз» мақаласында («Егемен Қазақстан», 10.11.2010) америкалық ғалым Томас Виннердің жазбасынан мынадай бір үзік келтіреді: «Шоқанды Диккенстің, ағылшын саяхатшыларының еңбектері баурап алды.

Ағылшын әдебиетіне құмартқаны соншалық, ол ағылшын тілін үйренуге кірісті. Ағылшын әдебиетіне қызығушылығын Уәлихановтың шамандық туралы этнографиялық еңбектерінен байқауға болады». Міне, кітап оқуға деген құмарлық жас талаптың білімін кеңейтіп, оның жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына игі әсерін тигізді.Бұл тұрғыдағы  Шоқан өнегесін оқу-тәрбие процесіне кіріктіруді назарға алып, міндеттер болсақ,  нақты тағылым талай ұрпақ санасында қатталып, көшбасшылықтың дәнегіндей рухани пәрмен берері анық. Оқулықтардағы пайдасы шамалы, тез арада ұмыт болып, санадан  өшетін кейбір материалдардың орнына Шоқандай қайталанбас, бірегей тұлғаға қатысты, өміршең өнегесімен өрендерімізді жарқын өмір сүруге, елге қызмет етуге жігерлендіретін  мәліметтер берілер болса, ұтылмайтынымыз анық.Бұл, бір жағынан, ұлы дала елінің дара тұлғаларын тереңірек тануға, екіншіден, оларды мақтан тұтып, тағылымынан нәр алуға ықпал етері сөзсіз.

Аса талантты тұлға есейген шағында да қажеттілігіне қарай өзге де тілдерді оқып, зерделеп отырған.  Ол құрастырған «Қытай, моңғол және түрік сөздерінің сөздігі» осыны аңғартса керек.  Тіл меңгеруге бейім жанға татар, өзбек, қырғыз, ұйғыр және басқа да туыстас тілдерде түсінісу де, жаза білу де қиынға соқпаған. Дерек көздеріне сүйенсек, Ш.Уәлихановтың еңбектерінде хакас, чулым, якут тілдері жөнінде де мәліметтер ұшырасады. Ш.Уәлиханов тілдерді өзінің зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін үйреніп отырған. Бұл турасында атақты ғалым-географ, академик Әлия Бейсенова былай деп жазады: «Ш.Уәлихановтың бірқатар тілдерді жетік білгені баршаға мәлім. Мұның өзі оған көне ескерткіштер мен деректерді түпнұсқалары бойынша зерттеуге мүмкіндік берді». Осылайша бірнеше тілді білудің артықшылығын Шоқан өз өнегесімен дәлелдеп кетті. Ал, мұндай қасиеттің зор маңызын, әсіресе қазіргі жаһандану заманында ешкім де жоққа шығара алмас. Ұлы тұлғаның тілдерді меңгеру өнегесі, әсіресе, бүгінгі заман талабы –  қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгеру қажеттілігі –  айқындалған кезеңде өзекті болмақ.

Тобықтай түйін. Табиғи талант иесі, ұлы дала елінің дара дарыны Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың мерейтойына орай, ұлы тұлғаға деген құрметімнің белгісі ретінде осынау мақаланы арнай отырып, оның сан қырлы қызметінде жарқырай көрінуіне арқау болған кейбір ерекше қырларын ғана тақырыпқа арқау еттім. Оның заманалармен үндесе берерлік өзге де таңғажайып қырлары адам баласын таңғалдырмай, тамсандырмай қоймайды. Олай болса, ардақты оқырман, ұлы тұлғаны тани түсуге,  тағылымынан нәр алуға ұмтылайық, өзгелерге өнеге етуге талпынайық.   Себебі Шоқан адамзат баласы үшін өміршең құндылықтарды қастерлеп, әспеттеді. Ол құдды бір қазір ортамызда жүргендей, білім және ғылыммен қаруланып, көшбасшы болуға үндейтіндей әсер қалдырады.  Шоқан өнегесі – барша адамзат баласына ортақ асыл құндылық.

Пиалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының құрметті
қызметкері, Қостанай облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий