Мен өз мамандығымның кәсіпқойымын!

Ұстаз болу, бұл әлбетте, менің бала кезден армандаған мамандығым деп айта алмас едім. Алайда, балғын шақтың өзінде бойымда қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік, көмекке келу және ұйымдастырушылық қасиеттер болды. Әрдайым топты жұмылдыруға тырысатынмын. Адам өміріндегі кездесулер кездейсоқ емес деп ойлаймын. Сол себептен, мен, алдыма келген шәкірттерден қандай да бір жаңа, тың заттарды үйренуге тырысамын, көмегім қажет болған жағдайда қол созып, дос болуға, әр кез жанынан табылатын жанашыр болуға ұмтыламын.

Кәсіпқой ұстаздың бойында актерлік шеберлік қасиеттері болуы қажет, ол оптимист, әрі көшбасшы. Ал, жақсы көшбасшы кез келген адамның тілін тауып, бір тілде, бір толқында үндесе алады. Егер де тұйық бала, ешкімге сырын ашпай, маған сырын тарқатса, бұл менің жеке жетістігім деп білемін. Кәсіпқой ұстаздың тағы бір қыры- жан – жақтылық, қызықты, заманауи адам болуыңыз қажет. Ондай адам жұмыстан басқа да өмірдің бар екенін біледі. Отбасына, достарына, өзіне және жеке хоббиына да көңіл бөледі. Тағы бір қағида – ол өмір бойы оқу, ешқашан мен толдым, болдым дей алмассың. Ұстаз заманауи болуы қажет, цифрлы технологиялар дамыған заманда, оның қыр сырын білген абзал. Оқушылардың қандай фильмдер көретінін, қандай әуендер тыңдайтынын, жалпы болып жатқан соңғы жаңалықтардан құлағдар болсаңыз да артықтық етпес.

Оқушыларға қандай да бір талап қоймас бұрын, өзіңіз сол талапқа сай болыңыз. Салауатты өмір салтын үйрету үшін, ең алдымен өзіңіз сол өмір салтын ұстаныңыз. Ұстаз өзіне-өзі сенуі қажет. Бұл кезекте, келесі тәсілдер сіздерге көмекке келері сөзсіз: Аффирмациялар. Жанға жайлы аффирмацияларды күнделікті қайталау барысында қорқынышты басып, өзіне деген сенімділікті арттыруға болады. Қолыңыздан келетін бір жақсы істі тауып, соны ары қарай дамыта беріңіз. Мысалы, қарапайым өмірде тәтті тоқаш пісіру қолыңыздан келсе, достарыңызды қонаққа шақырып, тәтті тоқаштармен бөлісіңіз. Бұл әдетті өміріңіздің басқа салаларында да қолданыңыз. Мақтауларды қабылдап үйреніңіз. Жоқ, бұл, олай емес деп, мақтауды қабылдамай, ұялмаңыз. Жай ғана, “сізге рахмет”, -деп жауап беруді үйреніңіз. Айтып жатқан мақтауларға қарсы келмеңіз, асыра сілтеп жатыр деп ойламаңыз. Орынды мақтау айтуды да, әдетке айналдырыңыз.

Өз-өзіңізге тым қатал болмаңыз. Қолыңыздан келмейтін іс болса, көмек сұраудан жасқанбаңыз. Егер де, қателік кетсе, оны түзетуге ұмтылыңыз, алайда, жегідей жеудің қажеті жоқ. Сіздің орныңызда сіз емес, досыңыз болды деп елестетсек, досыңызға міндетті түрде қолпаштайтын сөздер айтар едіңіз ғой. Тұла бойыңыздағы жағымды қасиеттердің тізімін жасап, сол тізімді үнемі көз алдыңызда ұстаңыз.

Менің шекарам

 Болады

Мысалы:  менімен жылы сөйлесуге болады

 

Ешқашан болмайды

Мысалы: Маған өзге адамдар дауысын көтеріп, зекіп сөйлеуге құқылы емес

Маған ұнайды

Мысалы: Кітап оқу

Маған ұнамайды

Мысалы:

Қаламаған ортада болу ұнамайды

Кез келген мамандықта жайсыздықпен кездесеміз. Ұстаздың өмірінде де жайсыздық жетіп артылады. Сіздермен көңіл күйім болмаған жағдайда пайдаланылатын кейбір әдіс-тәсілдермен бөліссем деймін: Бірінші әдіс. Ойыңызды басқа затқа немесе құбылысқа аударыңыз. Тұрған бөлмеңізде сегіз жасыл түсті зат іздеп табыңыз немесе қызыл шарлар бар ма екен? Әлде өнер туындылары қабырғада ілінген бе? Не болмаса далаға шығыңыз. Ауа райы неғұрлым салқын болса, ашуыңыз соғұрлым тезірек басылады. Екінші әдіс. Жаяу жүріңіз. Асықпай жаяу жүруге тырысыңыз. Жаяу жүрген уақытта жүрек-қан тамырларының жұмысы жақсарады, сол себептен миыңызға оттегі жетіп, көңіл-күйіңіз орнығады.

Үшінші әдіс.  Автоматты түрде орындалған біркелкі қозғалыстар не болмаса қайталанатын өлең шумақтары бар, әуенді айту, ақырын ғана үстелді саусақтармен тарсылдату. Төртінші әдіс. Саусақтардың ұштарын жұмыс істету. Мысалы, кітап сататын дүкенде, сөрелерде тұрған кітаптарды алып, оларды қайта орнына қою жүйке жүйесін тыныштандырады. Тоқыма тоқу, тігу немесе желімдеу, тіпті болмаса күріш немесе ұсақ моншақтар салынған қорапқа салып, ары-бері араластыру. Бесінші әдіс. Құлақты уқалау. Құлағынызды ақырын ғана уқалаңыз, бұл да тынышталуға көмектеседі. Алайда бұл әрекеттерді уақытылы доғармасаңыз, маужырап, ұйқыңыз келіп кетеді.

Алтыншы әдіс. Дұрыс тыныстау. Демді бүкіл кеудеңізбен алып, алтыға дейін санау. Терең тыныс алыңыз. Далаға шығып, тыныстап келсеңіз де болады. Кез-келген нәрсе адам қалауымен бола бермейді. Сіз басқара алмайтын көптеген жағдайлар болады, оларды ойлап қынжыла бермеңіз. Келесідей тізім жасауыңызға болады: бір бағанда сізге қатысты әрекеттер, екінші бағанда ауа райы және де басқа адамдардың әрекеттері. Қолыңыздан келгеннің барлығын жасасаңыз, қалғанын уақытқа тапсырыңыз. Өзіңізге келесідей сұрақтар қойыңыз: Егер бұл әрекеттер орындалған жағдайда менің көңіл күйім ертен қандай болады?

Келесі аптада қандай болады? Ал, бір айдан сон ше? Он жыл өте келе бұл әрекеттердің менің өміріме деген маңызы мен әсері қандай болады? Соңғы 7-8 жыл көлемінде өз тәжірибемді зерттеп келемін. Осал тұстарына тоқталып, алдыма жаңа мақсаттар қоюдамын. «Ұстаз болу, жүректің батылдығы…» демекші, батыл мінез өте қажет. Жаңа оқу жылы табысты болсын, құрметті әріптестер!

Ақлима Мэлсқызы СЕКСЕНБАЕВА,
педагог-ұйымдастырушы-куратор,
физика-математика бағытындағы
Назарбаев зияткерлік мектебі, Семей
қаласы, Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий