Қырымбек Көшербаев: Пандемияден кейінгі кезеңде қазақ қоғамының алдына шыққан үш мұраттың бірі – білім

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Алматы қаласында болып, шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевпен бірге оңтүстік астанадағы ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген басым міндеттер талқыланды, – деп жазады “АҚОРДА” ресми сайты.

Кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық даму бағыты екенін атап өтті. Алдағы барлық өзгерістер мемлекеттің жұмыс істеу тиімділігін арттыруға, өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге  бағытталған. Қырымбек Көшербаев қазіргідей күрделі кезеңде зиялы қауым дағдарыстық жағдайлардың алдын алуда, халықтың жаңа бірегейлігін қалыптастыруда өзіндік рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті.

– Ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ. Осынау мәртебелі міндет жолында ұлы ақын мұрасына сүйеніп әрекет жасасақ, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сауалдың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы. Біз ақын мұрасына және зиялылар әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін тәуелсіз елдің ағартушылық ұстанымы болуға тиіс. Ұлт болмысын жаңғырту барысында Абайды толғандырған жағымсыз қасиеттерден арылуымыз керек, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Бұл ретте жаңа кезеңнің сын-қатерлерін ескере отырып, бірінші кезекте,  ұлы Абайдың баға жетпес мұрасын қайта зерделеп, зиялы қауымның ұлттың жаңа рухани қасиеттерін қалыптастырудағы миссиясын терең түсіну қажет. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Рухани жаңғыру” бағдарламасын іске асыруда оның мазмұнын байытып, серпін беру керек. Мысалы, халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау және қорғау мәселелерін құқықтық реттеу бойынша ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен тұратын жұмыс тобын құру қажет.

– Пандемияден кейінгі кезеңде қазақ қоғамының алдына еңбек мұраты шығуы тиіс. Бұл – біздің бірінші мұратымыз. Әлемдегі озық мемлекеттердің қай-қайсысы да дамудың биік шыңына тек еңбек арқылы жеткенін естен шығармаған абзал. Сондықтан біз іргелі ел боламыз десек, еңбексіз ешқандай табысқа жете алмайтынымызды есте ұстағанымыз жөн. Екінші мұрат. Әлем жұртшылығын әбігерге салған індет кезінде біз ненің қажет, ненің қажет емес екенін толық түсінген тәріздіміз. Осы орайда қалың елдің алдына денсаулық мұраты шығады. Әр азамат ширақ та сергек болудың барлық амалдарын жасауы керек. Бұл тұрғыда іргедегі Қытай елінің жаппай денсаулық сақтау бағытындағы іс-қимыл, күнделікті жаттығу амалдарынан үйрену артық етпейді. Үшінші мұрат – білім мұраты. Білімді болу үшін көп оқу керек. Осы ретте Қазақстанда кітап культін жасау ісі өте маңызды. Әлемнің озық елдерінде кітап оқу мемлекеттік деңгейдегі мәртебелі міндет саналады. Өкінішке қарай, қазір біздің жастарымыз, әсіресе өскелең ұрпақ тек смартфон парақшаларын қызықтаудан арыға бара алмай отыр. Мұндай уақытты «босқа өлтіру» амалдарынан тезірек арылу керек, – деді еліміздің Мемлекеттік хатшысы.

Дағдарыс кезіндегі  және болашақта ұлттың дамуының негізі ең алдымен отбасы мен отбасылық тәрбие болуы керек. Орта мектептерде отбасылық құндылықтарға бағдарланған арнайы пәндерді енгізуді қарастырудың, жастарды отбасылық тәрбиелеудің жалпыұлттық әдістемесін әзірлеудің уақыты келді. Ашық пікір алмасу жағдайында өткен кездесуде белгілі мәдениет және ғылым қайраткерлері Оразалы Сәбден, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов, Төрегелді Шарманов, Мұрат Жұрынов, Рахман Алшанов, Асанәлі Әшімов және басқа да азаматтар ұлттың рухани жаңаруы туралы өз ұсыныстарымен бөлісті. 

– Президент Жолдауын қайсымыз калай түсіндік?! Біз актерлер сөзден гөрі сөз астарын көбірек байқаймыз. Президент Жолдауында күнде естіп жүрген сөздер болғанмен, түсінген адамға астарында өте терең мәселелер айтылды. Екі сағат телеарна алдында тапжылмай тыңдадық. Ұлылардан цитата келтірген әдемі баяндама болды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының «білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіпкерлік керек» дегені. Кәсіп пен еңбекпен, маңдай термен тапқан байлық – елге тиетін байлық. Коррупциямен келген байлық – бойға сіңбейтін, халыққа еш пайда бермейтін дүние. Күшті болу үшін – бірлік керек. Мұнда да үлкен астар жатыр. Осының барлығы мәдениетке кеп тоқтайды. Көшеден дұрыс өту үшін де мәдениет керек. Жолдауда керең еститін, мылқау түсінетін сөз айтылды. Осы отырған азаматтар ғалымдар, үкіметімізге қолдан келгенше жәрдем берейік. Осы жерде қалып қалмасын, – деді Асанәлі Әшімов. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий