Ғылым мен білімнің қамытын киген
Әйгілі қырғыз жазушысы «Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының басы шойын жолды бойлай жортқан аш түлкінің халін баяндаудан басталады. Өмірдің ағысымен қатар адамзатқа берілген ғұмыр жолының символы ретінде алынған қос ішекті теміржол бойындағы пойыздар былай суреттеледі: «Жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, әудем жерді дүрсілдетіп, дүрсілкіндіріп, ия шығысқа, ия батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр».
Сол ұлы суреткер берген осы бір шағын эпизодта қаншама терең мән-мағына жатқанын екінің бірі ұға бермейтіні хақ. Қара жонданып көкжиекке дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатқан теміржол бұл жалған дүние, адамзат ғұмыры. Ал батыстан шығысқа, шығыстан батысқа зулап жатқан пойыздар өтіп жатқан өмір керуені, адамдар, табиғат болмысы. Өмірге келген жанның аш түлкідей нәпәқасын іздеп, ұзын жолдың бойын шарлайтыны тағы бар. Міне, осы бір көріністерді әлемдік деңгейдегі суреткер философиялық қауызға сыйғызып, өмір жолын шойын жолға балама ретінде берген.
Біз білетін Нұрлан Мұқанұлы Темірбеков те 1960 жылдың шыжыған 20-шы тамызында, сол өмірдің қос ішегіндей құба белдерді қақ жарып өтіп жатқан шойын жол бойында дүниеге келген жан. Аталары Жамбыл облысының Меркі, Луговой аудандарында қоныстанған көрінеді. Атасы Жолшыбек, әжесі Күләйім мейірбан, қарапайым адамдар болған, Кеңес өкіметі орнап, қазақ даласында алғашқы Түрксіб құрылысы басталған кезде жол құрылысына қатысқан алғашқы теміржолшылардың бірі. Жерлесі Тұрар Рысқұловпен дәмдес болмаса да, қатарлас өмір сүріп, сөздерін естіп, жеделдес өскен. Ата жолын қуып, әкесі Мұқан да еңбек жолын теміржолдан бастаған. Ол осы жолға он жылдай ғұмырын сарп етті, болат жолдың бойында шыңдалды, есейді. Кейін партия, совет қызметтеріне ауысты.
Бір сөзбен айтқанда Нұрлан Мұқанұлының отбасылық кәсіптері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан теміржолшылар әулеті болатын. Әттең, осы бір қызығынан қиындығы көп математика ғылымы болмағанда ше, Нұрекең да бүгінде теміржолдың бір құлағын ұстап отырар ма еді, кім білген!? Әлі күнге дейін есінде, бала кезде ауыл балалары болып шойын жол бойына, вокзал басына жиі шығатындары. Шойын жолдың астына төселген қорғасындай құйылған, доп-домалақ қиыршық тастардан «Бестас» жасап ойнаған кездері, санамақ ойнағандары. Сол ойындар математикаға деген құштарлығының алғашқы іргетасы іспетті көрінеді кейде. Бала қиялы қашан да ауыздыққа бас бермейтін сәйгүліктей алып ұшатыны бар. Сонау көкжиекке барып жоқ болатын қос ішектей болат жол оны үнемі алыс бір қиялдарға жетелейтін де тұратын.
Екпіндеп, ентелеп жететін, бірнеше вагондарды ышқына сүйреп келе жататын, түтіні будақтаған қара тепловоздың пірәдар күйі, құдды бір ауыр арбаның қамытын киген алып қара нардың бейнетін елестететін. Сол сурет күні бүгінге дейін көз алдында. Өзі де міне ғылымның қамытын киіп, әл бермес білім-ілімнің алпауыт жүгін сүйрелеп келе жатқанына да отыз жылдан асыпты. Уақыт не деген жылдам еді. Біреу алпыс – тал түс дейді. Рас та шығар. Бірақ, оң солына қарап өзіне есеп берген жанға біршама уақыт, қыруар еңбек жемісі. Былайша айтқанда жеңіліс пен жеңістерден тұратын тайталас күндердің нәтижесі. Нұрлан Мұқанұлы жастайынан техникалық ғылымдарға жақын болып өсті. Сол баяғы бала қиял үнемі оны алыстан менмұндалап шақырумен болды.
Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Темірбеков Н.М. университет бітіруші түлектермен (2013 ж.)
Әкесімен ілесіп шойын жол бойына шыққанда: «қара жерді қақ бөліп, көкжиекке батып жоғалып жатқан жолдың барлық ұзындығы қанша екен», «әлде түп-түзу осылай кете беріп, күн астына барып тоқтайды ма екен», «жер шарын құрсаулап шығуға қанша мың тонна шойын жұмсалады екен» деген бала санасындағы мың сан сұрақтар маза бермейтін. Содан болар алтыншы-жетінші сыныптарда сол кездегі станция теміржолшыларының қолдауымен құрылған «Жас теміржолшылар» үйірмесіне қатысты. Үйдің жанындағы үш қабатты ғимаратта орналасқан теміржол қозғалысын автоматтандыру орталығының жұмысына ерекше қызығатын еді. Тіпті теміржолдың түбін түгесемін деп, 1974 жылы жазғы каникул уақытында Алматы қаласы Горький паркі ішіндегі «Балалар теміржолы» деген республикаға танымал комплексте тәжірибеден өтіп қайтқаны бар.
Бәрі сол бала қиялдың, ішкі ізденістің арқасы. Сол арман-қиял жетегінде жүріп сегізінші сыныпқа келгенде математикалық есептеулер құпиясын ашу үшін Республикалық физика-математика мектебіне тапсырған. Топтан озып, 1975 жылы мектепке қабылданды. Алғыр да мақсатшыл жастың техникалық мамандыққа деген құштарлығы бұрынғыдан да арта түсті. Енді математика, физика пәндерін ауыл мектебінен екі-үш есе көп оқитын болды, жауапкершілік пен білім жүгі бірнеше есе ауырлай бастады. Балалықтың бал дәурен ойынымен қоштасып, бозбала енді күн, түн демей оқуға көшті. Көштен қалған жоқ. Қатарластарымен жарыса шапты. Әсіресе біраз атақты математиктердің анасы болған, алғашқы бүкілодақтық олимиадаға қатысушыларды дайындаған, еліміздің еңбек сіңірген қайраткер мұғалімі Күләш Еркінбековна Толымбекова апайы математикаға деген құлшынысын бұрынғыдан да арттырып, қызықтырып алып кетті.
Ол енді іштей біржола математика құпияларын ашып, осы ғылыммен шұғылдануға бел буды, індеп білім құдығын қаза түсті. Жаста жинаған білім қашан да бойға сіңімді келеді ғой. Жақсы дайындығының арқасында Республикалық физика-математика мектебін ойдағыдай тамамдап, 1977 жылы, сол кездегі республикамыздағы жалғыз университет, білімнің қара шаңырағы С.М.Киров атындағы КазМУ-дың механика және қолданбалы математика факультетіне қиындықсыз оқуға түсті. «Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ. Отбасында көрген еңбекқорлыққа, адалдыққа бастайтын тәлім-тәрбие оны адастырған жоқ, табандылығының негізгі арқауы болды. Білімге деген құштарлығы одан сайын артып, алға жылжыды, ынталанды, көздеген мақсатына жетті. Кедергілерден бойына жиған білімінің арқасында сүрінбей өтіп, айқара ашылған білім айдынына шықты.
Небір дүлдүл білім, ғылым майталмандары сабақ беретін ҚазМУ-де, қара шаңырақта белді-белді математиктерден тәлім алды, үйренді, жоғары математиканың құпияларын енді жаңа қырынан тани бастады. Ұстаздары Қ.Қасымов, К.Шойынбеков, Б. Қадыкенов, Е. Катеков, Н. Хисамиев, Н.Махметжанов, М. Ерімбетов, Е. Бидайбеков, С.Бадаевтар тереңдете білім берумен қатар, принципшілдікке, ғылымның нақтылығына баулыды. Талай қиын-қиын сынақтарға тап болды. Бұл жолда ұстаздары да аса аяушылық білдіре қойған жоқ. Амал жоқ бәрін де жеңуге тура келді. Кейін өзі осы ұстаздардың қатарына қосылған кезде барып өте жоғары талап қойған аға буын өкілдерінің қинауларын түсінді. Өзі де сондай талапшыл ұстаз атанды. Университетті ойдағыдай аяқтаған соң еңбек жолын жолдамамен Семейдің ет және сүт технологиялық институтында бастады.
Институттың «Материалдар кедергісі мен механика», «Жоғары математика» кафедраларында 1981 жылдан 1984 жылға дейін ассистент мұғалім болып қызмет істеген жылдары шыңдалу мектебі болды. Жас ассистент үйіп-төгіп берілген тапсырмаларды орындап, теориялық механиканы терең игеріп бұрынғыдан да қанатын қатайта түсті. Математикамен қоса механика саласында жаңа ғылыми бағыттар ашылып, жас ұстаз ғылымның даңғыл жолына біржола бет бұрды. Екі жыл Семейде жұмыс істеп ғылыми тағылымдамадан өту үшін 1984 жылдың желтоқсан айында Алматыға қайтып келді. Ал 1986 жылы КазМУ-дың күндізгі аспирантурасына қабылданды. Қолданбалы талдау кафедрасындағы әлемге белгілі математиктер Ш. Смағұлов, Н.Данаевтың жетекшілігімен есептеуіш математика және есептеуіш аэрогидродинамика саласында ғылыми зерттеулер жүргізді.
Навье-Стокс теңдеулерін табиғи айнымалылар және еркін қисық сызықты координаттарда жуықтап шешу бойынша жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Сызықтық емес Навье-Стокс теңдеулері үшін сызықтық емес мүшелердің айырымдық аналогының қасиеттері туралы лемма және айырымдық схемалардың тұрақтылығы мен жинақтылығы туралы теоремаларды дәлелдеді. Осы тынымсыз ізденіс пен жүйелі зерттеулердің нәтижесінде 1990 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Әлбетте басқа ғылымдарға қарағанда математика мен физика саласында көзделген қысқа уақытта диссертацияны қорғап шығу оңай шаруа емес. Ол әркімнің қолынан келе бермейді де. Ғылыми қызметінің негізгі бағыты – Навье-Стокс теңеулерін сандық шешу мәселелері болғандықтан да ғалым енді осы тақырыптың күрделі де күрмеуі көп жақтарын қарастыруды қолға алды.
Гидродинамика есептерін компьютерлік модельдеудің тиімді алгоритмдерін ұсынды. Өнеркәсіптік қаланың атмосфералық ауасының сапасына ластанудың антропогендік көздерінің әсерін бағалау үшін геоақпараттық жүйе (ГАЖ) құрды. ЖОО-да кредиттік оқыту жүйесін ұйымдастырудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жасап берді. Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша екі монография және 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялады. Төгілген тер, еткен еңбек зая кеткен жоқ. Ғылымдағы жақсы жаңалығымен, мәнді нәтижелерімен 2001 жылы «Күрделі облыстарда гидродинамика есептерін сандық модельдеу» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап шықты. Көп кешікпей профессор атағын да алды. Бірақ ғалым ізденісі тоқтаған емес. Шәкірттерін баулып, ұстаздығын жалғастыра берді.
1986 жыл мен 2002 жыл аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің күндізгі аспирантурасында, кейін докторантурасында оқыды, ассистент, аға оқытушы, доцент, деканының орынбасары болып әйтеуір ғылыммен қатар ұстаздық жұмыстан қол үзбеді. Сабақтарын жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде өткізді, дипломдық жұмыстар мен аспирант диссертацияларына жетекшілік жасады. Оның жетекшілігімен оннан астам кандидаттық және PhD диссертация қорғалды. Қанаты қатайып, өз ортасына білімімен, еңбекқорлығымен таныла бастаған жас маман Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарынан тыс қалған жоқ. Ғылым мен білімді жетік білетін әрі жақсы ұйымдастырушы ретінде 2002-2006 жылдары С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі, кейіннен ғылыми жұмыс, жаңа технологиялар жөніндегі проректоры болып тағайындалды.
Қазағына қарағанда басқа ұлт өкілдері басым шығыста басшылық қызмет істеу, әрине, оңайға соққан жоқ. Бірақ қашан да алға тартқан екпінінен таймайтын Нұрлан Мұқанұлы бұл ортаға да сіңісіп кетті, қыруар жұмыстар атқарды, өңірге өз қолтаңбасын қалдырды. Сол уақыт аралығында жаңа оқу-ғылыми-зерттеу зертханалары құрылды, «математика» және «есептеу техникасын қолдану, математикалық модельдеу және ғылыми зерттеулерде математикалық әдістерді қолдану» мамандықтары бойынша магистратура мен аспирантура ашып, университет әлеуетін нығайтты. Ғылыми жұмыстарына жоғары баға беріліп, 2004-2005 ж.ж. республикалық конкурстың нәтижесі бойынша ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған ҚР БҒМ Мемлекеттік ғылыми стипендиясын иемденді.
2006-2008 жылдарда Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне қызметке ауысып, Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болып жұмыс істеді. Мұнда да ол іскерлік қасиеттерімен танылды. Әріптестерінің ықыласына бөленді. Инженерлік бейіндегі «Іргетас» зертханасын құруға, Ресей ғылым Академиясы, Сібір бөлімшесі «Есептеу технологиялары» институтының ғалымдарымен бірге «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша Қазақстанда алғашқы диссертациялық Кеңестің ашылуына мұрындық болды. Салт-дәстүрімен, өз менталитетімен ерекшеленетін Шығыс Қазақстан ның жоғарғы оқу орындарында он жылдан астам басшылық қызмет атқаруы оны республика көлеміндегі білім, ғылымды ұйымдастырудың майталман шебері ретінде шыңдап шығарды.
2008-2010 жылдары өзінің түлеп ұшқан КазГУ-іне, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қайта оралып, механика-математика факультетінің деканы, университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып қызмет атқарды. Білім айдынындағы үлкен алып кемедей білім қара шаңырағын әлемдік деңгейге көтерілуіне, бұрынғыдан да гүлденіп, жаңаша бағыт-бағдар алуына жан-жақты ғалым өзіндік үлесін қосты. Механика-математика факультеті мен университеттің ғылыми-зерттеу институттарының дамуын жандандырды. Алматы қаласында Түркі тілдес елдердің Бүкіләлемдік математикалық қоғамының III Конгресін ұйымдастырды. Жоғары білім саласындағы сындарлы сындардан өткен майталман білім, ғылым ұйымдастырушысын енді орталық 2010 жылдың қараша айынан бастап Шығыс Қазақстандағы Д.Серікбаев атындағы Мемлекеттік техникалық университетке ректор етіп тағайындады. Осы басшылықта табаны күректей бес жыл тапжылмай қызмет етті. Абырой биігінен көрінді.
Бәрінен де есінен кетпейтін бір сәт ол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстанға келу сапары болатын. Ол кезде Нұрлан Мұқанұлы Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры қызметін атқарып жүрген. Облыс басшылығымен қатар Сенат төрағасы алдында Шығыс Қазақстандағы білім, ғылымның дамуына қатысты және мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалу барысы туралы есеп жасауға тура келген. Осы жолы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Отандық заңнама жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет грамотасын алды. Ол кісінің кішіпейілділігі, етек-жеңі кең, мінезге бай, қара жер қозғалмаса қозғалмайтын сабырлы қалпы мен сырбаз мінезі бәрімізге ерекше ұнады – деп еске алады сол күндерін бүгінде Нұрлан Мұқанұлы.
Айта берсек ректор болған бесжылдықта істелген жұмыс, атқарылған міндеттер шаш етектен. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғылыми-зерттеу қызметінің, тәрбие жұмысының және халықаралық ынтымақтастықтың сапасын арттыруда орасан жұмыстар жүргізілді. Университетте студенттерді көптілді оқыту, студенттер мен ОПҚ академиялық ұтқырлығын белсенді дамыту қолға алынды. Магистратура мен PhD докторантураның жаңа мамандықтары ашылды, 2011 жылы басталған «Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдар мен кеңесшілерді тарту» бағдарламалары табысты іске қосылды. Осы бағдарлама аясында университетке әлемнің 12 елінен 197 профессор келді. 2014 жылы ЖОО аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінде (АРТА) институционалдық аккредиттеуден өтті. 13 білім беру бағдарламасы ASIIN (Германия) халықаралық мамандандырылған аккредитация жасалды.
2014 ж. ШҚМТУ ұлттық рейтингтер қорытындысы бойынша жетекші орынға ие болып, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының қатарына кірді. 2014 жылдың ортасынан бастап университет ГПИИР-2 үшін мамандар даярлау аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде бірыңғай қайта құру бағдарламасын әзірлеу және іске асыру бойынша жобаға қатысты. Осы жоба аясында металлургия, тау-кен ісі, машина жасау білім беру бағдарламалары бойынша университетте маман даярланды. Ол ректор қызметін атқарған жылдары ғылыми гранттардың саны, базалық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың ғылыми зерттеулерінің көлемі айтарлықтай артты. 2009-2013 жылдардағы Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ WEB of Science жарияланымдар саны бойынша Қазақстанның 32 жетекші жоғары оқу орындарының (13.05.2014 ж. 52 мақала) ішінен 12 орынға тұрақтады.
Университет халықаралық ғылыми-білім беру бағдарламаларына, жобалар мен гранттарға белсене қатысты. Бес еуропалық ТЕМПУС және бір Еразмус Мундус жобасы бойынша консорциумдардың мүшесі болды. Нұрлан Мұқанұлы өзі құрыштай болат ортада қайнап шыққандықтан да студент жастардың барлық бастамаларын жан-жақты қолдады. ШҚМТУ студенттік командасы алғаш рет Enactus Kazakhstan конкурсының қатысушылары арасында республикалық чемпионатты жеңіп алып, Мексиканың Канкун қаласында республика намысын қорғады. Семей қаласында облыс ЖОО арасында “Студенттік көктемде” 1 орынға ие болды, жылдар бойы жазғы және қысқы универсиадаларда жүлделі орындарды бермеді. Осы еңбегі үшін ШҚО әкімі Б. Сапарбаевтың «Студенттік жастардың барлық бастамаларын қолдайтын үздік ректор – басшы» дипломымен марапатталды. 2014 жылы «Іргетас» инженерлік бейіндегі зертханасында сәулеленумен материалдарды модификациялаудың автоматтандырылған технологиясына ықпал еткен жоғары дәлдікті позициялы “Kawasaki” фирмасының өнеркәсіптік роботы орнатылды.
2015 жылдың қаңтар айында минералды және техногендік шикізатты реагентсіз қайта өңдеу бойынша жылжымалы мобильді кешен орнатылды. Университеттегі материалдық-техникалық база айтарлықтай жақсарып, бекітілген кестеге сәйкес Өскемен қаласындағы студенттік қалашық маңында студенттер, магистранттар және PhD докторанттарға арналған 500 орындық жатақхана құрылысын аяқтады. Ғылыми кеңес, қамқоршылық кеңес, ректорат және тағы да басқа алқалық органдардың жұмыс істеуі арқылы университетте алғаш рет корпоративтік басқару принципі енгізілді. Осылайша, оқу-тәрбие мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылым жақсарды. 2011 және 2015 жылдары Н.М. Темірбеков Өскемен қаласы және облыс бойынша «Нұр Отан» партиясы штабы төрағасының орынбасары ретінде Президенттік сайлауға атсалысты.
Қазақ көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болады демекші, ректорлық қызметте жүріп, қоғамдық, мемлекеттік масштабта ойлану, қордаланған мәселені байыппен шешуге дағдыланды. Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты және облыстық мәслихаттың бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, “Нұр Отан” партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі болған кездерінде көптеген сұңғыла мемлекет, қоғам қайраткерлерімен дәмдес, аралас-құралас болды. Кейбір қарым-қатынас достыққа ұласты, ал енді бірі ағалық-інілік сыйластыққа айналды. Қазақтың мықты азаматтарының бірі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, бұрынғы Білім және ғылым министрі, Қазақстан-Американ еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетказиев, еліміздің көптеген университеттерінде ректор болған Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Семей университетінің ректоры болған Шәріпбек Әмірбеков, Семей педагогикалық институтының ректоры Мақтағали Бектемесов Шығыс Қазақстанда қоян-қолтық сыйласып жұмыс істеген жандар.
Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, небір майталман шығыстың ұл-қыздарымен, ел ағаларыменен, осындағы оқу орындарының биігінде жүріп, қоян-қолтық араласып кеткен. Шетелден келген аса мәртебелі меймандарды да осы жерде жүріп күтіп алған. Өзі де Жапонияның Акита, Цукуба, Германияның Мюнхен, Қытайдың Синцзянь, Түркияның Малтепе университеттеріне лекция оқып, ғылыми конференцияларға қатысып барып қайтқаны бар. Ірі оқу орындарыменен халықаралық ынтымақтастық орнатып, талай шетелдің оқымыстыларын студенттер алдына алып келуге өзі мұрындық болды. Ол үнемі үлкен қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында жүреді. Қазақстан Республикасының Шығыс өңірі ректорлары кеңесінің төрағасы, «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» Акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің мүшесі, «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық Компаниясы Акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің мүшесі, түркі тілдес елдердің дүниежүзілік математикалық қоғамының басқарма мүшесі, тағы басқа жұмыстар бір бас алдырған емес.
Ол 2016 жылдың ақпан айынан бастап 2018 жылдың қазан айына дейін Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры болып жұмыс істеді. Мұнда да істелген жұмыстарды санамалап айтып шығу мүмкін емес. Ол өзі атқарған көп жұмыстардың ішіндегі ең бастысы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуі аясында 2018 жылы ҚазИТУ студенттері үшін Алматы қаласында 200 орындық жатақхана салынғандығы деп біледі. Өйткені студент үшін, жалпы кім кімге баспана бірінші кезектегі мәселе. Нұрлан Мұқанұлының талай асуларды бағындырып, ғылыми жетістіктерге жетуіне докторлық диссертациясы бойынша ғылыми кеңесшісі, математик ғалым, білім мен ғылымның еліміздегі белді ұйымдастырушыларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, ірі-ірі қоғамдық ұйымдармен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды басқарған, ҚР Білім және ғылым министрі болған, елімізге танымал тұлға, ҚР Парламент Сенатының депутаты, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың сіңірген еңбегі зор.
Ол оны білгір маман ретінде таниды, қолдау көрсетеді. Ұстаз, ғалым Н.Темірбеков 2018 жылдың желтоқсанынан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының вице-президенті. Креативті ойлы басшы ретінде ол: «академияның басты мақсаты ғылым мен тәжірибе арасындағы «көпір» болу, өндіріске ғылыми жетістіктерді әзірлеу мен енгізуге жүйелі жәрдемдесу, елдің ғылыми-технологиялық саясатын қалыптастыру мен іске асыру», -дейді. Білім мен ғылымды дамытуға қосқан көпжылдық үлесі, жемісті қоғамдық-саяси жұмысы үшін ҚР БҒМ марапаттары мен Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. 2014 жылдың шілде айында Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде, жоғары білім берудегі көшбасшылық Қорының (Ұлыбритания) және Калифорния университетінің Беркли жоғары білім беру институтында жоғары оқу орындары басшыларының (топ-менеджерлерінің) біліктілігін арттыру курсынан өтті.
Нұрлан Мұқанұлы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ЖҒТК (жоғары ғылыми-техникалық комиссия) жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы «Қазғарыш» Ұлттық ғарыш агенттігінің ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі болды. Бүгінде алпыстың асқар белесіне шыққан Нұрлан Мұқанұлы ғылымда өзінің дара мектебі бар үлкен ғалым болумен қатар берекелі шаңырақтың иесі. Зайыбы Бақытжан екеуі келін түсірген, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. Бақытжан Болатқызы «Қазақ өнеркәсіпті қайта өңдеу және азықтық ғылыми-зерттеу» институтының ғылыми қызметкері. Үлкені Лаура мен ұлы Алмас математика ғылымдарының PhD докторы, әке жолын қуып жоғарғы оқу орындарында еңбек етіп жүр. Келіні Айгүл Қазақстандағы американдық компанияның белді қызметкері. Кенжелері Маржан Алматы энергетика және байланыс университетінде докторантурада оқиды. Бұйырса ол да үлкендер жүрген соқпаққа түспекші. Былайша айтқанда, құт-береке дарыған ғалымдар отбасы.
Нұрлан Мұқанұлы бүгінде сол өзі бала кезінде көрген бірнеше вагондарды ышқына тартып, зулап бара жатқан қара тепловоз сияқты ғылым мен отбасының ауыр да абыройлы жауапкершілік жүгін артып ап, маңдайының тері, асқақ рухының арқасында алпыстың қырқасынан заулап өтіп барады. Денсаулықпен қатар күш-қуат, ерік-жігер тілейді алыстан қол бұлғап қалған әріптестері мен оны білетін ғалымдар қауымы. Өйткені, өзі өскен шығыс пен батысқа созылып жатқан шойын жолдың бойындай ұзақ ғұмырында алда әлі талай белестер бар. Бергенінен берері көп дер шағындағы ғалымның сайын даланы дүр сілкіндіріп, дүрсілдетіп келе жатқан қара пойыздай талай жолдың апшысын қуырып, биіктерін бағындырары сөзсіз. Тек кедергілері аз, алды жаз болғай…
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламент Сенатының депутаты,
Сансызбай МАДИЕВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты директорының орынбасары