Жаңа жетістіктерге жігерлендірген Жолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда бүгінгі жаһандық пандемия кезіндегі елде қалыптасқан нақты жағдай жан-жақты сараланып, ұлттық экономиканың жай-күйі, тапқаны мен жоғалтқаны, әлеуметтік-экономикалық даму барысындағытеріс үдерістер мен жіберілген олқылықтар атап көрсетіліп, осынау сындарлы кезеңнен шығудың жаңа мақсат-міндеттері белгіленді.

Президент бұл тұрғыда Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Ұсынылған реформалар топтамасының заңнамалық тұрғыдан кідіріссіз қамтамасыз етілуі қажеттігіне Ел Парламентінің назарын аударды. Халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге, шағын және орта бизнесті одан әрі қолдауға бағытталған шаралар көпшіліктің көңілінен шығып, жүрегіне сенім ұялатты. Жолдауда аграрлық сектордағы су үнемдеу, тауар өндірісі мен еңбек өнімділігін ғылыми негізде арттыру, өнеркәсіптің өңдеу салаларын дамыту мәселесін баса айтып, бүгін атқарылуға тиісті өзекті міндеттер, ертең бағындырылатын межелер байыпты тиянақталды. Олар экономиканың нақты секторларын да, әлеуметтік инфрақұрылымды да қамтып жатыр.

Цифрлық технологияларға сүйенген экономикасыз адамдардың әл-ауқатын көтеру, отбасын баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамыту, жаһандық пандемиядан ауыр салдарсыз шығу жобаларын бір-бірінен бөле-жара қарау еш мүмкін емес. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматтарымызға көмек беруге 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Қарапайым халықты қолдаудың осындай тәжірибесін біздің еліміз ғана жүзеге асырды.Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындау үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау мақсатында 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отырғанын жариялауы Қазақстан экономикасының әлеуетті екенін айғақтап тұр.

Ел Президенті адами капиталды дамыту мәселелерін үнемі басты назарында ұстап келеді. Бүгінгі Жолдауында да елімізді мәңгілік атты жолдың жасампаздық белестеріне бастайтын сала ерекше орын алды. Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуі және «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізуі үшін 1000 грант бөлуді тапсыруы отандық ғылымды жаңа белестерге бастайтын тың қадам дегіміз келеді. Жолдауда ғылыми қауымдастықты көптен бері толғандырып жүрген мәселе де көтерілді. Соның бірі – қолданыстағы норма талаптарына сай жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға бөлген (өндіруге кеткен шығыстарының бір пайызын) қаржының тиімділігі.

Жұмсалған қаражаттың ғалымдар күткен нәтижені бермей отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы: «…Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деп, осы өзекті мәселені шешудің жолын көрсетті. Соңғы жылдары ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесі күн тәртібіне үнемі қойылуда және кезең-кезеңмен шешіліп келе жатқаны баршамызға мәлім. Жолдауда 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдер жалақысы кезекті рет 25 процентке өсетіні айтылды. Алдағы үш жыл ішінде жалақы мөлшерін арттыру үшін бюджеттен қосымша 1,2 трлн теңге бөлінетін болады. Мемлекет басшысы жеті негізгі қағидаға топтастырылған елдің жаңа экономикалық курсын жариялады.

Ел экономикасына серпін беретін ауқымды да жүйелі шаралардың жиынтығын талдаған қай-қайсымызға да сүйікті отанымызды серпіліс пен ілгерілеудің тамаша белестері күтіп тұр деген ой келіп, жүрегімізге сенім ұялайтыны сөзсіз. Әрине, жаңа экономикалық курс тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында ғана жемісін бермек. Еліміздің игі болашағы жолында баршамыз жұдырықтай жұмылып, жігерлене еңбек етіп, өзіндік үлесімізді қосуымыз қажет. Жасампаз жолдағы сапарымыз сәтті болсын.

Бейбіткүл КӘРІМОВА, 
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің ректоры, ф.ғ.к.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий