Білімді ұрпақ: Тәуелсіз елдің тұтқасы

Егемен еліміздің келешегі болатын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, білімді, интеллектуалдық деңгейі биік жан-жақты азамат тәрбиелеу – бүгінгі жаһандану заманының талабы. Осыдан төрт ғасыр бұрын Абылайханның «Білектің заманы өтіп, білімнің заманы келді»  деп дабыл қаққан сөздері бүгінгі күні өзектілігін жоғалтпай,  керісінше білімі мен ғылымы мықты дамыған мемлекет қана әлемнің ең қуатты еліне айналатынын дәлелдеп жатудың қажеті болмас.

Қай заманда да білім беру үрдісі, ең алдымен мұғалімнің қызметі, іс-әрекеті, ізденісі, шәкіртке деген мейрімі арқылы жүзеге асады. Ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннің  «Мұғалім –мектептің жүрегі»деген сөзі бүгін де өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Өйткені қазіргі таңда мұғалім «мектептің жүрегі» ғана емес, бүкіл білім  жүйесінің «күрке қантамырына» айналып отыр. Әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістер мен жаңарулар, нарық заманы мұғалімдер қауымына салмақты жауапкершілік жүгін артып отыр. Ұстаздар қауымына жүктелген  жауапкершілікті атқару оңай шаруа емес, мұғалімдік – кез келген адамның қолынан келе бермейтін киелі мамандық.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан білім саласына бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді.  Бұл бағытта Қазақстандық  салалық білім және ғылым қызметкерлерінің  кәсіподағы өзінің ең басты ұстанымы – сала қызметкерлерінің әлеуметтік экономикалық құқығының бұзылмауы  мен педагогтардың қоғам алдындағы мерейінің үстем болуы үшін қажырлы қызмет атқаруда. Саланың кәсіподақ ұйымы өзінің бай дәстүрін жалғастыра отырып, бұл күндері жаңару мен жаңғыру жолында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жүз жылға жуық тарихы бар білім саласының кәсіподағы талай қиын сындардан сүрінбей өтіп, бүгінгі күні Қазақстан кәсіподақтар федерациясының құрамындағы ең ірі қозғаушы күшке айналып отыр. Салалық кәсіподақ сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында іргелі жұмыстар атқаруда.

Бүгінде кәсіподақтар тек демалыс орындарына жолдама беретін ұйым ғана емес, еңбек қатынастары мен әлеуметтік серіктестік мәселелерін көтеруге және оны дер кезінде заң аясында шешуге қабілетті де қуатты ұйым болып қалыптасты. Еліміздің саяси өмірінде жастар саясатына үлкен мән беріліп отыр. Осы орайда білім кәсіподағында жас көшбасшылардың саны жыл сайын артып келетінін атап өткен жөн. Көшбасшылық қасиеттерінің арқасында кәсіподақ мүшелерінің  құқығын қорғауда зор тәжірибе  мектебінен өтіп, қызмет бабымен көтерілуге жол ашылуда. Бұл тұрғыда мен кәсіподақ кадры ретінде “Нұр Отан” партиясының праймеризіне үміткер ретінде қатысып, қоғамда білім саласының мерейінің өсуіне өз үлесімді қоссам деген мақсатым бар. Кәсіподақ ұйымында қоғамда беделді,  өз саласының проблемаларын шешуде үлкен талап қою арқылы зор жауапкершілікті мойнына ала білетін көшбасшы ғана мақсатына жете алады.

Биылғы жылы елімізде қауіпті індеттің таралуына байланысты республика ұстаздары сындарлы кезеңді бастан өткеруде. Көптеген қиындықтарға қарамастан,  сала мамандары өткен тоқсанда бұл сыннан сүрінбей өтті. Міне, енді ерекше форматта жаңа оқу жылы да басталып кетті. Өмір озып, қоғамдық-саяси әлеуметтік қарым-қатынас дамыған сайын ұстаздың қызметі де қиындай береді. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы әлеуметтік әріптесі – Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқару билік өкілдерімен заң аясында бірлесе іс-қимыл атқарып, сала қызметкерлерінің мүддесіне сәйкес жұмысын жалғастыра бермек. Барша білім саласының қызметкерлері – әріптестерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, еңбектеріне табыс, қызметтеріне сәттілік тілеймін!

Әлия Әділханқызы ӘБИЕВА,
Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы”
ҚБ төрағасының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий