Ақмола облысы: Үздік орта білім беру ұйымы анықталды
Көкшетауда жыл сайынғы орта білім беру ұйымын анықтауға арналған конкурстың қорытындысы шығарылды. Байқау тиімді педагогикалық және басқару тәжірибесін анықтау, қорыту және тарату, орта білім беру ұйымдарының педагогтары мен басшыларының кәсіби және жеке тұлғалық өсуін ынталандыру, Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесінің даму үрдісін анықтау мақсатында өткізілді. Екі кезеңнен тұрды, – деп хабарлайды Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
«Орта білім беретін үздік ұйым» грантын тағайындау конкурсының облыстық кезеңіне 17 өтініш келіп түсті. Конкурсқа қатысушыларды іріктеуді 11 критерийлер бойынша жүзеге асырды. Бұл оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізу, сапалы білім беруді қамтамасыз ету, білім беру процесін кадрлармен қамтамасыз ету және тағы да басқалары. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу мақсатында облыс әкімінің білім саласына жетекшілік ететін орынбасарының төрайымдылығымен конкурстық комиссия құрылды.
І және ІІ кезеңдердің конкурстық комиссияларының құрамына облыстық және аудандық білім беру органдарының мамандары, тәжірибелі педагогтар, әдіскерлер, психологтар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғылым қайраткерлері, білім саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері кірді. Биыл Гран-При және 22 627 000 теңгеге сертификатты Қорғалжын ауданының Қорғалжын мектеп-гимназиясы жеңіп алды. Мектеп директоры Тәжин Нұрлан Есіркепұлы, Қорғалжын аудандық кәсіподақ төрағасы,«Қорғалжын Болашағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық мәслихатының депутаты, «Қорғалжынның құрметті азаматы» атағының иегері.
Мұғалімдер ұжымының педагогикалық қызметі оқушылармен өзара тығыз байланыста өрбиді. Сондықтан педагогикалық міндетті орындау оқушылар ұжымының тәрбиелік мүмкіндігі қай деңгейде, қаншалықты іске асырылуына тікелей тәуелді болып келеді. Мұғалімдер ұжымы өзінің орасан зор интеллектуалдық, тәрбиелік күш-қуаты бойынша балалар ұжымына ғана емес, өз ұжымына байланысты да тәрбие субъектісі ретінде әрекет жасайды. «Соңғы үш жылда мектеп бітіруші түлектің 12-сі «Алтын белгі» , 2 оқушы Үздік аттестат иегерлері болды. Мектебіміздің мақтан тұтатын түлектері де аз емес.
Атап айтсақ: Қожахметов Султанбек Қожахметұлы – техника ғылымның докторы, академик, Рустембеков Серік Исаұлы – Архитектура Академиясының академигі, Рустембеков Ақмырза Исаұлы – архитектор, «Астана–Бәйтерек» ғимараты үшін «Ең үздік құрылысшы атағы берілген. Баешева Динагүл Аяпбекқызы – медицина саласының докторы, Алимжанов Сейтжапар Мұхамедаліұлы – Қазақстанның «Еңбек сіңірген құрылысшысы» атақ иегері, Біжкенова Айгүл Ермекқызы – тілдер ғылымының профессоры, Еуразия Ұлттық университетінің шет тілдер кафедрасының меңгерушісі. Тағы Рысмаганбетов Нұрболат Сабырұлы – «Әлем чемпионы», «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері» иегшері, кикбоксингтен жастар құрамасының бас бапкері. Қаменов Файзолла Қаменұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі, Дангилов Казбек Ысқақұлы – гвардия полковнигі, Қорғаныс министрлігінің қызметкері, Ракишев Куаныш Боранкулович – Ақкөл ауданының ауылшаруашылық кәсіпорын «Еңбек» ЖШС–нің директоры» – деп мектеп директоры Н.Тәжин мақтан тұтарлық мектепті бітірген түлектерін атап өтті.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Елбасының мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Ермек Балтабайұлы Біжкенов атындағы қазақ тілі және қазақ әдебиеті дәрісханасы ашылған. Дәрісхана ашылуына ұйытқы болған мектебіміздің түлектері, Ермек Балтабайұлының күйеу баласы Алимжанов Сейтжапар Мухамедалиұлы және қызы Бижкенова Айгуль Ермековна. Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғалжын ауданының және аудандық білім бөлімінің басшылары, еңбек ардагерлері, ауыл қарттары, мұғалімдер, оқушылар және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бірқатар ғалымдары қатысты» – деп бөлісті Нұрлан Есіркепұлы.
Қорғалжын мектеп-гимназиясының іргетасы қаланғаннан бері көптеген жетістіктермен биікке жетіп, бірнеше мәрте түрлі іс-шараларда аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық көлемде мектеп даңқын арттыра білді. Жаңа технологияларға сай жабдықталған мектеп өзіне жас мамандарды да тарта білді, соған лайық мамандарымыз өз шеберліктерін оқушы сұранысымен ұштастыра білді. “Қазақстан жолы – 2050 «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: – Орта білім беретін мектептердің деңгейін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту деңгейіне жеткізу керек,- деген миссиясына сай алға қойған мақсаттарымыз да бар, – дейді Н.Тәжин.
Ақмола облысы Білім басқармасының І дәрежелі дипломын Сандықтау ауданындағы Балкашино №1 орта мектебі иеленді. ІІ дәрежелі дипломы Бурабай ауданы Щучинск қаласының № 7 мектеп-лицейі және Көкшетау қаласының” № 17 орта мектеп-гимназиясы алды. Ал ІІІ дәрежелі дипломына Степногорск қаласының “Л. Толстой атындағы № 4 мектеп-гимназиясы” КММ ие болды. Конкурстық негізде «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын алған мемлекеттік орта білім беру мекемелері Грантты білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсартуға және білім беру процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге жұмсайды.
Загрузка...