Солтүстік Қазақстан облысы: №2 Тайынша орта мектебі үздік білім беру ұйымы атанып, 34 миллион теңгенің сертификатын иеленді

Қазір біздің өңірде 477 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 8,5 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 336 мектепте дәстүрлі сабақтар штаттық режімде бастау алды. Бұл аймақтағы барлық мектептің жетпіс пайызын құрайды. Сабақ екі ауысыммен ұйымдастырылып, бір сыныпта оқушы саны 15 баладан артық болмауы жан-жақты бақылануда. Бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтінішімен екі мыңнан астам кезекші сыныптар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. 

– Онлайн білім беру үшін ұстаздар мен оқушылар компьютерлермен қамтамасыз етілуде. Өңірде табысы төмен отбасыларға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға он бес мыңға жуық компьютер таратылды, – деді аймақ жетекшісінің қатысуымен онлайн форматта ұйымдастырылған жергілікті педагогтердің “Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері” тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесі барысында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова. Ресми мәліметке жүгінсек үш жылда өңірде білім саласына бөлінген қаржы көлемі ұлғайып, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқын алған. 

– Білім беру – адами ресурстарды дамытудағы басты салалардың бірі. Ол ерекше назар аударуды және қаржыландыруды талап етеді. Өңірдің білім саласы тұрақты әрі жергілікті қаржыландыру болғанда ғана дамиды. Бұл жаңа мектептер салуға, олардың инфрақұрылымын жақсартуға, материалдық базасын нығайтуға, ғылымды дамытуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы. – Өткен жылы облыс орталығындағы “Береке” шағын ауданында жаңа мектеп салынса, биылғы оқу жылында тағы үш оқу ордасы ашылады. Келесі жылы Тайынша ауданында екі мектептің құрылысы басталмақ. Өткен жылы 142 мектеп, биыл тағы 107 нысанда жөндеу жүргізілгендіктен өңірдегі білім ордаларының жартысына жуығы жаңартылды.

Алқалы жиында мұғалімдердің еңбектері атаусыз қалмады. Білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан Шал ақын ауданындағы Кривощеков орта мектебінің математика пәнінің ұстазы Рымжан Баянтаева “Еңбек ардагері” төсбелгісін алса, Есіл ауданындағы Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры, ветеринария пәнінің оқытушысы Бейімбет Бұғасов пен Петропавл қаласындағы №5 орта мектептің директоры Ирина Ельцова “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” атанды. Жиында Сапура Кәленова, Павел Щеголев, Дауылбай Тәшетов “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталды. Бірқатар ұстазға “Мағжан Жұмабаев” төсбелгісі мен Солтүстік Қазақстан облысы білім беру ісінің құрметті қызметкері атағы беріліп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Биыл өңірде білім беру ұйымдары арасында өткен байқау қорытындысы бойынша №2 Тайынша орта мектебі үздік атанып, үздік білім беру ұйымы 34 миллион теңгенің сертификатын иеленді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий