Жолдауды қолдау: Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы әлеумет тарапынан қолдау тауып, қызу талқылануда. Құтты құжатты әсіресе білім саласының қызметкерлері ерекше ықыласпен қабылдады. Себебі ұстаздар білім күні мерекесінде жасалып, білім саласына жан бітірер ойлар айтылған жолдауды жақсылыққа жоруда.

Азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі – кәсіподақ атты қоғамдық ұйымның өкілі ретінде елімізді одан әрі дамыту стратегиясы баяндалған құтты құжат туралы мен де өз ойымды ортаға салғым келеді. Әлемді жайлаған індеттің салдарынан ең дамыған деген елдердің өзі соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты басынан өткеруде. Пандемиямен күрес әлі жалғасуда. Болжам бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде екі жыл қажет екен. Осындай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы алдымызда тұрған ең басты міндеттерді – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалуға ерекше назар аударды.

Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауылшаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді. Енді бұл Жолдауды жүзеге асыру барысында әр сала өзіне қатысты тұста тосырқап қалмауы керек. Президент ұсынған жаңғыртуларды әрқайсымыз өзімізден, өз санамыздан бастағанымыз жөн. Өзіміздегі ескі қағидаттардан арылып, бүгінгі күннің арнасымен алға қарай ұмтылуымыз қажет. Сол үшін де бізге санамызды жаңғырту туралы терең ойланып, пәрменді әрекет ету керек деп ойлаймын. Менің тоқталайын деп отырғаным Жолдаудың бесінші бөліміне негіз болған – қолжетімді әрі сапалы білім мәселесі.

Президент атап өткендей, Үкіметтің жіберген қателіктерінің салдарынан онлайн оқудағы олқылықтар ойдағыдай түзетілмеуде. Кез келген өзгерістің бір қайыры бар десек, қашықтан оқытудың да жақсы жақтары болары анық. Жаңа формат оқушылар мен ұстаздарды жаңа машықтарды игеруге мәжбүрлеп қана қоймай, тұтастай білім беру жүйесін цифрландыру ісіне де мәжбүрлі түрде серпін берді. Сондықтан да, Мемлекет басшысы «толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» деген тапсырма берді.

Мемлекет басшысы еліміздің пандемиядан кейінгі жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуы тиіс екендігін айта келе бұл мақсатқа жету жолының бір бағыты ретінде үздіксіз білім алу концепциясын дайындауды тапсырды. Концепция бейресми білім берудің балама нұсқаларын белсенді енгізу, өз бетінше оқыту нәтижелерін тану, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қамтитын болады. Нәтижесінде азаматтардың сауаттылық деңгейі мен цифрлық білімі артатын болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіптік білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға қайта бағдарлау керектігін айтты. Бұл бағытта дуальды оқыту жүйесі мен «Жас маман» жобасы жүзеге асып жатқандығын, дегенмен жастарды жұмыспен қамту және экономиканы әртараптандыру үшін кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту бойынша түбегейлі шешімдер қабылдау қажеттігін айтқым келеді.

Жолдауда айтылған тың бастаманың бірі – алдағы уақытта елімізде кәсіпкерлердің жаңа толқынын дайындауға ерекше екпін берілетін болады. Оның бастамасы ретінде білім берудің барлық деңгейлерінде – мектептерден жоғары оқу орындарына дейін «кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады. Ал бүгінде ел игілігі үшін еңбектеніп жүрген кәсіпкерлерді Президент білім саласына инвестиция салуға шақырып, мемлекеттің күшімен ғана білім саласының алдында тұрған барлық міндеттерді шешудің мүмкін еместігін жасырмай айтты. Расында да, жаппай кәсіпкерліктің дамуы тұрақты жұмыс көзінің ашылуына, жұмыссыздық көрсеткішінің төмендеуіне, салық базасы мен жергілікті бюджеттің нығаюына оң әсер ететінін баршамызға аян. Бәрін айт та, бірін айт демекші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығына тоқталып, салаға қосымша қаражат бөлінетіндігін жеткізді.

– Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көтеру жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді, – деді Мемлекет басшысы. Былтыр қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» құқықтық құжат мұғалімдердің мәртебесін арттыру, әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне жол аша отырып, білім саласында еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде биылғы оқу жылынан бастап тәлімгерлік жасаған ұстаздарға 1 БЛЖ көлемінде қосымша ақы төлене бастайды. Сонымен бірге дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілігі үшін ұстаздарға төленетін қосымша төлемақылардың да мөлшері 2 есеге өсіп отыр. Сондай-ақ, магистрлік дәрежесі үшін мұғалімдер 27 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы алатын болады. Мұның барлығы да Президент сөзімен айтсақ азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған батыл қадамдар.

Биылғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауы арқылы Мемлекет басшысы елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш сала отырып Қазақстан азаматтарының тұрмыс-ахуалын арттыруды көздеп отыр. Халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған осынау аса маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді, тапсырмаларды бүкіл қоғам болып, жұмылып орындайтын болсақ, жеңілмесіміз анық.

Ерұлан  Сәбенұлы МАҒЗЫМБЕКОВ,
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының
төрағасы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий