Үздіксіз дайындық – сапалы білім көрсеткіші
Жаңа оқу жылының басталуы – білім беру процесіне қатысушылар үшін қуанышты мереке және де жаңа оқу жылы барлық оқушы мен ата-ананың, педагогтің алдына жаңа міндеттер мен мақсаттар қоятындығы бәрімізге аян. Биылғы 2020-2021 оқу жылы елімізде жер-жаhанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрестің жалғасу сәтінде басталғанымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектің біріндегі Білім күнінде Қазақстан халқына Жолдауын арнауы әсіресе педагогтер үшін қуанышты жай болды.
Жолдаудың білім және ғылым саласын дамытуға арналған «Қолжетімді әрі сапалы білім» бөлімінде Президентіміз «…Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек..» деп білім беру сапасын арттыруды тапсырды. Қай оқу орнында болмасын, жүзеге асыратын бағдарламасының аясында сапалы білім беру үшін, оған әсер етуші басты факторларға: білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, педагог кадрлар мен білім алушыларды қажетті оқулықтармен, оқу материалдарымен қамтамасыз етуге басты назар аударады.
Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша өз функциясы шеңберінде елордалық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына, яғни күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарының уақтылы және сапалы жүргізілуіне, оқулықтардың оқушыға толық жеткізілуіне, қашықтан оқыту жағдайында сапалы интернет-платформаны қолдану мүмкіндігін дайындау барысына мониторинг жүргізді.
Атап айтқанда, мониторинг барысында бес мектепте күрделі жөндеу және екі мектепте ағымдық жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, 89 мемлекеттік мектептің 173 826 оқушысына, оның ішінде 1, 11-сынып оқушыларына барлық оқулықтар мен 5-6-сынып оқушыларына «Информатика» пәні оқулығының жүз пайыз жеткізілуі, сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылында Microsoft Teams, Daryn.online, Edupage, Google Classroom, Kundelik.kz, GoogleMeet, Bilimlаnd “Online Mektep”, moodle интернет-платформаларын қолдану арқылы қашықтан оқытуды, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсілімен кезекші сыныптарда оқуды бастауға әзірліктері анықталды. Сондай-ақ, үш балабақша күрделі жөндеуден өтсе, ағымдық жөндеу жұмыстары 2 балабақшада, екі қосымша білім беру ұйымында және 1 колледжде жүргізілді.
Департаментте Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы әкімшілік деректердің сапалы, дұрыс, уақтылы электронды түрде ұсынылуын қамтамасыз ету мақсатында қаланың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасына жүргізілген мониторинг барысында анықталған сәйкессіздіктер Министрліктің ұйымдастыруымен өткен кеңесте «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғам Холдингі және Білім басқармасымен бірлесе отырып талқыланды. Нәтижесінде, Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген әкімшілік деректер сәйкестендіріліп, 2020-2021 оқу жылында колледждерде білім беру процесін қашықтан оқытуды сапалы материалдық-техникалық базамен бастау мәселесі жолға қойылды.
Білім беру ұйымдарында білім сапасын арттырудың басты тетігі педагогтер даярлығына байланысты. Жаңа оқу жылына қала мектептерінде педагогтерге сұраныс қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында Білім басқармасының жүйелі түрде ұйымдастырған іс-шараларының нәтижесінде бүгінгі таңда елордалық мұғалімдер қатары 394 жас маман мен жаңадан орналасқан мұғалімдермен толықтырылды.
Мемлекет басшысы барша отандастарымызға арнаған биылғы Жолдауында: «…Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсысымызға байланысты…» деп атап өтті. Осыған орай, білім беру процесіне қатысушылары мен осы саланың жанашырлары Жолдауда берілген іс-шаралар жоспарының жемісті жүзеге асуына бір кісідей жұмылып атсалысамыз деп үміттенеміз. Әріптестерге жаңа оқу жылында сарқылмас төзім, мықты денсаулық және жемісті еңбек тілеймін!
Айгерім ЧИНЯБЕКОВА,
Нұр-Сұлтан қаласының білім саласындағы
сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы