Заң үстемдігі орнықпаса әлеуметтік-экономикалық даму табысты жүзеге асырылмайды

Ел Президенті – Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы барша отандастарымызға арнаған биылғы Жолдауынан. Президент өз жолдауында атап өткен еліміздегі күрделі кезең күллі әлем халықтарына тән. Халқымыздың жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күресуі, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін бар күш-жігерін біріктіруі, сын сағатта ынтымағы жарасып, жұдырықтай жұмылуы жанды жадыратады. Дегенмен, бұл қиындық артта қалды дегенді білдірмейді.

Керісінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болжамындағы індетті жеңуге жұмсалатын алдағы екі жылда елдің еңсесі мен хал-ахуалын түсірмей, жүкті біріге көтеріп, қиындықты жеңілдету маңызды. Жолдауда көзделген басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Бұл міндеттердің табысты жүзеге асырылуы, ең алдымен, мемлекет өміріндегі заң саласының дұрыс жұмыс істеуіне тәуелді. Он бір бөлімнен тұратын Жолдаудың VIIІ бөлімі «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» деп аталып, заң саласын реформалауға арналған.

Үкімет пен Парламентке: қылмыстық істер бойынша прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндетін жүктеу; қоғамға және заң қауымдастығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны анағұрлым түсінікті болуы үшін «әкімшілік» және «қылмыстық» құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру; кәсіпкерлерге қатысты кез келген тергеу әрекеттерін тек сот немесе прокурор санкциясы арқылы жүзеге асыру; қорғаушы мен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету және жетілдіру; салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық салаларына баса назар аудару; жұртшылықтың үміткер қандай еңбегі арқылы жұмысқа қаылданғанын білуі үшін, судьялардың қызмет жолының ашықтығын бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен қамтамасыз ету; қос азаматтығы анықталған мемлекеттік қызметшіні немесе квазимемлекеттік мекеме басшысын қызметінен босату; құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту мақсатында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу; сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасының қолданылмауын ескеру; сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру; азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдау секілді бірқатар, қысқа мерзімде орындалуы міндетті тапсырмалар қойылды.

Президент Жолдауында «алға қойылған ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін, тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпы ұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет» делінген. Ендеше, еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты екенін естен шығармаған жөн.

Меруерт Бейсенқызы МҰРАТХАНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің Заң факультеті қылмыстық
құқықтық пәндер кафедрасының доценті,
заң ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий