Драмалық шығармаларды оқыту

Сатылова Айғаным Елубаевна
Назарбаев Зияткерлік мектептері, Білім беру бағдарламалары орталығы

Әр жанрдың өзіндік ерекшеліктері, жанрлық табиғаты болады. Драмалық шығарма күнделікті тұрмыстағы әр түрлі құбылыстардан, айрықша оқиғалардың түйісуінен, ерекше характерлердің қақтығысынан туады. Бұл жанрда өмірдің реалистік бейнеленуін көбірек аңғарамыз.  Драматургия – характерлердің қақтығысынан, сезімдердің шайқасынан құралып, диалог мен монолог арқылы болмыстың сан алуан шындығын ашады. «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламасында көркем шығарманың жанрлық ерекшелігін тануға арналған келесі мақсаттар кездеседі: «10.1.2.1 әдеби шығарманың жанрлық табиғатын тану», «11.2.1.1  әдеби шығарманың композициясын жанрлық ерекшеліктерін айқындап, уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау», «11.1.2.1 әдеби шығарманың жанрлық ерекшелігін өзге жанрлармен салыстыра отырып талдау». Драмалық шығармаларды оқытуда оның өзіне тән 7 ерекшелігі барын ескеру қажет.

1-ерекшелік.

Драмалық шығарманың көлеміне шек қойылады. Драматург шындық пен образды шағын көлемге сыйдыруы керек.

11-сыныпта оқытылатын Шахмардан Құсайыновтың «Томирис» драмасын талдасақ,

  • оқиға орны сақ жері.
  • кейіпкерлер саны шектеулі, басты кейіпкерлер – 4, қосалқы кейіпкерлер – 6.

Томирис – Сақ патшайымы

Кир – Парсы көсемі

Балхаш – Томиристің күйеуі

Спаргапис  – Томирис пен Балхаштың ұлы

Мард Кирдің кеңесшісі

Ардашир – сатқын

Елес

Бірінші көсем

Екінші көсем

Жасауыл

  • пьесаның көлемі 20 беттен тұрады (кез келген пьеса жетпіссексен беттен аспауы керек)

2-ерекшелік.

Драмалық шығарма оқиғалар мен тартыстың даму қарқынына, ауқымына қарай актілерге, көріністерге, бөлімдерге бөлінеді.

«Томирис» драмасы: 

  • екі актілі трагедия;
  • 7 көріністен тұрады.

Мысалы:

Б I Р I Н Ш I  АКТ

Бірінші көрініс

Кир патшаның сарайы. Биік тақ. Тақ алдында еденге жайып қойған қалалардың, ғимараттардың макеті. Залға басын қос қолдап қысып Кир келеді. Бетіне алтын маска киген. Соңында көлеңкесіндей сүмеңдеген кеңесшісі Мард.

Екінші акт

Төртінші көрініс

Томиристің шатыры. Елес пен Томирис. Елес шырақ жаққан табаны алақанымен  аластап тұр.

ТОМИРИС: Көк аспан құрбандықты қабыл етті ме?

 

3-ерекшелік.

Драмалық шығармадағы шешуші нәрсе – кейіпкерлер сөзі (реплика). Оқиғаның негізгі даму арнасы диалог пен монологқа негізделеді. Демек, тартыс желісі кейіпкер сөзі арқылы дамиды.

 

Реплика

Диалог

Монолог

КИР: Байлығы жоқ елді қызғыштай қорып қайтесің?

ТОМИРИС: Патшалардын патшасы ұлы Кир, біздің елдің байлығы басқа. Оның басып алуға сен тұрмақ сенің әскеріңнен жүз есе қалың қолдың шамасы жетпейді.

КИР: Ол неткен байлық?

ТОМИРИС: Үш түрлі байлық: әуелгісі шексіз көк аспан, екіншісі – шексіз кең дала, үшінші байлықты саған өзім алып кеп тұрмын.

КИР: Үшінші байлығыңды көрсет.

  Томирис оған қурап қалған жусанды ұсынады.

ТОМИРИС: Елес  те жоқ. Тамырымды кім басар, тағдырымды кім айтар?! /Қолын отқа созып/ О, Тәңірім, айтшы, бүгін кім жеңеді, кім өледі?!. /Көкке телміріп/ Неге үндемейсің?..

 

 

4-ерекшелік.

Драмалық шығармаларда баяндау болмайды. Автор режиссер үшін кейіпкердің қимыл-қозғалысын сипаттап, қай сөзді қалай айту керектігін жақша ішінде (ремарка) көрсеткені болмаса, басқа уақытта сахна сыртында қалады.

МАРД: /тас-керең тыныштықта Томиристің алдына келіп/ Томирис патшайым, бүкіл әлемнің әміршісі саған тілхат жолдап отыр. Тыңдай бер: мен Кир, патшалардың патшасы, төрт құбыланың әмірі, жасын мен найзағайдың иесі Камбиіздің ұлы, қүдайдың оң қолы Ахеменнің ұрпағы, парсы елінің патшасы саған айтарым: иығыңа бақыттың самұрық құсы қонды, маған қатын болуға саған мұрсат беріп отырмын! /шиыршығын Томириске ұсынып/ Мінеки, сенің ұлы даражаңның хатқа түскен куәлігі.

БАЛХАШ: / Кир патшаның  денесін көтеріп/  Ұлы .патшайым, мынау  патшалардың  патшасы ұлы Кир! /өлi денені Томиристің  аяғына суйреп  тастап, өзі де құлаn  түceдi/.

 

5-ерекшелік.

Драманың тілі нақты, қысқа және тұжырымды. Прозада кеңінен суреттелетін шындықты, көріністі драматург бір ауыз сөзбен жеткізеді. Кейіпкердің сөзі арқылы оның мүддесі, сезімі мен  мінезі де танылады.

Оқырман төменде берілген үзіндіден Томиристің ұлы Спаргапистің мінез-құлқын, мүддесін, отбасындағы рөлін анықтап, іс-әрекетіне баға бере алады.

СПАРГАПИС: Мен де таққа  отыруға жарап қалдым.

ТОМИРИС: Тақ деймісің? Тақ сенен қашпас. Әлде сақтардың патшайымы бар екенін ұмытып қалдың ба?!

СПАРГАПИС: Тәңірім саған тәңірдің жасын берсін! Балхаштың сарбаздарын ертіп, сары даланы тастап кеткеніне жеті жыл болды. Егер Балхаш тірі болса, ең құрыса әкесінің асына келсе керек еді ғой. Балхашты содан бері көрген көз, естіген құлақ жоқ. Балхаш баяғыда өлген.

ТОМИРИС: Мен көзім жетпей күйеуімнің өлгеніне сенбеймін! Бұл туралы қайтып аузынды ашпа! Балхаштың кіндігі екенінді тағы ұмытпа!..

 

6-ерекшелік.

Қимылсыз, әрекетсіз, қақтығыссыз драмалық шығарма болмайды. Тартыстың күрделі, шым-шытырық, шымыр шиеленіскен түрі драмалық шығармаға тән. Перде ашыла салысымен адамдардың мүдделері арасындағы қақтығыс, шиеленіскен көріністер, оқиғалар тұтасып, шиыршық тартыс, тайталас көріне бастауы шарт. Сан алуан тартыстар арқылы қаһарманды шайқастарға салып, ауыр сынға түсіреді. Белгілі бір мақсат үшін күрес үстінде кейіпкерлердің мінездері әр түрлі қырынан көрінеді.

Үшінші көрініс

МАРД: Патшалардың патшасы Ұлы Кир, сенің тілегіңді орындамайтын бұл жаһанда тірі жан жоқ. Массақтар патшайымының елшісі есік алдында тұр. Кіргізейін бе, әлде өзім қабылдайын ба?
КИР: Келсін алдыма. Бәрібір ұйқы жоқ.

МАРД: Тізеңді бүк, басыңды ій патшалардың патшасы Ұлы Кирдің алдында!

ТОМИРИС: Қалғып отырған патшаға қара да бас имес! Тік тұрғанымның өзі де артық құрмет!

КИР: /басын көтеріп/ Мынауың қатын ғой!..

ТОМИРИС: Мен Томирис патшайымның елшісімін. Атым Шұғыла, тегім массақ!

 

7-ерекшелік.

Драмалық шығармадағы шындық көркемдік шешімін тек сахнада тауып, образдар да сахнада жасалады. Осы тұста мизансцена ұғымы қарастырылады. Әубәкір Рахимов “Режиссер шеберлігі. Пьесадан қойылымға дейін” деген еңбегінде мизансценаға келесідей анықтама береді: «Кейіпкерлердің тартыс-таласы, жүріс-тұрысы, сезім арпалысы, барлығы да көкейкесті мақсат үшін жасалынуы қажет.  Мизансцена – ойсыз қозғалыс емес, қойылымның жанрлық ерекшеліктерін айғақтайтын астарлы әрекеттер. Режиссердің қолтаңбасы мен үні. Мизансцена эпизодтың, көріністің, актінің айтпағын немесе айтуға тиісті астарларын пластикалық тұрғыдан көрсетуді мақсат етеді. Мизансцена – кейіпкердің ойы мен сезімін жеткізудің көрінісі. Сахналық әрекеттің аса маңызды мәнін бейнелі түрде берудің мүмкіндігі. Барлығы режиссер шешімінің қажеттілігінен бастау алады». Оқушылар бұл ерекшелікті талдауда осы мизансцена ұғымын бірге қарастырады.

 

Қорытындыласақ,  драмалық шығарманы талдауда үш басты нысанға назар аударамыз:

  • тартыс (айқын, терең, шым-шытырық);
  • композиция (жұмыр, тұтас, бірегей);
  • характер (мінездің даралығы, ірілігі).

Алайда трагедияның (қайғырту), комедияның (күлдірту), драманың (толқыту) жеке-жеке өзіне тән жанрлық табиғаты барын да ескерген жөн.

 

Сатылова Айғаным Елубаевна
Назарбаев Зияткерлік мектептері,

Білім беру бағдарламалары орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий