Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі: Нәтижеге бағытталған білім беру негізі

Әлем бойынша орын алып жатқан жағдайлар қоғам дамуына елеулі әсерін тигізіп жатыр. Қоғам ішіне әрине, мұғалімнің де кірері сөзсіз. Осыған байланысты мұғалім мен қазіргі жағдайдағы мұғалімнің бейнесі айтарлықтай өзгерді. Ұлы Абайдың: Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады, – деген сөздері ұстаздық мамандықтың болмысын ашатын сөздер екені анық. Сондықтан кәсіби шеберлігі шыңдалған, құзырлығы жоғары, өз ісінің технологы болу ұстаздан нені талап етеді десек, ол мұғалімнің шығармашылық іс-әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден тұрады.

Нәтижеге бағытталған білімдендірудің жаңа жүйесіне көшу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда да жаңа көзқарасты қалыптастыруды, құзырлықтарын үнемі дамытуды талап етеді. Жоғары мәдениетті адам ғана осы қажеттіліктерді шешудің жолдарын іздейді, табады. Мұғалімдер әр сабағында өздігінен білім меңгерудің, ізденіс пен жеңісті еңбектің қайнар көзіне айналдырғанда ғана, талапқа сай мұғалім болу мәселесі шешіледі. Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер, – дейді Ж.Аймауытов. Құзыр – бұл адамның бойындағы бар білік пен білім және қабілеттері. Құзірет болса, қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді іске асыруға дайындық, жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында табысты іс-әрекетке дайындық.

Ал құзіреттілік дегеніміз –адамға берілген немесе жүктелген істі нәтижелі түрде орындауын бағалау мінездемесі. Бұл адамның бойында өзіндік жауапкершілік, коммуникабельдік, жаңалықты жоғары қабылдайтын, мәселені шеше алатын, білімі жоғары, ұжымда жұмыс жүргізе алатын, белсенділік қасиет-қабілеттерінің болуы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы биылғы Жолдауында «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы». Осы орайда келесі жылдың қаңтар айынан бастап, мұғалімдердің еңбек ақысын 25 пайызға көбейту керектігі жөнінде шешім қабылдағаны туралы тоқталып өтті. Мұғалім жалақысын жоғарылату олардың сапалық құрамын арттыруға әкелері сөзсіз.

Ең біріншіден мұғалімнің өзіндік жаңалығы болуы қажет. Ғылым жаңалығын түрлендіруде өз үлесін қосу арқылы жасаған нәтижелі жұмысы өзгелердің нәтижесін толықтай көшірмей, жаңа ортаға икемдеп, өзіндік іс-әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу керек. Қазіргі қоғам қандай мұғалімді талап етеді?. Оқушылардың жеке тұлғасын дамытуға басымдық беретін, компьютерлік оқыту өнерін терең меңгерген, күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларда еркін бағдарлай алатын, шығармашылық процестерді басқара алатын, қашықтықтан оқыту жолдарын меңгерген жан-жақты дамыған шығармашыл тұлғаны, яғни мұғалімді талап етеді.

Ал білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген және ақпараттарды сараптай алатын, отандық және шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті айтамыз.

Сондықтан да бүгінгі өскелең ұрпақ уақыт талабына сай білім беруді одан әрі жетілдіру мәселесі, толассыз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге қатар жүрері анық. Жеке тұлғаның қалыптасуында ең тиімді жол жаңа тұлғаны қамтитын, қабілет білім, икем, дағды, тәжірибе, көзқарас болып табылады. Оқушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыру, олардың ақыл – ойын жүйелеу, ойлау қабілетін жетілдіру, дәлдікке үйрету, шындыққа тәрбиелеу мақсатында сауаттылыққа баулу – бүгінгі күн талабы. Ол әрине мұғалімге байланысты.

Мейірбек Нұрланұлы САМЕКОВ,
“Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы
бойынша ПҚ БАИ, Инновациялық білім беру
және ақпараттық технологиялар кафедрасының
аға оқытушысы, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий