Қазан оттары

Дәл осындай атаумен («Казан утлары») Татарстанда, тарихы терең Еділ бұлғарларының ана тілінде әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журнал шығады. Әу бастағы ныспысы «Біздің жол» («Бизнен юл») екен. Тағдыры да, бағдары да өзіміздің «Жұлдыз» журналы сияқты. Ұлтқа сенім беру, жүрегін ояту, жарық күнге қарай бастау. Жалпы от – Түрік дүниесінде тазалық пен серпілістің нышаны, – деп хабарлайды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі.

Біз, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Ғ.Балаева бастаған арнайы үкіметтік делегация таяуда Қазанның отын – жалыны мен алауын көріп қайттық. Татар астанасында өткен бұл шара тарихи Татарстан кеңестік социалистік автономиялық республикасының 100 жылдық торқалы тойына арналды. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев айтқандай, қазір – той тойлайтын заман емес, ой ойлайтын заман. Сондықтан коронавирус пандемиясы кезінде делегация құрамы да аз әрі негізгі бағыттарды қамтыды. Бүгінгі қазақ қыздары арасынан шыққан қайраткер Аида Ғалымқызының жанында өнер тұлғасы, Қазақстанның Еңбек ері, бұрынғы одаққа танымал әнші Роза Рымбаева, еліміздегі Халық ассамблеясы басшылығының өкілі, Татар-башқұрт конгресінің Тауфик Каримов және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы болды. Сонымен бірге Қазақ елінің ресми делегациясы Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев, елшіліктің Қазан қаласындағы консулы Жанболат Мырзалин толықтыра түсті.

Татарстан кеңестік республикасының 100 жылдық мерейтойы – татар халқы үшін елеулі белес. Өйткені патша өкіметі заманында елдің, өлкенің мәртебесі губерния деңгейіне дейін төмендетілді. Сонау Грозный отарлаған 16 ғасырдан бері шекара да, шек те айқындалмады. Мерейтойда сөйлеген татардың ел ағалары: «Біз елді ағаш соқамен қабылдап, ұшақ және түрлі техника-технология шығаратын деңгейге жеткіздік» деп, республиканың «тар жол, тайғақ кешуіне» қайта-қайта тоқталды. Татар республикасының ғасырлық тойы шарасы аясында Қазақстан делегациясы елдің саяси басшылығының, Баспасөз және коммуникация агенттігі төрағасының, Татарстан Ғылым академиясы вице-президентінің, Ғ.Ибрагимов атындағы тіл, әдебиет және өнер инстиуты директорының қабылдауында болып, екі тарапқа да тиімді бағдарламалар мен жобалар туралы кеңесті.

Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы Татарстан Ғылым академиясының гуманитарлық бағыттағы зерттеулерімен танысып, Академия басшысының орынбасары, академик Дания Загидуллинамен, Тіл, әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ким Миннуллинмен пікір алмасты. Естеріңізге сала кетейік, Еуразия университетінің «Абай академиясы» биыл ұлы ақын мерейтойына арналған елеулі шетелдік мәдени-ғылыми шараларды да жоспарлаған еді. Соның бірі мамыр айында Қазан қаласында өтуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, әлемдік дертке байланысты ол жоспар кейінге қалдырылды.

Алдын-ала уағдаласқандай, бұл шара қазан айында жүзбе-жүз деңгейде немесе онлайн форматында өткізіледі. Сондай-ақ келесі жылы татар әдебиетінің классигі, ақын Ғабдолла Тоқайдың 135 жылдық мерейтойына арналған конференцияны Нұр-Сұлтан қаласында өткізу мәселесі де талқыланды. Мұның сыртында Шигабутдин Маржани мұрасын қазақ тіліне, ал Алаш зиялыларының және қазақша жазған этникалық татар ақын-жазушыларының шығармаларын татар тіліне аудару жайы да сөз болды. Қазақстан халық ассамблеясының қайраткері Т.А.Каримов республика күнімен қатар шақырылған Әлем татарлары жиынына қатысып, еліміздегі этносаралық тұрақтылық пен үйлесімділікті баян етті.

Мерейтой күнінің екінші жартысында халықаралық «Қазан ЭКСПО» орталығында 100 жылдыққа арналған көрме және ел басшылығының қатысуымен салтанатты жиналыс өтті. РФ президенті В.В.Путин атынан келген лауазымды өкілдер, Татарстанның бұрынғы елбасы (ана тілінде дәл осылай айтып, жазады екен) Минтимер Шәймиев, қазіргі басшысы Рустам Минниханов сөз сөйледі. Алдыңғылардың қатарында құттықтау сөз Қазақстан делегациясының басшысы, министр А.Ғ. Балаеваға берілді. Аида Ғалымқызы Қазақ елі басшылығының ізгі тілегін орайлы жария етіп, рәмізді тарту-таралғы жасады. Әдемі ұлттық нақыштағы музыкамен көркемделген кештегі ТМД және әлемге танымал эстрада әншісі Роза Рымбаеваның ән шашуын Татарстан жұртшылығы терең тебіреніспен қабылдады.

Қазан – қазақ зиялылығын, ұлттың ағаруға деген ынта-жігерін шыңдаған шаһар. Бұл қаланың әрбір ескі ғимаратында Алаш оқығандарының ізі сайрап жатыр. Тәуелсіз Қазақстан бұл тарихты бүгін де, ертең де ұмытпайды. Сондықтан Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясы мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық, өрлеу бастамасы аясында мәдени ықпалдастық одан әрі қарай жалғаса бермек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий